27 наурыз – Халықаралық театр күні. Халықаралық деңгейде атап өтілетін театр күніне орай Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында Антон Павлович Чеховтың «Шағала» спектаклі сахналанады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін әлем бойынша театр күні тойланады. Үрдіс бойынша театр күні Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында жыл сайын атап өтіледі.
- Абай атамыз «Жан мен тән малда да бар» - дейді. Ал адамзатта рух болады. Рухтың қалауы – руханият деп есептесек, оның қайнар көзі – қара шаңырақ театр. Біз өзімізді сол руханиятқа қызмет етеміз деп есептейміз. Қазақ бар жерде қазақтың театры жасай береді, - дейді Н.Жантөрин театры директорының орынбасары, театр әртісі Тоқтамұрат Тілеу.
Бүгін Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында Антон Павлович Чеховтың «Шағала» атты спектаклі сахналанады.
- 21 жыл бойы бізбен бірге келе жатқан, біздің әр шығармамызды, әр әртістің образын бағалап келе жатқан патша пейілді, ақ ниетті, адал барша көрермендерімізге алғыс білдіремін. Содан кейін үзеңгілес, өнердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген әріптестерімізге шын жүректен рақмет айтамын. Мереке құтты болсын! Тәуелсіздіктің нығаюына, ұлттың рухани баюына біздің театрдың қосар үлесі зор деп біліп, бек сенемін.
Театр күні неге қазақ шығармасына қатысты қойылым қоймадыңыздар дейтін болсаңыз, өнерде шекара жоқ. Халықаралық театр күні болғандықтан биылғы жаңа премьерамыз Антон Чеховтың осы қойылымы, - дейді театр әртісі Тоқтамұрат Тілеу.