Ақтаудағы "Достық" үйінің шағын кинозалында "Сені маған тарту етті" («Мне тебя обещали») фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Eurasia film production компаниясы түсірген туынды 18 қаңтарда кинопрокатқа шығады.
Маңғыстауда өмірде болған оқиғаны кино картинасына тиек еткен режиссер Гүлнар Сәрсенова бұл фильмді бастапқыда Қапшағайда, Шарын шатқалында түсіруді көздеген. Кейін ақылдаса келе киноны Маңғыстау облысында түсіру туралы шешім қабылданады.
Басты рөлдегі Таираны сомдаған Толғанай Талғат, Мариусты литвалық Нериюс Манкус, Таираның аңғал ағасы Саматты Қуандық Қыстықбаев әсерлі сомдаған. Фильмдегі сюжеттің барлығы негізінен осы үш кейіпкердің арасында өрбиді. Түпқараған ауданындағы Көгілдір қойнау фильм оқиғасы үшін таңдалған сәтті локация болғаны сөзсіз. Ал Шерқаладағы көрініс, Шақпақ атадағы жартастар фильмнің жұмбағын одан әрі тереңдете түскендей әсер қалдырды. Сондай-ақ, Маңғыстау театр өнерінің саңлақтары да эпизодтық рөлдерін шеберлікпен сомдаған. Олардың бірі - ҰҚК тергеушісі болған Медғат Қасымов.
2010 жылдары Маңғыстауда түрмеден қашқан діни жат ағымның жетегінде кеткен жастардың Шетпенің арғы жағында ылаң салғаны фильмнің негізгі тақырыбына арқау болған. Сюжеттің басында Шерқалада «В ожидании моря» киносы түсіріліп жатады. Сол сәтте түсірілім алаңында орыстың «буханка» деген лақап атқа ие «Уаз» көлігі лаңкестікке бет бұрған жастарды тиеп жетіп келеді. Олардың соңына түскен арнайы жасақтың жауынгерлері әсте аямайды.
Алайда түсірілім алаңында басты рөлдегі жігіт оққа ұшып, сценарий бойынша кино ішіндегі кино жайына қалады. Ал басты рөлді сомдаған Таира тергеуге тартылып, арнайы жасақтан бой тасалаған қос лаңкеске қатысты қысқа сұраққа жауап беруіне тура келеді. Қатты күйзеліске түскен актриса Айрақтыдағы түсірілім алаңын тастап, Каспий жағалауындағы ағасының Көгілдір қойнау демалыс базасына келеді. Бар шытырман оқиға осы жерден бастау алады...
Бір сағат 49 минутқа созылған фильмді ақтаулық мәдениет қайраткерлері тапжылмай отырып тамашалады. Көрсетілімнен кейін басты рөлдегі Толғанай Талғат өзінің пікірімен бөлісті.
- Фильм барысында үш ай бойы түсірілім жұмыстары болды. Алғаш рет сіздермен бірге экраннан көріп отырмын. Өте қатты қобалжыдым. Сыннан қорықтым. Бұл менің мамандығым. Ал сахнадағы рөлдер әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан белді бекем будым. Бұл киноның сюжеті негізінен шынайы оқиғаға негізделген. Сол себепті барымызды салып ойнадық. Алайда түсірілім алаңында ауыртпашылықтар болды. Әрине, бұл жерде менің образым ойдан шығарылған. Ал түсірілім барысында ұлттық бейненің үзінділері сол сахнада көрініс тапты. Маған осындай мінезді қыздың рөлін сомдау қатты ұнады, - деді басты рөлдегі Толғанай Талғат.
Продюсерлердің бірі Данияр Айса фильмді Маңғыстауда түсіруге үндегенін айтып өтті.
- Түсірілім барысында бір жыл бойы продюсердің бірі болдым. Фильм негізінен Түпқараған, Маңғыстау аудандарының аумағында түсірілді. Фильм барысында көптеген локацияларда өңірдің көрнекі жерлері пайдаланылды. Біздің жоспарымыз толығымен орындалды», - деді проюсер Данияр Айса.