©
Ақтауда өтіп жатқан дәстүрлі «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің аясында облыстық айтыс өз жанкүйерлерімен қауышты. «Достық» облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығында өткен сөз сайысында аудан- қалалардан келген 11 ақын қара өлеңнен қамшы өріп, бақ сынасты. Ақындар Қазақ хандығының 550 жылдық тарихына бойлап, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын жырларына тақырып етті.
Айтысқа облыстың 2 қаласы мен 5 ауданынан келген 11 ақын қатысты. Жас та болса, қазақтың қара домбырасын серік етіп, жырдан жақұт іздеген сөз шеберлері айтыс өнерінің мәртебесін көтеріп, шеберліктерін танытты. Елдің бүгінгі әлеуметтік жағдайын айтып, халықтың атынан сөз айтты. Теңге құнының төмендегеніне қиналып, нарық бағасының шарықтағанына налыды. Әсіресе, бейнеулік Райымбек Түзелов, жаңаөзендіктер Арғынбек Қалбаев, Абай Жолмағамбетов, түпқарағандық Алтынбек Сүйінбекұлы сынды жас ақындардың өнеріне көрермен қошеметпен қол соқты. Аймағымыздың ауылдарынан келген жас дарындар қазақ төл өнеріне зор сүйіспеншілікпен қарап, хас айтысты дамытуға үлес қосуда деуге болады. Әсіресе, жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев пен Райымбек Түзеловтің аға-інілік әзіл-қалжыңдары өлең жолдарымен үйлесім таба білді. Райымбек «Төл теңгеміз бәрінен қымбат маған, төл перзенті секілді қазағымның» немесе «Тербеліп айдынында толқын жырдың, айтыстың майданында жортып жүрмін» десе, Арғынбек «Адамның болу керек мамандығы, маманның болу керек адамдығы» деп көпшілік көңілінен шықты. Қанды қыздырып, жанды рухани байытқан айтыстың қорытындысында Түпқараған ауданынан келген Алтынбек Сүйінбекұлы ақындық асқақтығымен асып, облыстық айтыстың жеңімпазы атанды. ІІ орынға жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев ие болса, ІІІ орыннан бейнеулік Райымбек Түзелов пен Абай Жолмағамбетов көрінді.
– Бұл жолғы айтыс та көрермен көңілінен шықты деуге болады. Жақсы дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Маңғыстау жұлдыздары» бүгінде көпшіліктің көзайымына айналды деуге болады. Биылғы сайысқа аудандар мен қалалар ұжымдары зор дайындықпен, ыстық ықыласпен келгені қуантады,-дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Б.Базарбаев.
Маңғыстау өнерінің жұлдыздарын анықтаған драмалық қойылымдар сайысының қорытындысымен, көпшілік назарына «Жаралы гүлдер» атты қойылым ұсынған Түпқараған ауданының ұжымы бас жүлдеге ие болды. І орынды «А зори здесь тихие» атты шығарма қойған Ақтау қаласының ұжымы иеленсе, ІІ орынға маңғыстаулық батыр Исатай Сүйеубаевтың соғыстағы ерен ерлігі баяндалатын «Қаһарман» спектаклін сахналаған Маңғыстау ауданының өнерпаздары лайық танылды.
Ал, аудан-қалалардан келген көркемөнерпаздардың концерті М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония залында өтіп жатыр.
Анар ШАМШАДИНОВА