Маңғыстаудың төл перзенті, «Парасат» қоғамдық ұйымының негізін салған қоғам қайраткері Сайын Шапағатовтың туғанына биыл 75 жыл толып отыр.
Туған жерін көркейту жолында тер төгіп, ертеңі үшін еңбек еткен асыл азаматты еске алу кеші Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында болып өтті. Көзкөргендер мен замандастар, әкімдік өкілдері мен іні-қарындастары Сайын Нәдірұлының азаматтық келбеті мен қайраткерлік тұлғасы жайында естеліктермен бөлісіп, жылы лебіздер
Көзі тірісінде қоғам үшін қызмет етіп, Маңғыстаудың ғана емес, күллі қазақтың жоғын жоқтап, мұңына малынып, болашағын ойлаған Сайын Шапағатов 1940 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Форт-Шевченко ауданына қарасты Тельман ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Ақкетікте мектеп табалдырығын аттаған ол орта білім ордасын Гурьевте бітіреді. Алғыр да озат оқушы Алматы қаласында жоғары оқу орнына түседі. Білімділігімен, жігерлілігімен көзге түскен жас Сайын тың игеру жұмыстарына да белсенді араласады. Қолына дипломын алған маңғыстаулық жігіт туған жерге оралып, еңбек майданындағы жолын бастап кетеді. Бірқатар жауапты қызметтерді атқара жүріп, ел ішінде әлеуметтік және идеологиялық мәселелердің қордаланып қалғанын көреді. Туған жер түтінінің түзу шығуы үшін батыл бетбұрыстың қажеттілігін түсініп, бұлқынған рухты қозғап, көпшілікті оятуға талап қылады. Ізденістер мен талмас еңбектің нәтижесінде ұйқыдағы халықтың көзін ашып, парасат- пайымын қалыптастыруды мақсат еткен «Парасат» қоғамының негізі 1989 жылы 1 шілдеде құрылады.
– Тәуелсіздік таңы қылаң беріп келе жатқанда салт-дәстүріміз бен елдігімізді насихаттаған аяулы жан осы Сайын Шапағатов еді. Тәуелсіздік үшін тер төккен асыл азаматтың еңбегін насихаттап, атын есте қалдыру үшін жұмыстар жүргізілуде. Өзінің туған ауылы Сайын үлкен елдімекенге айналып, халыққа құтты қоныс болып отыр. Бүгінде қасиетті топырақтан нәр алған Сайын Нәдірұлының соңынан ерген ұрпақтары мен ізбасарлары елге қызмет етіп жүр,-деді Ақтау қаласының әкімі С.Тұрымов.
Өліара кезеңде демократиялық шөлдеуді бастан кешірген халық «Парасатқа» көп жиналды. Республикадағы тұңғыш қуатты қоғам ретінде танылып, өз атын сақтай отырып «Азат» партиясының Маңғыстаудағы бөлімшесі болды.
– Сайын – білімді, өжет, өткір ойлы және адамдармен тіл табысқыш, кішіпейіл адам болатын. Қазақстан тәуелсіздігі алдында ел ішіндегі қыруар шаруаға араласып, үлкен қайраткер, абзал тұлға ретінде көзге түсті. Мен Сайын Нәдірұлымен Жаңаөзен қалалық партия комитетінде жұмыстас болдым, үзеңгілесе еңбек еттік. Ол кез келген мәселеге білек сыбана кірісіп кететін. Билікке өз пікірін батыл білдіріп, көзқарасын ашық айтатын. Дін, діл мәселелеріне де өткір араласа білді. Сондықтан да халқы оның соңынан ерді, оған сенді. Дамудың даңғыл жолына түскен бүгінгі Қазақстанның келбетіне қарап, онда Сайын Шапағатовтың да үлесі бар деп айта аламын,-деді ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы, академик Ө.Озғанбаев. Өз заманының қайсар ұлы Сайын Нәдірұлы «Парасат» қоғамының үлкен саяси-демократиялық күшке айналуына бар қайрат-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсап бақты.
– Сайын ағамен өмір жолдарында біраз дәмдес болдым. Ол – өте білімді саясаткер, жауапкершілігі мол басшы, адамгершілігі зор азамат болатын. Ұйымшылдық пен ұлтжандылық қасиеттер де сол кісінің бойынан табылатын. Мен білетін Сайын Шапағатов – Маңғыстаудың ғана емес, Алаштың мақтанышы. Ол – қоғам қайраткері, ол – ағартушы ұстаз, ол – Отаншыл, ол – кешірімділік мектебінің негізін салған әділетті жан,-деді ақтөбелік дәрігер-онколог, «Құрмет» орденінің иегері І.Көбенов.
– Сайын Шапағатов – тұла бойына аса жоғары дәрежедегі қайраткерлік пен интеллектуалдықты, қазақ өнерін жинаған жан еді. Сол әлеуетін халқы үшін жарата білді. Мен үшін Сайын Шапағатов қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Әлихан Бөкейхановтың бейнесі сияқты елестеп тұрады. Сайын аға басқарған «Парасат» өз кезеңінде елдік, ұлттық мәселелерді батыл қозғап, билікпен иін тіресе қызмет етті,- деп естеліктерімен бөлісті Қазақстанның құрметті журналисі М.Қибасов.
90 жылдардың қиын-қыстау шақтарында ел егемендігі жолында аянбаған «Парасат» қоғамы халықтың қыруар шаруасына араласты. 1991 жылы Маңғыстау облысының қайта құрылу салтанатына арнайы келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Парасаттың» жұмысына жоғары баға беріп, облыс басшылығына аймақтық деңгейдегі мәселелерді бірлесіп шешуді тапсырды.
– Сайын Шапағатов – ұлтының арман- мүддесі үшін тер төкті. Қасиетті Маңғыстау даласының құрсағынан шыққан ұл қоғамдағы қарама-қайшылықтармен күресті. Ол – ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, күрескер! Кемел топырақтың кемеңгер ұлының өмірі мен еңбек жолын толыққанды зерттейтін кез келді. Яғни Сайынтануды қолға алу керек деп санаймын,-деді ақын, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері С.Адай.
Осылайша, тірісінде туған жерін көркейтіп, жұртының жағдайын жасауға ұмтылған Сайын Шапағатовқа биыл 75 жыл. Елі, туған жері үшін жанкешті өмір сүріп, өзін ойламаған халқының ардақты ұлы асыл арман болған тәуелсіздіктің ақ таңын көре алмай 1991 жылы 1 желтоқсанда небәрі 51 жасында дүниеден озды. Олай болса, көрнекті қоғам қайраткері, ұлтының патриоты Сайын Шапағатовтың тағылымын тану – бүгінгі ұрпаққа сын, болашаққа мұрат болмақ.
Анар ШАМШАДИНОВА