Көшеде кішкентай ұлын жетектеп бара жатқан ерлі-зайыптыларға қадала қараған қаңғыбас тұр. Таяғына әрең сүйеніп, қалт-құлт еткен оның нұры өшкен мұңды жанарынан мен осыны оқыдым.
Мен де бір кез адам едім білімді, Адал іспен көретінмін күнімді. Бірақ бүгін «мен адаммын» дейтіндер Естімейді жүректегі үнімді. Дәрігер ед мамандығым, сенсеңіз, Маған қарап түспесінші еңсеңіз. Жанды қысқан запыранды ақтарам, Қаңғыбасқа біраз уақыт бөлсеңіз. Жар еткенмін қаланың бір сұлуын, Сезініп ем отбасының жылуын. Байқамаппын, бір күндері болғанда Өмірімнің кері қарай бұруын. Жас әкемін, көңілім де жаз еді, Шыным бірақ, жалақымыз аз еді. Парасыз-ақ шипа тапқан науқастар Менің адал еңбегіме мәз еді. Бұл адалдық ұнамады жарыма, Қанағат қып жүре алмады барыма. Күнде жанжал, «пара ал», деп қинайды, Талай сөзі тиіп жүрді жаныма. Жаралғаннан қиянатқа бармайтын, Науқастардан бір тиын да алмайтын «Артта қалған, надан» сорлы мен болдым, Сырқат жанын саудаға бір салмайтын. Ауруына шипа іздеп келгеннен, Ақша сұрап алар болсам емге мен, Қалай айтам «арым таза болды» деп, Жасым келіп қартайғанда елге мен? Сүйген жарым мені ұғатын болмады, «Ез» болды деп, көңлі маған толмады. Дос-жаран мен ағайындар алдында, Намысыма тиіп талай қорлады. «Қазір ешкім емдемейді парасыз, Жаны үшін беред адам шарасыз», Құлаққа ілмей айтылған бұл «ақылды». Расында да болғаным ба санасыз... Жан азабын ұмытып та көрмекке, Бірте-бірте сағым ауды шөлмекке. «Алқаш» деген жаңа атқа ие боп, Талай белді буып едім өлмекке. Сөйтіп менен табыскерлік шықпады, Айналамда ешкім мені ұқпады. Бүйтіп өмір сүргенімше, я, Құдай, Бұл қара жер неге мені жұтпады?.. Осылайша өкініппін, налыппын, Аз айлықпен қалайша мен жарыппын? Күнде әйел үйден қуып жүргенде Отбасымнан түгел айрылып қалыппын. Жағаладым ағайын, дос, туысты, Ұмытыппын құлай сүйген жұмысты. Енді менің қадірім болмай ешкімге, Пана қылдым кез келген бір қуысты. Содан бері мен бір бейбақ қасқамын, Қаңғыбастық тірлігімді бастадым. Менің көрген күндерімді, о, Алла, Маңдайына жаза көрме басқаның. Үсті-басын балшықтайын кір басқан, Өңкей «бичпіз» түсінісіп-мұңдасқан. Жас бала да, кемпір мен шал аралас, Кім бар біздің жайды сұрап, сырласқан... Қоқыс теріп жүргенге де көнеміз, Кешке келіп табысымызды бөлеміз. Сыз өте ме, ауырып, не соққыдан Кезекпенен күнде біріміз өлеміз. Маған-дағы жаман ауру білінді, Сырқыратып үзіп барад жұлынды. Бірақ дерттен жаман екен сағынған Енді көрмес «папалаған» ұлыңды. Балапаным, менің жалғыз арманым, Көз алдымда шырылдап үйде қалғаның. Сағына бер, көрме бірақ сиқымды, Адал болғай сенің сүйіп алғаның. Өз қанымнан жаратылған балам ең, Былғанбасын адал арың парамен. Әкең құсап жаншылмағай жігерің, Достаспағын өтірікпен, жаламен. Билеп алған арақ менің бойымды, Айтқызбады айтсам деген ойымды. Өшіп барад бір кездегі тәтті үміт, Көрсем деген сенің қызық-тойыңды...Валентина ҚОЗЫБАҚОВА