©
Ұстазы әрі сүйікті әншісі – Айгүл Қосанова, Ақмарал Ерімбетова
Аспабы –домбыра, жетіген.
Күні кеше аталып өткен жастар күні қаншама дарынды да талапты, талантты жастардың жанымызда жүргенін бір сәтке еске салғандай болды. Спорт, өнер,әдебиет пен мәдениетте жанған оттай лаулап тұрған жалынды жастарымыз көп-ақ. Солардың бірі - аядай ауданнан арман арқалап Алматы аттанған Әйгерім Құлжарасова. Әйгерім бес жасында эстрадалық әндермен танылғанымен оның дауысының құдіреті дәстүрлі әнге қарай жетелей түсті.
Ақтау қаласындағы Маңғыстау өнер колледжінің 2010-2014 жылдар аралығында «Халық әні» факультетін бітірген. Әйгерім бүгінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосановадан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3 курсында «дәстүрлі ән» факультетінде оқып, дәріс алып жүр. 2014 жылдан сол консерваторияда талантын біліммен ұштаған ұшқынын байқаған Айгүл Қосановамен Әйгерімді жиі теледидарға өзімен ертіп жүріп, концерттерге бірге алып баратынын байқап жүрміз. Жазғы демалысқа оралған жалынды жасты редакциямызға сұқбатқа шақырған едік. Бірнеше аудандық, облыстық, республиалық байқаулар жүлдегері. «VII Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінде дәстүрлі ән номинациясы бойынша 2 орын, Нұрым Шыршығыұлұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы, Қайып Қорабайұлы шығрамаларына арналған «Маңғыстау саздары» облыстық дәстүрлі саз конкурсында «Дәстүрлі әншілер» номинациясы бойынша 2 орын, Ақтау қаласының 50 жылдығы аясында өткізілген ХI қалалық фальклорлық «Інжу маржан» байқауында I орын иеленген. ҚР Білім және Ғылым Министрлігі, Алматы қаласында 19 наурызда өткен республикалық кіші олимпиядада «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша 3 орын. 2013 жылы 20-24 наурызда Алматы қаласында өткен ХХХIV республикалық орындаушылар байқауында «Домбырамен халық әндерін орындау» номинациясы бойынша III орын.ҚР еңбек сіңірген артисі, Құрмет орденінің иегері Мекес Төрешов атындағы «Көрінген сондайдан нарын еді» атты екінші әнші-термешілер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін III орын. IХ Ұлттық Жастар Дельфийлік ойынында дипломмен марапталды.VIII облыстық жастар Дельфийлік ойынындары «Дәстүрлі ән салу» номинациясы I орын иеленсе биыл өткен ҚР Білім және Ғылым Министрлігі, Алматы қаласында өткен республикалық үлкен олимпиадада II орынға иеленді.
https://youtu.be/dGCgjx7iTsMЕрбол Акпановтың youtube каналынан алынды
- Ән өнеріне келуің, оның ішінде дәстрлі ән өнерін екінің бірі, өзің сиықты жастар таңдай бермейді ғой?
- Мен 5 жасымнан бастап ән айта бастадым. Ол кезде Ақтау қаласында тұратынбыз. Ата-анамның жұмыс бабымен 5 сыныпта оқып жүргенде Форт-Шевченко қаласына қоныс аударған болатынбыз. Алдымен сол Ақтау қаласында сахнаға шығып, эстрадалық әндерді айтумен бастағам. Фортқа қоныс аударғаннан кейін Рымкеш Жақыпбекова ән сабағының ұстазы мені түрлі байқауларға дайындап, өнерімді өрлетуге көметкесті. Ол кісі оркестр мен де, жеке де халық әндерді айтуға бейімдеді. Жоғарыда айтып өткенмідей, Ақтау қаласында да менімен мықты ұстаздар жұмыс жасады. Алғаш эстрадаға тәрбиелеген Ақсұлу Құдабаева апамыздың да еңбегі зор. Кейін тек эстрада деп шектеліп қалмай опера, классика жанрында да әндерді сахнада орындап жүрдім. 9 сыныпты бітіргеннен кейін ата-анаммен ақылдаса келе, Ақтау қаласындағы өнер колледжіне түсуге бел будым. Бұрын соңды аспапта ойнап білмек түгілі домбыраны қолыма ұстамаған мен сол колледждің «күй» факультетіне түстім. Ең бірінші 15 жасымда қолыма домбыраны ұстадым. Сол жердегі Ғазиза Ұзақбаева деген апайым мені домбырға баулып, 1 жыл бойы менің қара домыраны үйренуіме көп көмегін тигізді. Негізінде ниет болса, адам алмайтын асу жоқ. Қатарластарым ән орындап, күй тартып отырғанда мен домбыраны шертіп, қағыс қағып отыратынмын. Алайда, өнерге деген сүйіспеншілік мені сол домбыраны тез меңгеруге көмектесті. 2 курстан бастап «дәстүрлі ән» факультетіне ауыстым. Осы тұста Ақмарал Ерімбетова, Сәбит Шектібаев деген ұстаздарымыз білім берді. Сол кісілерден дәстүрлі әннің батыс өнерін үйрендім.Сол жерден 4 курсты бітіріп, бүгінде Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консреваториясының 3 курс студентімін. 2014 жылдан бастап«Дәстүрлі ән» факультетінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосановадан дәріс алып оқып жатырмын.
- Соңғы кезде ұстазың Айгүл Қосановамен жиі теледидардағы хабарлардан көреміз, саған сенім артады білемін...
- Біздің ұстазымыз ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова. Елімізге белгілі әншімен бізге бір жүруден бұрын, ол кісіден тәлім алу үлкен мәртебе. Ұстазымыздың шәкірттері өте көп. Батыс өңірінде, Ақтөбе, Орал, Маңғыстауда шәкірттері қызмет етуде. Бүгінгі таңда Алматыда 10 шәкірті бар. Сонымен қатар, ұстазымыз үнемі өзімен бірге бізді бөліп жармай, концерт, шақырған жерлерге алып жүріп, бізді таныстыруға тырысады. Өзінің ғана қатысатын концерті емес, өзге концерттерде де біздің көрінуіміз, танылуымызды мақсат етеді.Өткен жолы Маңғыстауға да концретпен келіп, бізді де алып келіп сахнадан көрінуімізге ықпал етті. Айгүл Қосановамен жүріп, бірнеше хабарларға түсіп те үлгердік. Ұстаз бен шәкірт бір жүрген жерде екеуіне де сауал жолданып, ән орындау сұралып жатады. Менің сол ұстазым мен халық көңілінен шықсам содан асқан арман жоқ деп есептеймін. Ол кісі әнді біздің мүмкіндігімзге қарай тапсырып отырады. Дауыс мәнеріміз бен дикциямыз, өлеңді жеткізудегі мінез бен стиль бәрін ескеріп, көңіл бөліп отырады.
- Қандай жаңалығыңмен қуантасың? Соңғы кезде немен шұғылданып жүрсің?
- Ұстазым Айгүл Қосанова республикалық байқауға дайындау үстінде. Алда Мұхит атамыз бен, Жеті қайқының байқаулары болады. Соған үлкен үміт зор сеніммен бізді бәйгеге қосуға дайындап жатыр. Сонымен қатар, қазір бір ғана өнермен таң қалдыру мүмкін емес. Өнер деген шексіз әлем ғой. Менде сол бір ғана домбыраны үйрендім екен деп, шектеліп қалмай, мәдениет пен өнердің ордасында жүріп уақытыммен мен мүмкіндікті пайдалануды мақсат етіп, «Жетіген» аспабын үйренуді қолға алдым. Сатып алуды да армандап жүрмін. Дәстүрлі ән болғасын, дәстүрлі әнді тек ұлттық асппапен ғана әрлей аламыз. Ол әрине, соңғы кезде көбінің қызығушылығын оятып жүрген осы жетіген аспабы.
Бірінші эстрада арқылы өнерге келгенімді айттым ғой, сол эстраданы да қайта қолға алып жатырмын. Ұзақ уақыт4-5 жылдай дәстүрлі өнерді қолға алып жүргесін, екеуін араластырмайын деп шешкем. Енді эстраданы ұзақ үзілістен соң қолға лып жатқан жайым бар. Менің ойымша дәстүрлі әнші эстрада әншісі бола алады да, эстарда әншісінің дәстүрлі әнге келуі қиындау сияқты. Мен сол Айгүл ұстазым сияқты екеуін де қатар алып жүре аламын деген сенімдемін.
- Домбыра аспабында ойнайсың? Домбыраның біз білмейтін сыры бар ма?
- Домбыраны алғаш 15 жасымда ұстап, үйренуге кеш келсем де, үйренем, білем деген ниеттілер үшін еш уақытта кеш деген кері тартпа түсінік болмайтынын ұқтым. Соны ұқытырған да осы домбыра аспабы болды. Алдымен қиналдым, бірден тек қаға салып үйреніп кеткенім жоқ. Сол тұстағы ұстазымның домбырасын арнайы сатып алған болатынбыз. Себебі, домбыра да адам сияқты қағылған сайын, шертіліп, тартылған сайын дауысы ашыла түседі. Көбіне әншілер болсын, жалпы өнер адамдары жаңа домбырадан гөрі қағылып, тартылып жүрген домбыраны алғысы келеді. Менің білуімше- домбыра құынын жоймайды. Уақыт өтсе де осы қасиетімен домбыра құны арта түседі.
- Дәстүрлі әнге жастар қызығу үшін сенің ойыңша не істеуге болады? Замандастарың сенің өнеріңе қандай көзқараста?
- Алдымен ұстазым айтқандай насихатты жандандыруымыз керек. Дәстүрлі ән дегеніңіз жеңіл –желпі дүние емес, сондықтан бұл өнерге бала күнінен дайындаса. Әсіресе біздің аудандағы өнер мектебінде кемшін сияқты. Домбыра үйірмесі бар да, дәстүрлі ән өнерінде ерте жастан дайындалып шығып жатырған, байқауға қатысып жатырған бүлдіршіндерді көрмедім. Ал эстрадалық әнді жастар бірінші тыңдайды дегенге келсем, шынында солай. Алайда, байқауларды көбейтіп, қызықтыра отыра дәстүрлі әннің насихатын арттыруымыз керек. Қасымдағы достарымның талғамына, өнерді түсінуне байланысты. Мен дәстүрлі әнге келгеніме өкінбеймін. Себебі, жанды табиғи дауыста өз мүмкіндігіңді,өз өнеріңді тек осы дәстүрлі өнерде ғана көрсете аласың. Ал фонограмма жазып, ән айту екінің бірі жасай алатын дүние.
- Дәстүрлі ән өнерінде бірнеше мектеп бар, өзіне тән ерекшеліктері бар деп жатамыз ғой. Сенің жаныңа жақыны қайсысы?
- Жетісу, Батыс, Арқа, Сыр, Алтай-Тарбағатай болып дәстүрлі ән өнерін 5 мектепке бөліп қарайды. Маңғыстау ән мектебі батысқа кіріп кетеді. Алайда, өзіндік бояуы мен әннің қағысы, құрылымындағы ерекшеліктерді ескер оны да алтыншы мектеп ретінде қарастыруға болатын пікірлер бар. Бұл пікір орынды деп есептеймін. Ғарифолла Құрманғалиев және Мұхит атамыздың әндерін көп орындаймыз. Жеті қайқы әндері де бар. Әр мектептің өзіндік рекшеліктері бар ғой. Батыс мектебі жүрдек келеді, дикция бөлек, тептік келеді. Арқа мектебі әндері кербездеу айтылса, біздің әндерде мінезді бір стиль бар. Оған қағыс та диапазон да, мінез де керек. Мен көбіне осы батыс мектебін орындап жүрмін.
- Қандай арманың бар? «Армансыз адам, қанатсыз құс» демекші сенің арманың да орындалсын деген ниетте сұрап отырмын...
- Менің арманым да негізі мамандығыммен байланысты. Оқып жатқаным да ұстаздық және қосымша ән айту болғандықтан, мен де шәкірт өсіріп, жастарды өнерге баулып, бар білігін үйрететін ұстаз болуды армандаймын! Мүмкін өз мектебімді ашып қалармын...
- Әңгімеңе рақмет! Арманың жүзеге ассын!
Әңгімелескен Милана ЕЛЕУСІНОВА