©
Репертуарында елудің үстінде түрлі жанрдағы қойылымдары бар Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры 14 маусымнан бастап 2 күндік гастрөлдік сапарын Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласынан бастады. Жылдағыдай жазғы маусымды гастрөлге арнап, ел ішін аралайтын әртістер, шалғай аудандардағы көрерменге драмалық, комедиялық, ертегі жанрдағы қойылымдарын ұсынады.
Бес бойдақтың бір тойын жасау үшін Түпқарағанадық көрермендер аудандық мәдениет үйіне жиналды. Театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының иегері Гүлсина Мерғалиеваның мықты режиссерлігімен сахналанған Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясы жеңіл әзілдің артындағы әлеуметтік зілді, тұрмыстық проблемалар мен қымбатшылық, жетімдік пен жесірлік сияқты бірнеше жүктің түйінін тарқатады. Бас аяғы бір ауылдағы бір отбасының басындағы бір оқиға арқылы жасы келіп үйленбеген Барболдан бастап, шал іздеген Гүлбарамға (Гуля) дейін бойдақтар мен жесірлік мәселесін көтереді. Қырманбай атты жесір шалдың насыбай тостағының айналасында әңгіме басталып, мұңды монологы да бар қойылымға кенже ұлы Жарбол жан бітіріп, күлдірудің көкесін көрсетеді. Мараттың рөлін сомдаған актер кекештіктің образын оқсатады. Отты сөзге емес, ойлы жүкті арқалаған жеңіл қалжыңнан құралған қойылымның соңғы жағы Шүйкетай мен Күйкетай қыздарына келген жігіттердің көрініс ішінде көрініс жасауында әдемі сомдалады. Күлкіден ішек бүрілетін қалжың да қойылымда сол Алланың Әзірейілімен келеді. Сол Әзірейілге берген уәдесімен бір шаңырақта бәрі теңін тауып, бес бойдақтың бір тойымен қорытындыланды. Театр әртістерінің өнеріне тәнті жұрт кешегі әдемі кештен көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне тарқасты.
«Көргенде арманда, көрмегенде арманда» деп өнер сапарындағы театр кешегі комедиядан соң бүгін болатын С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» драмасын 16 жастан асқан көрермендерді көруге шақырады. Айтпақшы, 16 жасқа дейінгі көрермендерге де базарлық бүгін түсте ұсынылады.
Милана ЕЛЕУСІНОВА