Ордалы Оралдан Ғарифоллла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының өнер саңлақтары әуезді әнін, күмбірлі күйін сыйлау үшін маңғаз Маңғыстауға арнайы келу үстінде. 1966 жылы іргесін қалаған филармония өнер айдынындағы 50 жылдық мерейтойын тойлауда. Осынау мерейлі шаралар алдында филармония әншісі, Ә.Қашаубаев, Ғ.Құрманғалиев атындағы Республикалық байқаудың лауреаты Серік Абдрахмановпен жедел сұхбат құрудың сәті түсті.
-Маңғыстауға қош келдіңіз! Батыс Қазақстан облысының филармониясы өңірге қандай мақсатпен келді?
-Ата-бабалар аңсаған егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік таңы атқанына 25 жыл толды. Осынау қасиетті мерейтоймен ширек ғасырлық тарихы бар Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның 50 жылдығы тұспа-тұс келіп, мерейімізді асқақтатып отыр. Қос мерейтой аясында ұлан-ғайыр елімізді аралап, өнерсүйер қауымды әсем ән мен тәтті күйге бөлеуді мақсат тұттық. Осыған орай, Ақтау қаласында 13 маусым күні – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-термеші Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырын орындайтын болса, 17 маусымда – «Айналдым елім, Қазақстаным!» атты концерт өтеді. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев «Айман-Шолпан» дастанын алғашқы болып күйтабаққа түсірсе, Хатимолла Бердіғалиев сахна төрінде орындаған алғашқы адам болды. Ал, концертте Х.Бердіғалиевтен бастап «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев, «Мәдениет» саласының үздігі Майра Хайдарова, республикалық конкурстардың лауреаттары Еркін Өтегенов, Ақмарал Кемелханова, Фархат Оразов, күйші Досым Мақсұтов өнерлерін ортаға салады. Одан соң Таушық, Құрық, Форт-Шевченко халқымен жүздесіп, концерт өткізуді көздеп отырмыз.
-Қазақ өнерінің корифейі – Ғарифолла Құрманғалиевтің ізін басқан шәкірті ретінде дәстүрлі әндердің жай-күйі қалай деп ойлайсыз?
-Дәстүрлі ән деуіміз қате деп ойлаймын. Бұл – қазақ өнерінің классикасы. Қазіргі эстрада әндерінің жұлдызы жанып тұрған заманда қазақтың төл өнерін таңдаған жастар аз емес. Алайда дәстүрлі ән қолдауға зәру. Осы олқылықтың орны толса нұр үстіне нұр болар еді. Шүкір, дәстүрлі әндер сахнада шырқалып, көрермен қауымның жүрегінде ерекше орын алады. Халық жүрегінен өшпеген өнер - өміршең.
-Филармонияның алдағы жоспарлары қандай?
-Бұл өнер кеші – Маңғыстау мен Орал филармониялары арасындағы мәдени байланыстың, жарқын болашақтың бастауы тәрізді. Қос аймақтың сындарлы серіктестігін, берік байланысын жалғайтын көпір іспеттес. Өнерде шекара жоқ. Осы күзде Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында Маңғыстаудың мәдениет күндерін өткізу жоспарланған. Одан соң Оралдың өнерпаздары Маңғыстауда мәдениет күндерін өткізіп, тәжірибе алмасады. Бұл өте тамаша бастама.
Сұхбат құрған Ханым ҚУАТ