- Әңгімені туып-өскен жеріңізден, балалық шағыңыздан бастасақ. Өнерге деген құмарлық бала кезден бар қасиет пе?
- Мен 1966 жылдың 28 наурызда Қарақалпақстан Республикасының Шоманай ауданында дүниеге келіппін. Жалпы өнер маған анамның ақ сүтімен дарыған болуы керек. 10 жасымнан бастап қолыма домбыра ұстадым. Өзімнен үлкен Мырзабай деген ағам бар. Сол домбыраны қойса мен лезде алып, оңды-солды сабалай береді екенмін. Соның тартқан әндерін өзімше қайталаймын. Үйге домбыра ұстаған біреу келсе жүгіріп барып алдына отырып алатынсың дейтін анам. Адай ауылында тұрдық. Қазақ мектебінде білім алдым. Ол кездерде теледидардан әр сенбі күні «Замандас» деген бағдарлама беріледі, соны тапжылмай көретінмін. Ең алғаш осы «Замандасты» көріп отырып, «Ақбұлақ» деген әнді үйрендім. Содан 1978 жылы атажұртқа көшіп келіп, Теңгедегі №5 мектепте білім алдым. Сол жердегі Айгүл, Ағзия деген апайларға алғысым шексіз. Бойымдағы өнерімді ашуға, оны ары қарай ұштауға көп септігі тиді. Домбыраға, әнге икемім бар екенін байқап, домбырада ойнауды үйретті. Мектептегі барлық мәдени шараға қатысатынмын.
- Алғаш үлкен сахнаға қашан шықтыңыз?
- Мектеп бітіргесін арман қуып, оқуға түсем деп Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға бардым. Бірақ түсе алмай құлап қайттым. Ауылға қайтып келіп «Бұрғылау» мекемесінде лаборант болып екі жылдай жұмыс істедім. Содан 1985 жылы тағы да бағымды сынамаққа бекініп Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы Педагогикалық мәдени институтқа тарттым. Оған да түсе алмадым. Содан ауылда жүргенде бір күні газеттен Атыраудағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға шақырып жатыр деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Содан не де болса көрейін деп барып, хор дирижері мамандығына түсіп кеттім. Өнерге белсене араласып, алғаш үлкен сахнаға шыға бастаған кездерім осы. Хор мамандығында оқып жүрсем де, көңілім бәрібір баяғы сол домбыраға ауатын да тұратын. Осы училищеде ұстазым Самат домбыраның бар қыр-сырын, нотамен ойнауды үйретті. 1987 жылы оқуымды бітіріп, Жаңаөзенге келіп мектепке жұмысқа орналастым. 1994 жылы тұрмыс құрдым. Отбасылық жағдаймен біраз жылдар үйде отырып қалдым. 2003 жылы балаларым өскесін қайтадан еңбекке араластым. «Мұнайшы» мәдениет сарайына келіп, шәкірт тәрбиелей бастадым, өзім де сахнаға шықтым. 2005 жылдары «Назқоңыр», «Кәусар» топтарын құрдым. Сол жылдары өнерге белсене араласқанымның нәтижесінде көптеген әндер шықты.
- Маңғыстау жұрты сізді әнші, термеші деп білетіні рас. Бұған қоса сазгерліктен де құр алақан еместігіңізді бірі білсе, бірі білмейді. Ән қалай туады? Алғаш жарық көрген әніңіз есіңізде ме?
- Атырауда оқып жүріп Гүлнар Шәмшиева деген ақын қызбен танысып, жақсы араласып кеттік. Гүлнар радиода жұмыс істейтін. Менің орындауымдағы термелерді радиоға беріп жүрді. Атырау өңіріне танылып, дауысым да ашылып, аз-маз тәжірибе жинап жүрген кезім. Алғаш Гүлнардың «Аман болшы, Жер ана» деген өлеңіне ән жаздым. Осы ән арқылы мен өзімді сазгер ретінде таныдым. Кейін «Туған үйге барғанда» деген ән шықты. Бұл әндер сол жылдары Атырау өңіріне кең танымал бола бастады. Бір күні осы «Жаңаөзен» газетінің бетінен Фариза Оңғарсынованың «Тірі жетім» деген өлеңін көрдім. Оқып қарасам, әнге сұранып-ақ тұр. Бәріміз ол кезде Мейрамбектің «Бозторғайын» тыңдап, соған еліктеп жүрген шағымыз ғой. Содан осы өлеңге ән жазып, әртүрлі орталарда өзім орындап жүрдім. Сол жылдары Фариза апай Өзенге келді. Сол кездесуде мен осы «Тірі жетімді» орындап беріп, ол кісінің батасын алдым. Кейін Темір Мыңжастың «Шағаласына», Мұратбай Ұлықпанның «Жаңаөзеніне», Қаржаубай Рейімбайұлы, Рәуіл Майданов ағаларымның өлеңдеріне ән жаздым. Былтыр Қармыс Разбаевтың сөзіне жазылған «Әлди, немерем» деген ән шықты. Қазір бұл әнді Мақпуза Шоманова жетекшілік ететін «Әжелер ансамблі» орындап жүр. Қоржынымда шамамен 30-дай әнім бар.
- Соңғы кездері көпшілік көзінен жырақта жүрген сізді таяуда облыстық телеарнадағы «Саз бен сөз» бағдарламасынан көріп, бір қуанып қалдық. Үзіліс алуыңыздың себебі неде? Халық сізді сағынып қалғандай.
- Иә, ол рас. 4 жыл денсаулығыма байланысты өнерден қол үздім. Отбасым бар, жұмыс, сахна, тойларға шықтым. Осының бәрі әсер еткен болуы керек, сәл шаршаңқырап қалғанымды сездім. Демалыс алу керек деп шештім. Осы тұста өнерге қайта келуіме бірден бір себепкер болған Дәмелі Қожаназарқызы Өтебаеваға ерекше алғыс айта кеткім келеді. Мені көшеде көріп қалып: «Өнер киелі, бұлай тастап кетуге болмайды, сен сахнаның адамысың, қайтып кел» деп шақырды. 2016 жылы сол кісінің арқасында жұмысыма қайта оралдым. Кешегі өзіңіз айтып отырған «Саз бен сөз» бағдарламасына баруыма да қолдау көрсетті.
- Ұстаз болу - ұлы іс. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Оқушыларыңызға қандай талап қоясыз? Өнерін дамытып, үлкен жетістіктерге жеткен шәкірттеріңізді де айта отырсаңыз.
- Ең бірінші шәкірттеріме қоятын талабым - имандылық, жүректің тазалығы. Сондай- ақ, өнерлі бала қашан да бір саты жоғары тұрады. Сол себепті, өзгелерге үлгісіңдер, қарапайым болыңдар, өнер ауыр жол екенін үнемі балаларға айтып отырамын. Негізі, домбыра ұстаған адам жаман болмайды, ертеңгі күнде бұл домбыра өмірлік азық бо- лады. Мұрат Қожа, Алтынай Нәдірбаева, Бақыт Қуатов, Жанқожа Атаниязов деген шәкірттерімді ерекше атап өткім келеді. Ұстаздың бақыты - абыройлы шәкірттері. Өнер жолын жалғап, бүгінде бір қазанда қайнап жүрген оқушыларыммен қатар, басқа мамандықты таңдап кеткендері де бар.
- Қазақ әншілерінен кімдерді сүйіп тыңдайсыз?
- Қазіргі әншілердің ішінен Өмірқұл Айниязовты ерекше жақсы көріп тыңдаймын. Оның қазақилығы, дауыс бояуы ұнайды. Ғалымжан Жолдасбайдың термелерді эстрадаға салып орындауы керемет. Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосановалардың да өнеріне тәнтімін. Шынын айтсам, қазіргі кейбір жас әншілердің әндерінің мағынасыздығына қарным ашады. Фонограмма дегенді де аса қолдамаймын. Қазір сахнада өнерден мүлдем бейхабар адамдар да қаптап кетті ғой. Көп жағдайда шын таланттардың қолдың қысқалығынан тасада қалып жататыны қынжылтады.
- Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз.
- Жолдасым, 4 балам бар. Алды студент. Бәрі өнерге жақын. Жолдасым ең бірінші сыншым. Ешқашан менің өнеріме шектеу қойған емес. Әрдайым мені қолдап, қорғап жүреді.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Биыл өнерде жүргеніме 30 жылдай уақыт болыпты. Алда 50 жасыма орай халық ал- дында есеп беру концертін өткізу ойда бар. Сондай-ақ, шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастыра беремін.
«Біз бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ ешқайсысымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолын сүйеміз» деген екен түріктің әйгілі көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік. Өнерлі адамды қашанда, қай ұлтта да төбесіне көтеріп құрметтеген, сыйлаған. Айтгүл Әбдіразақова да осындай тұлғалардың бірі. Өнерпаздың алдағы жоспарларына сәттілік пен өнеріне табыс тілейміз.
Сұқбатты жүргізген Айжан НАСЫРОВА