М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония залында төрткүл дүниені сырлы саз, әсем әуенмен таңғалдырып, түбегімізді текті өнермен тербеткен «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің 25 жылдық мерейтойына арналған «Елім менің - тірегім» концерттік бағдарламасы көпшілікті өнер нәрімен сусындатты.
Сахна ашылғанда өнерсүйер қауымға «Амандасу» шығармасымен «Ақжарма» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Нұрнияз Мұқанов құттықтау сөз сөйледі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы тиіс. Өйткені мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы» деп атап көрсеткен болатын. Шынында да адамның, қоғамның дамуына өзіндік септігін тигізетін – мәдениет саласы болып табылады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елім менің - тірегім» атты төрткүл дүниені сырлы саз, әсем әуенмен таңғалдырып, түбегімізді текті өнермен тербеткен «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің 25 жыл мерейтойлық өнер кеші барысында сахнаға ансамбльдің алғашқы жүргізушісі Маржан Төкенқызы шақырылып, көпшілікке қттықтау тілегін арнады.
Өнер кешінде «Жайлауда» биі, Әзімхан Баймағамбетовтің орындауында Бораштың әні «Даулымпаз», Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Роза Айдарбаеваның орындауында «Ақжарма - Ақжелең» күйі, ансамбльдің орындауында Есір Айшуақұлының «Ерен» күйі тыңдалды. С.Шәріпов «Өзің, сәулем, іздегенім» әнін Сәбит Шектібаев, Қоңыр Жүсіпұлының «Жайма қоңыр», халық әуені «Ыңғайтөкті» ансамбль орындап, би тобы көркемдеді. Бұдан соң ансамбльдің орындауында Әлшекей Бектібайұлының «Терісқақпай», Темірбек Асқанбаевтың орындауында Жеткізген Сейітовтің «Арнауы», Марат Сафаровтың орындауында Медет Жылкелдінің «Құнан нар» әні, ансамбльдің орындауында Есбай Балұстаұлының «Ақ ілме» күйі үстінде ансамбльдің би тобы «Шолпы» биін орындады. Оған жалғас ансамбльдің орындауында Айдарбек Оңайбаевтың «Дарабоз», мәдениет саласының үздігі Асанәлі Көшеровтің орындауында халық әні «Бозбала», Кәмшат Ізтлеуованың орындауында Садық Кәрімбаевтың «Ақтамақ», ансамбльдің орындауында әлем әндерінен попурри тарту етіліп, сахна Қайрат Жакесовтің «Ән шашу» шығармасымен жабылды.
Кеш соңында Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзина құттықтау сөз алып, мерейтой үстіндегі ансамбль ұжымына игі тілегін арнады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ