Арманым – вокалды-аспапты ансамбль құру
[ 2017 ] 8 қыркүйек, 06:47 | Мәдениет
Әрбір адамның жүрек түкпірінде бір сиқыр бар секілді. Бұл ғажайып сырға толы сандықта неше түрлі армандар, мақсаттар болады. Ал бұл сандықтың ең түбінде немесе кейде жарық жұлдыздай алға шоқ етіп шығатын бір нәрсе бар. Бұл тамаша нәрсенің аты – өнер. Өнер – әр адамның бойындағы белгілі бір құдірет күші секілді. Кейде өмірден түңілген кездерде немесе көңіл-күй түсіңкі болған жағдайларда қолыңа гитара алып, бір шерткеннің өзі басыңнан өткен көптеген ауыр кезеңдерді титтей болса да ұмытуға мүмкіндік береді. Ал оның өзі қандай керемет дүние.
Қаламызда мәдени саланың дамуына, халықтың рухани нәр алып, баюына белгілі бір деңгейде өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар баршылық. Осы тұрғыда мұнайлы қаланың мәдени саласына араласып, шәкірт тәрбиелеп жүрген, гитараны өмірлік азық еткен, ақын, сазгер, музыкант Бақытжан Сәрсенов туралы айтпақпыз.
Бақытжан Өмірзақұлы 1977 жылы 31 наурызда Жаңаөзен қаласында дүние есігін ашқан. Халқымыз дүниеге ұл бала келгенде ерекше қуанып, ізбасарымыз келді деп тойлап жатады ғой. Бақытжан да бір үйдің көптен күткен, әке отын сөндірмей, түтінін түтетер перзенті болғандықтан еркелей өсті. Дегенмен, қанша әспеттеп, еркелетіп өсіргенімен бүгінде бір бойына асқан салмақтылықты, төзімділікті, жалпы ер азаматқа тән асыл қасиеттердің барлығын сыйдыра білген жан. Әкесі Өмірзақ СҚКБ мекемесінде жүргізуші болып еңбек етсе, анасы дүкенші қызметін атқарған. Өзінің артынан ерген жалғыз Нұрсулу есімді қарындасы бар. Бақытжан Сенек ауылындағы мектепке бірінші сыныпқа барған. Төртінші сыныпқа дейін Аққұдық ауылында оқыған. Содан кейін Жетібай мектебіне ауысып, сол ауылдағы №3 қазақ орта мектебін бітірген. Бақытжан мектепті бітірген кездері тоқсаныншы жылдардың ортасы еді. Заманның қиын кезі. Бала кезінен домбыраға әуес болып өскен Бақытжан жоғары білім алуына мүмкіндік болмаған соң №3 Құрылыс орталығына ағаш шебері болып жұмысқа орналасады. Әртүрлі салада еңбек ете жүріп, мүмкіндігі болған кезде Шымкент қаласындағы Аймақтық-әлеуметтік инновациялық университетіне түсіп, «музыкалық білім» мамандығын алады.
– Бақытжан, айтып жатады ғой осы, «оған өнер әкесі жағынан немесе анасы жағынан дарыған» деп. Сіздің тағдырыңызға мұның қатысы бар ма?
– Менің ата-бабаларымда ешкім домбыра тартпаған. Әкем де домбыра тартпаған кісі. Әкемнің де, анамның да туыстары жағынан өнерге ешкім жақын болмаған. Бала кезімізде үйіміздің төрінде домбыра ілініп тұратын. Қателеспесем, екінші сынып кезімде сол домбыраны алады екенмін де, өзімше былдырлап бірдеңені айтады екенмін. Өнер деген киелі де құдіретті әлемге мен бала кезден құштар едім. 2000 жылдары «Мұнайшы» мәдениет үйіне жәй ғана өнерімді сынап көрейін деген мақсатпен келдім. Ол кезде директоры Жалғас Кеңесов болатын. Гитара мен домбырада ойнап білемін деген соң бірден жұмысқа алды. Менің ешқандай тәжірибем болмаған соң алғашқы кездері қиын болды, бірақ әріптестерімнің арқасында үйренісіп кеттім. Жалғас аға Алматыға курсқа жіберді. Сонымен, шәкірт қабылдап бастап, осы күнге дейін қызмет атқарып келемін. Өзімнің арманым бойынша «Жансезім» вокалды-аспапты ансамбль құрып, жинаған қаржыма ансамбльге қажетті барлық құрал саймандарды сатып алып, топтың жұмысын жақсы бастап келе жатыр едік. Кейін музыканттар кетіп қалды. Ал құралдарым әлі күнге дейін сақтаулы. Алдағы уақытта мамандар келіп жатса «Жансезім» тобын қайтадан жандандырмақпын. Топ құрылса әнім де, сөзім де дайын. Және де ең басты арманым - пенделік бақытқа ие болу. Ол дегеніміз - отбасын құрып, жан жарым, балаларым болса деген арман ғой. Егер сол бақытқа жетсем... Өйткені ешбір қызмет, атақ, мансап отбасылық бақытқа жетпейді.
Бақытжан Өмірзақұлының бүгінде 30 шақты әні бар. Сөзін де, әуенін де өзі жазған. Осы күнге дейін осынша өлеңі бола тұра, ешкімге бермегені, «өзімнің дүнием өзімдікі болып қала берсін» деген сөзін түсіну күрделі болды. Жалпы басыңа бармақтай бақты қондыра білу бар да, оны ұстап тұра білу бар. Ақындықтың өзі Алланың берген сыйы десек, сол сыйды керегінше халықтың игілігі үшін пайдалана білу - адамдық парыз емес пе? Мүмкін Бақытжанның әндері басқа бір әншілердің бағын ашуы мүмкін ғой... Сондықтан келешекте Бақытжан әндерін әншіге ұсынады деген сенімдемін. Жақында ғана «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан көрсетілетін «Сөз бен саз» бағдарламасында Бақытжан Сәрсенов алғаш рет өзінің 22 жылдан бері жазып, жинаған өлеңдерін жарыққа шығарып, өзі орындап шықты. Осы тұрғыда аталған бағдарламаның орны ерекше.
Дегенмен, бүгінде өнер адамына шыңдалу үшін барлық мүмкіншілік жасалуда. Өнердің сыншысы халық болғаннан кейін, оған лайықты бағасын беретін де осы көзі ашық, көкірегі ояу халық. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халқымыз қашан да шын таланттың лайықты бағасын беруге ынтызар. Бізде кейбір өнер адамдары белгілі бір атаққа, марапатқа құмартып, сол үшін өз талантын шамаламай тұрып биікке талпынып жатады. Осы тұрғыдан келгенде Бақытжанның бойынан ондай орынсыз атаққұмарлыққа деген қызығушылықтың нышаны да байқалмайды. Өнерді өмірімнің мәні деп білетін жанның талантына нағыз бағасын халық өзі бере жатар. Біз бар болғаны ол кісінің өмір жолы мен өнердегі адамдық болмысына тоқталдық.
Гүлсім Мұрынова
1660
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.