Бүгінгі Адай шежіресінде Қараш ата туралы әртүрлі әңгімелер көп айтылады. Оның ішінде шындыққа жанаспайтын ұшқарылары да жеткілкті. Себебі, қазақтың да, оның ішіндегі Адайдың да ертедегі шежірелерін нақты, ресми дәлелдермен айтып, әңгімелейтін ешкім жоқ. Ертедегі ата-бабаларымыздан жазба дерек қалмағаны шындық. Көпшілігі жыршы, жырау, ақын аталарымыздың айтулары бойынша құрастырылған. Бұдан ертелеу өмір сүрген кәрі құлақ, көне көз қарияларымыздың айтуларына сүйеніп жасалған. Ал қазіргі кезде ондай қарттарымыздың қатарының азайып кеткені тағы белгілі. Тек ертедегі кейде қияли, кейде болжам күйінде айтылған дүниелерді жамап-жасқап айтып жүргендер де жоқ емес. Соның себебінен Қараш атаның арғы дерегін әртүрлі айтатындардың болжамдары да кешегі тәуелсіздік орнағалы жаңбырдай кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткені шындық. Олардың бірінде Қараштың нағашысы Кердері делінеді. Қараш деген Көбеннің жанама аты екен деседі.
«Тағы бір әңгімеде Шегем інісі Көбеннің нағашысының ауылында қозы бағып жүргенін естіп іздеп шығыпты Кердерілер ауылының шетіне жақындағанда далада қозы бағып жүрген Көбенге тап болып, інісін танып ауылына алып кетіп, ауылға барғасын Көбенді үйлендіріпті. Одан Еділ деген бала туылыпты. Кейіннен Еділге «Қараш» аты таңылып, Шегемнің тәрбиесінде болғандықтан оның бір баласы болып кетіпті» делінеді. (Жетібай Жылқышыұлы, «Адай шежіресі». Алматы, 2014 ж.5 том, 279 бет). Бірақ Еділұлы Қараш ұрпақтары туралы Ыбырайым ахун Құлыбайұлының жырмен жазған шежіресі шындыққа әлдеқайдап жанасатын сияқты. Сондай-ақ, Қараштың бүгінгі ұрпақтарының көпшілігі осы шежіреге сүйенеді. Сондықтан біз де осы шежіре төңірегінде қозғалған әңгімелерге сүйеніп өз ой-пікірлерімізді ортаға салуды жөн көрдік. Себебі, ахун, ақын атамыздың Қараш туралы жырмен айтқандарына қарсы келер жан бола қоймас деп ойлаймыз. Оның төменде айтылған жыр жолдарының өзі-ақ көптеген шындықтың бетін айқара ашып тұрғаны айқын. Мысалы, ол:... Тобыштың үш баласы, Ораз, Бегей, Көпес-ті. Ерлігімен үшеуі Болыпты елдің панасы. Ораз асқан ақылды, Бегей, сірә батыр-ды, Көпес те болды батыр-ды... ...Көпестің ұлы ер Еділ, Ораздан Жайық, Шегем-ді, Бегейден туған Қадірқұл – Заманында олардың Орындалған дегені... ... Көпес ердің ақтығы, Қарашты айтып берейін. Он бірге Еділ толғанда Қалауымен Алланың Көпес деген атамыз Өткен екен дүниеден. Бұдан былай ер Бегей, Көпестің ұлы Еділді Тәрбие беріп жасынан Үйретті небір өнерді. Көрші отырған Жетіру, Таманың қызы Айбарша – Айбаршаны көреді. Тобыштан құда келгенде, Құп алып қыздың қалауын. Төс қағысқан құда боп, Екі жақ көңіл демеді...
деп жырлайды. Одан әрі Ыбырайым ахун Қараштың туылуын, одан қанша бала дүниеге келгенін тілге тиек етіп, кейінгі ұрпақтарға нақты жол-жоба көрсетуге тырысады. Енді сол айтылғандарды Есберген Іңірбайұлының қара сөзге айналдырып, заман талабына сәйкестендіріп жазған дүниесіне көз жүгіртіп көрелік. Тобыш – Келімберді бабамыздың бесінші баласы. Жалпы Тобыштан Ораз, Бегей, Көпес дүниеге келген. Ораздан Жайық, Шегем туылады. Жайықтан Әлмембет өмірге келеді. Олар Шоңай, Табынай, Зорбай, Баубек, Қожа болып, өздерін «Бес Әлмембетпіз» дейді. Зорбайдан Тоқабай, Жаңай, Төлеке, Өтеғұл, Құл тарайды. Ораздың екінші баласы Шегемнен Сырлыбай, Бабық, Жаубасар, Ожау туған делінеді шежіреде. Сырлыбайдан Қоқан, Шағыр. Бабықтан Ұлғай, Құлбай, Есен. Жаубасардан Қаржау, Төлеген, Ожаудан Қызыл, Қоңыр деп Шегемнің тармақтары болып айтылады. (Дегенмен осы күндері көбінесе Бабықтар жеке айтылып, Шегемді тілге ала бермейді:- М.Ұ). Тобыштың екінші баласы Бегейден Қәдірқұл деген жалғыз бала қалған. Осы күнгі Қозыбақ, Қосақ, Малаймыз деп жүрген Бегейлер сол жалғыз бала Қәдірқұлдан тараған ұрпақтар. Жалпы Бегейдің сүйегі баяғы жаугершілік замандарда қазіргі қытай аймағында қалған деген сөздер бар. Сол елде де Бегей бабаның бір баласынан қалған ұрпақтар бар екен деген еміс-еміс айтылатын әңгімелер шығып қалады. Бірақ қолда нақты дерек жоқ. Ол оқиғалардан хабары бар қариялардың да көзі тірісі қалмады. Сондықтан мұндай қиял, болжамдарды анықтау келешек ұрпақтың еншісіне қалып тұрған сияқты. Ал жоғарыда айтылған Көпес сол Тобыш бабамыздың үшінші баласы. Қазіргі азды-кем айтылып жүрген деректерге, оқта-текте баспа жүзін көріп қалатын жазбаларға назар аударсақ Көпес жаугершілік заманда өмір сүруіне байланысты жастайынан ат құлағында ойнаған батыр болған көрінеді. Сол батыр бабамыз жалындаған жас шағында елін, жерін жаудан қорғау жолында қаза тапқан секілді. Артында екі жасакр Еділ есімді баласы қалыпты. Тобыш ауылының ақсақладары оның есімін Ораздың Жайығына ұқсастырып және өздері сол кездері жағасын жайлап отырған өңірдегі қатар аққан қос өзеннің бірі ретінде Еділ деп қойыпты. Көпес өлгесін Еділдің шешесін Шегемге атастырыпты. Інісінен қалған жалғыз тұяқ деп Еділді Бегей батыр өз қамқорлығына алып тәрбиелейді. Есі кіре бастағаннан-ақ қасынан тастамай ел аралатып, ат үстінде отырып найза шаншу, садақ тарту, жамбы ату, бәйге, көкпар сияқты жауынгерлік сайыстарға машықтандырады. Еділ көрікті де сымбатты, ер келбетті, он саусағынан өнері тамған сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып жетіліседі. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей Еділге сырттай құмар болып, ғашықтық отына жанған арулар аз болмапты. Сөйтіп жүргенде бір жолы Бегей інісі Еділді көршілес Тама ауылында болып жатқан тойға ертіп барады. Ойы – Еділге қыз көрсетіп, ұнап жатса айттырып алып беру болады. Ол ойы періштердің құлағына шалынып, Еділдің көзіне сол Тама ауылының Нұрмағанбет деген байының қызы түседі. Есімі – Айбарша. Тама Нұрмағанбет дәулеті мен қатар көкірек сәулеті де мол, парасатты жан болған деседі. Көп ұлдың ішінде бұлғаңдап өскен Айбаршасын бетінен қақпай, еркін өсірген екен. Бесіктен белі шықпай жатып айттырып келушілерге бетбақтырмай, бұғалықсыз тәрбиелеген. Әйтсе де, қыз жат жұрттық екенін ескеріп, сөз салушыларға бас билігі өзінде деп қайырып отырған. Бегей батыр бастаған Тобыштардың қыз айттырушы тобы келгенде де Нұрмағанбет қонақасы үстінде үйреншікті жауабын беріп, қызына сілтейді. Қызының жігітпен уағдасы барын білгесін, «Теңін тапса тегін бер» деген қазақтың ескі жолымен қарсы болмайды. Сөйтіп Еділмен Айбарша бас қосады. Жаудан елін қорғауға Еділ де аттанады. Артында екіқабат келіншегі Айбарша қалады. Жетісу жеріндегі соғыстардың хабары алыстағы Атырау еліне араға айлар салып жететін аласапыран заман ғой, соғысқа аттанған сол арыстардың хабары ел-жұртқа ұзақ уақыт бойы келмей, Еділдің үй-іші, ауыл-аймағы алаң болып жүреді. Әсіресе, ауылдағы екіқабат келін Айбаршаның жайы мәз емес еді. Мұны түсінген Шегемнің бәйбішесі келінін төркіндетіп, қасына қайныларын қосып Таманың ауылына, яғни төркініне жібереді. Арадан бірталай уақыт өткесін ауылдың үлкен кісілері саналатын Тобыш та, кемпірі де қайтыс болып, Нұрмағанбет құдасына, келіні Айбаршаға хабар жібереді. Хабаршылар жол тонаушы қарақшыларға тап болып, құдаларға қаралы хабар жетпей қалады. Жауға аттанған Еділден де, Тобыш ауылынан да хабар келмей, айы-күні жетіп отырған Айбарша қатты алаңдайды. Беймаза кезеңде аяғы ауыр қызын еліне жіберуге Нұрмағанбет те бата алмайды. Жолда қарақшы көп деген хабар тағы бар. Сөйтіп Айбарша төркінінде отырып босануға мәжбүр болады. Толғағы қатты болып қайта-қайта талықсып, есін жиған кезде «Қарашы, қарашы, Еділ келе жатқан жоқ па?» деп мазасыз күй кешеді. Ол кезде дәрігер жоқ, әйелді ауылдың кемпірлері босандырады. Айбарша осылайша қараша үйдің ішінде 2-3 күн толғатып әрең босанады. Босанар сәтте де «Қарашы, қарашы...» деумен болады. Ер балалы болады. Перзенті тұмса әйелдің баласындай емес, қол-аяғы тоқпақтай, торсық шеке, тұрқы ірі ерекше жаратылған бала екен. Қатты қиналып босанған Айбарша сол «Қарашы, қарашы...» деуімен көз жұмады. Ел-жұрты құдаларына хабаршы жөнелтіп, Айбаршаны арулап жерлейді. Баласын жас нәрестесі бар келіндерінің біріне еміздіреді. Қиын кезде өмірге келген жиеніне Тама ауылы аяулы Айбаршасының ақырғы сөзі ғой деп, баланың атын «Қараш» қояды. Бұл тұста Тобыш ауылы да үлкен кісілері қайтып, оның үстіне жауға кеткен Еділдің де ерлікпен қаза тапқаны, Айбаршаның бала үстінен өлгені туралы жаманат хабарлары келіп, қаралы ауылға қайғы жамалып отырған кез болатын. Тобыштар үлкендерінің жыл садақасын, Еділ мен Айбаршаның жылын араларына апта салып бір мезгілде береді. Нұрмағанбет бастаған Тама құдалар Тобыштың ауылына осы жылдық садақалар беріліп жатқан тұста келеді. Жылап-сықтап, бір-біріне көңіл айтып, ес жиғаннан кейін құдалар күн санап өсіп келе жатқан Қарашты қайтеміз деп өзара ақылдасады. Көзін ашқалы бауырына басып, Айбаршаның көзіндей мәпелеп отырған құдағай да, Жайық пен Шегемнің әйелдері де Еділіміздің шаңырағын тікейтетін жалғыз тұяқ деп Қараштан айырылғысы келмейтін сыңай танытады. Ақыры Қараш өз ауылы Тобыштарда қалатын болып шешіледі. Сосын Қарашты Шегемнің балалы келіндеріне еміздіріп өсіреді. Қараштың Шегемнің бесінші баласы деп атануы содан болар, бәлкім. Қараш ата шамамен 1625 жылы Еділ, Жайық өзендерінің ортасындағы қазақтың ежелгі қонысында дүниеге келген. Тумай жатып әке-шешесінен бірдей айырылып, тұлдыр жетім болып қалуына қарамастан, тумаластарының бауырмалдығы, адамгершілігі арқасында еркін өскен азамат болыпты. Тобыш бабадан, оның балалары Ораз, Бегейден бауырлары Жайық пен Шегемнен жұққан бауырмалдығы, ағайыншылдығы, айналасына қайырымы мол, үлкен парасат иесі болған дейді үлкендер. Осы күнгі Қараш ұрпақтарының бір-біріне үйірсектігі, ағайынға қайырымдылы сияқты жағымды қасиеттері сол үлкен бабадан бері қарай жалғасып келеді. Осы Қараштан Елтүзер, Өтеп деген екі бала дүниеге келеді. Елтүзерден Меңдібай, Елібақ, Жайыл, ал Өтептен Ақсақал, Байсақал, Жәдік туылады. Елтүзердің Меңдібайынан Тойғұлы, Шақат, екінші ұлы Елібақтан Толыбай, Жәнібек, Кенжебай, Елтүзердің кенжесі Жайылдан Әйтімбет, Көшімбет туылған. Ал Өтептің Ақсақалы мен Байсақалынан орын жоқ делінеді. Осы күнгі Қараш руынанбыз деп жүргендердің бәрі осы шалдардың ұрпағы. Осы ұрпақтардан ел таныған ерлер мен көпшілікке аты мәшһүр көптеген тұлғалар шықты. Бәрі де халқының, елінің қызметіне жарап туғандар. Мысалы, Ыбырайым ахун Құлыбайұлының қызметінің өзі неге тұрады? Оның діндарлығы, дін бойынша аса сауаттылығы, саналылығы елге көп пайдасын тигізген. Атажұрттан қуғын-сүргінге ұшырап, туған жер топырағынан қаншалықты азапталып, қиындық көргенімен аузынан Алласы, қолынан таспихы түспеген ғұлама болғандығын жұрттың бәрі жақсы біледі. Ол сондай-ақ ахундықпен бірге ақындықты да қатар алып жүрген адайға белгілі шежіреші. Оның тағы бір қасиеті шежірені қара сөзбен емес, жырмен жазатындығында. Тілге шешен, сөзге бай, көкірегі ояу, ғұлама болған. Қараш ауылынан әсіресе, ақын, жазушы, журналисттер мен бірқатарда өнер адамдары көптеп шыққан. Мәселен, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушановтың есімі көп жерге мәлім. Ол өзінің отты жырларымен қатар аңдар, құстар жөнінде де тартымды-тартымды дүниелерді жарыққа шығарған азулы да, айбарлы ақын. Қарымды қаламгер, тәжірибелі журналист Есберген Іңірбайұлы да ешкімге есесін жібермейтін, ұлттың жанашыры. Қараш туралы деректер мен Ыбырайым ахунның мұраларын жинақтап баспадан шығаруға Раукен Сағызбайұлы, Талап Жанжігітов, Нұрнияз Мұқанұлы айтарлықтай еңбек сіңірген. Әбділдә қажы Көшербайұлы, Жәумітбай Бердіұлы шығарған шығармалар да осы Қараш ұрпақтарының мәртебесін өсіруге өзіндік үлестерін қосып жатыр. «Үш қиян» баспасының директоры Махмұт Қосмамбетов те осы Қараштың бір ұрпағы. Ал өнер саласында еңбек етіп жүрген Рахат Мәдіреев, Бекбол Базарбаев сынды азаматтармен бірқатарда жаңадан жетісіп келе жатқан жас буындар да жеткілікті. Қазақта «Той тойлау үшін емес, өткенге көз жіберіп, талғам таразысына салып, келешекті ойлай үшін беріледі» деген сөз соңғы кездері көп айтылып жүр. Сол сияқты үстіміздегі жылдың 22-23 қыркүйегі күндері бүгінгі ұрпақтар Қараш бабаның туылғанына 400 жылдығын алқалы ас беріп белгілегелі жатыр. Ас «Құланды» ипподромында болады. 22 қыркүйектегі қонақасы түстен кейінгі сағат 16-00 де 6 шақырымдық Тай жарысымен басталады деп жоспарлануда. Одан кейін 15 шақырымдық Ошақ бәйгесі болады. Сол күні кеште бұрынғы өткен ата-бабаларға құран бағышталып, қатым етіледі. Жиналған жұртшылық концерттік бағдарламаларды қызықтап, жыршы-термешілердің өнерлерін тамашалайды. Түн ортасында отшашу болады деп күтілуде. Ал ертеңіне, яғни 23 қыркүйек күні таңертең астың салтанатты ашылуы болып, ізі театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарламаға ұласатын көрінеді. Ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, біраз адамның бағын сынауына да мүмкіндіктер жасалады дейді. 9 шақырымдық құнан бәйге, 36 шақырымдық аламан бәйге бабы келіп, бағы келісіп тұрған арғымақтар мен жүйріктерді күтуде. Сондай-ақ, жиналған жұртшылық қазақша күрес пен қошқар көтеру сайыстарын да тамашалай алады. Сондықтан Қараш атаның рухына арналған асқа бармай, қапыда қалып, сан соғып жүрмеңіздер ағайын.Қырық тасты шаша салып бал ашпадым, Атсалысам ашуға Алаш бағын. Ештен кешті жақсы деп ұйғарысқан, Оң болсын, бастамаңыз Қараштарым!
Ұлт десе ұлылармен санаспадым, Сөзге еріп түсінбеспен таласпадым. Төрт жүз жылын бабаның белгілеген, Астарың қабыл болсын, Қараштарым!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН