©
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Елорда төрінде «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты Маңғыстау облысының мәдениет күндері өтті. Онда киелі өлкенің өнер саңлақтары ән-жырдан шашу шашып, астаналықтарды тәнті еткен еді. Облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов елдің осынау сын уақытында, тарихи сәтінде бірге болған, Маңғыстаудың мәдениет күндерін ұйымдастыруға үлес қосқан мәдениет саласының қызметкерлеріне алғысын білдірді.
- Облысымыздың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған өнерпаздары Астанаға аттанып, халықаралық дәрежедегі көрме аясында жиналған дүйім жұртқа Маңғыстаудың мызғымас мәдениетін, өшпес өнерін, ұлттық руханиятын, берік салт-дәстүрін паш етті. Киелі өлкенің абыройы мен құрметін арқалаған мәдениет қайраткерлері үлкен тарихи сахнада өнер көрсетіп, зор үмітімізді ақтап, толағай жетістікке жетіп, олжалы оралды десем, артық айтпағаным. Ел жүрегі – Елорда халқы біздің дарын иелеріне ду қошемет көрсетіп, ыстық ықыласы мен ілтипатын аямады. Бұл да біз үшін үлкен құрмет, зор жеңіс! Сіздердің ерен еңбектеріңізді елеп, жүзіңіз қуанышқа, жүрегіңіз нұрға бөленсе деген тілекпен, мерекелік шара ұйымдастырдық. Баршаңызға шексіз алғысымызды білдіреміз! Сіздер – Маңғыстаудың мақтанышы мен абыройысыздар! Алдағы уақытта да тізе қосып, бір-бірімізді қолдап, жұмыс істейтінімізге кәміл сенемін. Еңбектеріңіз еленіп, биік белестерге жете беріңіздер!-деген облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов ерекше көзге түскен өнерпаздарға Маңғыстау облысы әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Сондай-ақ, Мақсат Нұрлыбекұлы 40-қа жуық мәдениет саласының қызметкерлерін өзінің атынан «Алғыс хатпен» марапаттады. Елге маңызды шараның нәтижелі аяқталуына үлес қосқаны үшін облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзина да құттықтау сөз айтып, мәдениет басқармасы атынан 30-ға тарта мәдениет саласының маманын құрметке бөледі.
Тағы оқыңыздар: Түпқарағанда кәсіпкер болғысы келгендердің саны 50 адаммен толықты- Қасиетті өлкенің ұлттық өнерін бүкіл елге паш еткен мәдениет пен өнер қайраткерлері осы ауқымды шарада қаншама тер төккеніне, қаншама күш жұмсап, атсалысқанына біз куәміз. Маңғыстаудың мәртебесін көтеруде олар үзбей дайындалды, нәтижесінде еңбегінің жемісін көріп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Қолөнер шеберлері әріптестерінен бұрын Астанаға барып, өнерін ортаға салып, халыққа қызмет көрсетті. Астанадағы «Этноауылға» келген әрбір қонақты Маңғыстаудың төл өнерімен таныстырып, киелі әлемге қадам бастырды. Біздің еңбегімізді елеп, бағалап жатқан облыс әкімшілігіне үлкен алғысымызды айтамыз. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов та мәдениет қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, облыстық мәдениет саласындағы қордаланған өзекті мәселелерді шешті. Енді алдағы мерекелерді мол тәжірибе және тың күшпен өткізетінімізге сенімдімін, - деп мерекелік шараны түйіндеді Пәния Оңалбайқызы.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="36295,36296,36297,36298,36299,36300,36301,36302,36303,36304,36305,36307,36308,36309,36310,36311"]