Сәрсенбінің кешінде жаңаөзендік жұрт «Мұнайшы» мәдениет сарайына ағылды. Мақсат - мұнайшы жігіттердің арасынан жылдың сұлтаны анықталатын сәттің куәсі болу. Жиналған халықтың көпшілігі әріптестеріне қолдау білдіруге келген мұнайшы жастар.
Әдемі басталған сайысқа «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының транспорт және әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Мақсат Ибағаровтан бастап, қалалық ауған соғысы ардагерлері ҚБ төрағасы Сәтбай Құлсариев, «Қазақстан-Жаңаөзен» телеарнасының басшысы Мәлік Әндірғалиев, «Мұнайшы» мәдениет үйінің директоры Дәмелі Өтебаева сынды өңірге белгілі азаматтар қазылық етті. Сайыс қалада өткізіліп жүрген осы деңгейлі шаралардан ұйымдастырылуы анағұрлым жоғары болғанын атап өткен жөн. Сахнаның безендірілуі, музыкамен әрлеуі, қатысушылардың киім үлгісі бәрі үйлесім тапқан.
Байқауға мұнай саласының 6 мықтысы қатысып, 4 түрлі сайыстан бақ сынады. Би- шешендерге ұқсап баққан жігіттер таныстыру кезеңінде бірі дайын әртістерден кем түспесе, бірі қобалжып, сөзін ұмытып, сүрініп жатты. Әр қатысушы өз қызметі, мекемесі туралы видеоролик жасауды да ұмытпапты.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, болашақ сұлтандар екінші сайыста бойындағы бар өнерлерін ортаға салды. Бұл кезеңде сахнаға Чарли Чаплин кейпінде шыққан «Өзенмұнайгаз» АҚ аппарат басқармасының қызметкері Ерлан Тағаев тың өнерімен дараланды. Алғашқы турда сәл қобалжыған Ерлан бұл кезеңде сурет те салды, сұлу қызбен би де биледі. Бір сөзбен айтқанда көпшіліктің көңілін тапты.
«Қателік» атты монолог оқыған №3 МГӨБ мақтанышы Берік Қорғанбай да жарады. Мүгедек арбасына танылған жетім баланың образы арқылы қазіргі таңның проблемасы- тастанды бала мұңын асқан шеберлікпен жеткізген Берік залда отырған халықтың көңілін босатып, көзіне жас алдырды.
«Өзенмұнайсервис» ЖШС-ның намысын ту еткен Дәулет Нөкеров жиналған жұрт үшін шын мәніндегі жаңалық болды. Дәулеттің дауыс ырғағы, рөлді ойнауы, қойылымның көңіл-күйін халыққа бере алуы, көпшілікті сендіруі шынайы болғаны соншалық, мұнайшылардың арасында адасып жүрген кәсіби театр әртісі ме деп қалдық.
Сұрақ-жауап кезеңінде Ерлан Бекниязов тапқырлық танытты. Жүргізушілердің «Досты қалай бағалайсыз?» деген сұрағына мүдірместен өлеңдетіп жауап берді.
Кейін жігіттер сахнада «қошқар көтеру» сайысында күш сынасты. Қатысушылардың дене бітіміне қараса керек, ұйымдастырушылар қошқар емес, сахнаға тоқты әкелді. Бірақ, екі жүргізуші тоқтыны қайта-қайта «серке» дей бергенде залда отырған ел ағалары жөндей қойғанда болар еді деп қалдық...
Палуан жігіттер тоқтыны ең азы 30, ең көбі 90 рет көтеріп жатты. Әрине, «көтеру деген осы екен» деп ереже сақтамай жатқандары да кездесті.
Сайыс арасында жергілікті әншілер Бектас Гилажов, Ерко Жұматовтар ән салып, «Жалын» жайдарман тобының жігіттері өнер көрсетіп, көрерменнің зерігуіне жол бермеді. Жігіттер барын салып ән шырқап жатқанда, құдды бір үйлерінде жүргендей ерсілі-қарсылы кіріп-шыққан залдағы көрерменді көріп қынжылдық. Мәдени орынға, мәдени шараны тамашалауға келгеннен кейін өзін де өзгені де құрметтеп, аз уақыт тыныш отыруға болмас па еді деген ойға қалдық.
Сонымен, сайыс қорытындысы бойынша №3 МГӨБ қызметкері Берік Қорғанбай 2017 жылдың жігіт сұлтаны атанды. І орынды «ОРГСнаб-НП» ЖШС намысын қорғаған Серікбай Балтабай, ІІ орынды өзенмұнайсервистік Дәулет Нөкеров, ІІІ орынды инженер Ерлан Тағаев иеленді. Ал, асабалыққа икемі бар «КМG-Catering» ЖШС қызметкері Ерлан Бекниязовқа «Сері жігіт» номинациясы берілсе, домбыраның құлағында ойнаған №2 «СҚКБ» маманы Қанат Ақбаевқа қатысқаны үшін диплом табысталды.
Айжан НАСЫРОВА