Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет тарапынан рухани мұраға деген ықылас күшейіп, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты да жүйелі арнаға түсті. Бұл мақсаттың орындалуына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да шапағаты тиіп келе жатқаны баршаға мәлім. Сондай игі істердің бірі «Жеті қайқы, бес жүйрік!..» өңірлік мәдени төлтума брендін насихаттау мақсатында Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Ұзақбай жырау Қазжанұлының 120 жылдық мерейтойына орай Республикалық «Жүйрігің едім өнерлі!..» атты жыршылар конкурсы М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония залында өтті.
Конкурсқа республикамыздан 10 талапкер, атап айтқанда: Батыс Қазақстан облысынан – 1, Атырау облысынан – 1, Қарағанды облысынан - 1, Маңғыстау облысынан – 7 үміткер қатысты. Маңғыстаудың дауылпаз ақын-жырауларының шығармаларын, Маңғыстау өлкесіне ғана тән дәстүрлі жыршы-жыраулық орындаушылық өнерді республика көлемінде насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі ету, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету және дауылпаз ақын-жырау Ұзақбай Қазжанұлын дәріптеу мақсатындағы конкурстың беташар сөзі Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзина және Ұзақбай Қазжанұлының ұрпақтары атынан Ізтұрған Ұзақбайұлына берілді.
Жеребе тартып кезектерін анықтау үшін сахнаға барша талапкерлер шақырылып, Фархат Оразов - (Батыс Қазақстан облысы), Аманжол Дауылбаев - Атырау облысы, Доскей Ботпай - (Қарағанды облысы), Сәттіғали Нұрдәулетов - (Маңғыстау облысы), Әбубәкір Нұрниязов -(Маңғыстау облысы), Бердібай Тойғұлиев - (Маңғыстау облысы), Арғын Бисенов - (Маңғыстау облысы), Ахмет Баякешов - (Маңғыстау облысы), Аманбек Сәуірбаев - (Маңғыстау облысы), Жанар Нұрмұханова - (Маңғыстау облысы) кезектерін алды.
Байқауды бағалаушы қазылар алқасының төрағалық құрметі - ҚР мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, жыршы Амандық Көмекұлына, мүшел болу құрметі: ҚР мәдениет саласының үздігі, Маңғыстау өнер колледжінің оқытушысы, әнші-термеші Ақмарал Ерімбетоваға, Халықаралық, республикалық жыршы-термешілер байқауының жеңімпазы, жыршы, өнер зерттеуші Ақылбек Өтешовке, «Менің атым – Ұзақбай» кітабын құрастырушының бірі, өнер зерттеуші Сұлтанбек Құдайбергенге, хатшылық – облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Нұрдәулет Қозыбековке бұйырды.
Үміткерлерге қойылатын талап бойынша - бірінші кезеңде үміткерлер міндетті түрде: 1.Өмір Қараұлының «Бата-сөз» (І түрі); 2. Ұзақбай Қазжанұлының «Жаның қонақ денеңе...»; 3. Ұзақбай Қазжанұлының «Жолдас болмас бұл пәни» шығармаларын орындауға, екінші кезеңде үміткерлер міндетті түрде. 1. Өгізбай Малгелдіұлының «Тұлпардан тұлпар туа алмас»; 2. Абыл Тілеуұлының «Тойбастар»; 3. Нұрым Шыршығұлұлы «Бұ дүниенің мысалы»; 4. Ақтан Керейұлының «Болжау сөз» шығармаларын орындауға, үшінші кезеңде үміткерлер міндетті түрде: Ұзақбай Қазжанұлының «Өткен пайғамбар, шайхылар туралы» шығармасынан үзінді орындауға тиіс болды. Шығарманы орындау үстінде үміткердің шартта көрсетілген шығармалардың әрқайсысын кемінде Маңғыстау өлкесіне тән 2 түрлі мақам-сазбен орындауы, уақыт алмау үшін сазының кіріспесін қысқа қайыруы ескерілетіні туралы талап қойылып, үміткерге ұйымдастырушылар ұсынған мәтіндерді ғана орындау міндеттелді.
Қазылар талапкердің аяқ алысын байқаған соң оны тоқтатуға немесе шарттағы шығарманы толық білетіндігін білу мақсатында кез-келген жерінен айтуын талап етуге құқылы болды.
Ұзақбай жыраудың тойын бастау құрметі Амандық жырау Көмекұлына бұйырды. Байқау барысында Бәкір Тәжібаев «Туған жер» әнін қарағандылық Доскей Ботпай, «Ауылым» термесін атыраулық Аманжол Дауылбаев орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Тағы оқыңыздар: Әбіш әлемін тану — әр қазақ үшін қажет дүниеЖыршылар бәйгесі түс қайта өз мәресіне жетіп, жүйріктерді марапаттау кезегі келді. Қазылардың шешімі бойынша арнайы жүлде дипломдары мен сыйлықтарына: «Өзгізбай Малгелдіұлы атындағы жүлдені» - Нұрдәулетов Сәттіғалиға – 50 000 теңге және ұрпақтар атынан 50 000 теңгені, «Нұрым Шыршығұлұлы атындағы жүлдені» - Баякешов Ахметке - 50 000 теңге және ұрпақтар атынан 50 000 теңгені Алпамыс Жұмалиев табыстады.
«Өмір Қараұлы атындағы жүлдені» - Нұрмұханова Жанарға 50 000 теңге және ұрпақтар атынан100 000 теңгені Қожахмет Уәзір табыстады.
«Абыл Тілеуұлы атындағы жүлдені» - Ботпай Доскейге 50 000 теңге және ұрпақтар атынан100 000 теңгені Иса Бимырзаев табыстады.
«Ақтан Керейұлы атындағы жүлдені» - Нұрниязов Әбубәкірге 50 000 теңге және ұрпақтар атынан100 000 теңгені Ордабек Бисенұлы табыстады.
Үшінші дәрежелі дипломмен Аманжол Дауылбаев (200 000 теңге), екінші дәрежелі дипломмен Аманбек Сәуірбаев (300 000 теңге), бірінші дәрежелі дипломмен Бердібай Тойғұлиев (500 000 теңге) және Фархат Оразов (500 000 теңге) марапатталды. Бас жүлде дипломын 700 000 теңге байрағымен Арғын Бисенов жеңіп алды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="43108,43109,43110,43120,43114,43113,43112,43111,43118,43116,43115,43117,43119,43121"]