Өлкеміздің өткен тарихына көз жүгіртіп, естігені көп кәріқұлақ қарттардың айтқан әңгімелеріне құлақ түрсек, осы киелі Маңғыстаудың жерін, елін қорғап, қасық қаны қалғанша «елім» деп жаумен соғысып өткен ерлер көп болған. Олар тек өздерінің отбасы-ошақ қасы күйбің тірлігін күйттемей, бүкіл елдің қамын ойлап, арын арлаған, намысын қорғаған. Көбі шыбын жанын шүберекке түйіп, бозқасқа садақа айтып, жаумен айқасып қан майданда қаза болды.
Олардың ерлік істері, адамгершілік қасиеттері жайында ақын-жыраулар жыр-дастан айтып, аңыз әңгімелерге арқау еткен. Осы аңыз әңгімелердің, дастан-жырлардың желісімен ақын–жырауларымыз бүгінгі ұрпаққа олардың ерлік, елдік қасиеттерін үлгі етіп жүр.
Туған елін өскен жерін, кіндік қаны тамған топырағын сыртқы жаулардан қорғап, қанды айқастарда ар-намысын ту етіп, бүкіл елдің тыныштығы жолында күрескен бірақ кезінде жасаған ерлік істері ел жадында сақталғанымен есімі елеусіздеу болып жүрген батырлардың бірі - Ескелді Тұрманбет Төлехожаұлы.
Тұрманбет Төлехожаұлы – есімі елге белгілі Балуанияз батырдың қимас досы, қанды көйлек жолдасы, құрдасы. Батырлық жайлы жырларды тыңдап, ел аузындағы айтылып жүрген әңгімелерге құлақ түргенде оның ерлік пен елдікістері нақты деректермен баяндалады.
Мысалы жауынгер ақын Қалнияздың «Балуанияз батыр» жырында Тұрманбеттің ерліктері басқа да жауынгерлермен бірге ерекше суреттеліп, жырланған. Сол секілді Қараған-Босағада өткен 18 ғасырдағы Балуанияз батыр бастаған ерлердің соғысы жайлы әңгімеде оның ерен ерлігі, достық-жолдастық, жанашырлық қасиеттері әңгімеленеді. Осы қанды соғыста Балуанияз батырға қапыда оқ тиіп, жараланып жатқанда басын сүйейді. Оның алған ауыр жарақатын көріп, оған қолынан келген көмегін шын ықыласымен жасайды, достық, жолдастық пейілін танытады. Балуанияздың бүйірінен тиген оқты сорып аламын деп көп әлектенеді. Бірақ қансорпа болып қанша әлектенсе де одан нәтиже шықпай, Балуанияз ауыр жарақаттың зардабынан көз жұмады. Онымен қимай қоштасып, оның кегін қайтаруға уәдесін береді. Кейін ол уәдесін орындайды да. Соғыста Тұрманбет дұшпанына қарсы қайратына қарай ерлік көрсетіп, осы соғыстың болатын хабарын досы Балуаниязға жеткізуші де адам.
Бұл туралы ақын Түмен Балтабасұлы былай деп жырлап кеткен екен.
Тұрманбет Хорезмнен қайтып келді,
Хабарды Самдағы елге айтып келді.
Аттанып екіжүз қол кетті депті,
Еліне Маңғыстаудың жетті депті.
Еліріп, есірген жау біле білсең,
Сол елге бір оқиға етті депті...
Осылай Тұрманбет Маңғыстау еліне қалың жаудың Хорезмнен аттанып кеткенін Сам өңірінде отырған Балуанияз батырға жеткізеді. Бұл хабарды естіген жүрегінің түгі бар, кеудесінде «елім»деген намыс-оты бар,білегінің күші бар жігіттер жиналған.
Бірде досы Балуанияз Тұрманбетке:
- Сен - менің қияметтік досымсың. Сен Көнеге базар шығып,көп барасың. Хиуаның әскері елге шабатын болса, хабарын маған берерсің. Сүйіншіге саған мына Құлатты беремін, - депті.
Әрине, Тұрманбет Құлат үшін хабар салмаған. Жолы түсіп, Көненің базарына барғанда Қарабақы Бөрі бастаған хан әскерлерінің «жақында Маңғыстаудың еліне шауып мал мен жаныны олжалауға барамыз» дескендерін құлағы шалып қалады.
Тұрманбет Көнеге барған сайын түрікмен досының үйіне түсіп жүрген. Сол досына базарда естіген хабарын жеткізгенде әлгі досы: «Әй, Тұрманбет, олар сенің Самдағы еліңе бармайды, Маңғыстаудың ойындағы елді шабайын деп аттанғалы жүр. Сен асықпай базарлай бер» дегенде Тұрманбет: «Маңғыстаудағы ел маған бөтен емес, туысым. Елімді жау шаққанда қалай шыдап тұрамын» деп атына мінген. Оның ойын түсінген түрікмен досы жетегіне бір ат беріп, жолға салыпты.
Содан Самдағы елге Тұрманбеттің хабары жетіп, 60 кісі Қараған Босағаға беттеп, жауға аттанғалы тұрғанда Балуанияз «Құлатты сүйіншіге беремін» деген уәдесін жұтпайын деп, Тұрманбетке бермекші болады. Арадағы әңгімеге араласқан Асар сұпы: «Тұрманбет сен бұл сапары Құлатты алуға асықпа. Балуанияз осы соғысқа да Құланы мініп шапсын. Басқа атпен шапса,қапияда кетер!Егер, жауды жеңіп оралсақ ат сенікі болады ғой», - депті деген шалдардан естіген әңгіме бар.
Сол сапарда Жарқұдықтың төбесінде келелі кеңес құрған ауыл ақсақалдарыәрбір шаңырақтан бір-бір адам жүрсін.Кіндіктен жалғыз адам соғысқа бармасын деп бәтуа жасапты. Дегенмен, 14-15 жас шамасындағы Өзденбайдың Кенжебегі «мен де барамын» деп қатардан қалмай ере түседі. Ақсақалдардың айтқанына көнбей, аттылардың ізімен жүріп,соғысқа барған екен.Ол соғыста ерекше ерлігімен көзге түскен батырлардың бірі болды.
Сам алды Жарқұдықта жалғыз төбе,
Адайдың ұран отын жаққан жері... - деп жоғарыдағы жыр жолдарының жалғасында көрсеткендей, Сам құмындағы Жарқұдық жерінде жиналған ержүрек жігіттер соғысқа аттанған ғой. Батыр Балуанияз және оның інісі соғыста қайтыс болса да ерлеріміз жеңіске жетіп, жазықсыз жау қолында жапа шегіп келе жатқан мал мен жанды арашалап алады. Хан әскері көп шығынға ұшыраған. Бөрі батыры өледі.
Тұрманбет батыр Қараған Босағадағы қанды соғыста мерт болған Хорезм ханының батыры Бөрінің аманатқа қойған сүйегін еліне апарып, «Бөрінің сүйегін әкелдім» деп хабарлайды. Бөрінің балалары қаруын қолына алып, Тұрманбетке жақындай бергенде шешесі: - Тәйт, оғылан, тиме!.. Сендердің әкелерің үйде өлген жоқ, соғыс майданында өлді. Соғыста ажалы жеткен өледі. Бұл әкелерінің сүйегін аманатпен әкеліп отырған мейман. Оған тиюге болмайды, - деп жекіп тастайды.
Түрікмен еліне барғандағы батырдың негізгі мақсаты - досы Балуанияздың сол соғыста жаудың қолында кеткен Құла атын елге қайтарып алу еді. Міне, бұл жерде де Тұрманбет батырдың жауласқан екі ел арасында үлкен бітімгершілік жолындағы елшілік іс-әрекеттер жасайды. Тұрманбеттің қорықпай Бөрінің отбасына барып, оның әйелі мен бала-шағасына Бөрінің сүйегін қаймықпай жалғыз өзі апаруы - оның жау жүрек батыр екендігін аңғартса керек. Тұрманбеттің ерлігі ел аузында сақталып қалған.
Бұл тұрғыда тарихи деректер де аз емес. Қалай дегенде де Тұрманбет батыр «қарақазан-қатын баланың қамы үшін» емес, елдің тыныштығы мен татулығы жолында «түн қатып, түсі қашып» ерлік ісі ұрпаққа үлгі боларлық, Маңғыстау өлкесі тарихындағы ірі тұлғалардың бірі деп айтуға әбден болады. Олай дейтініміз, Қалнияз ақын:
...Туын жыққан дұшпанның, Атағозы, ер Лабақ.
Өзім көрген кешегі Амантұрлы, Қожалақ,
Балуанияз, Тұрманбет
Бердалы, Сүгір, Байбарақ ...- демей ме?
Сол секілді бұдан бұрынырақта облыстық «Маңғыстау»газетінің әр кездегі сандарында Балуанияз батырдың досы Тұрманбеттің ерліктері жайлы марқұм Есбол Өмірбаевтың «Балуанияз, Балтеке» мақаласында және өлкемізге қатысты архивтік деректерді ақтарып жүрген журналист, жазушы Әбілқайыр Спановтың «Ер қадірін ел білген» мақаласында «Тұрманбет батыр сол сапарынан (Қарабақы бөрінің сүйегін апарғанда) Қарабақы балаларымен төс қағыстырып, дос-біліш болып оралыпты. Сол достықтың хауазы ғой баяғы отызыншы жылдардың ойранында ата жұртынан ауып барған адайларды Қарабақы елі ағайындай қарсы алды деседі», - деп арада бірнеше жыл өткенген кейін бұрын жауласқан елдердің арасындағы соңғы кезде қалыптасқан көршілік достық қатынастарды көзі көрген кәрі құлақ қарттардан естігенін жазады.
Тұрманбет батыр жасы 97-ге келіп қартайған шағында қайтыс болады. Өзінің айтқан аманатын балалары орындап, сүйегін қанды көйлек жолдасы Балуанияз жерленген төбеге қоюды мансұқ еткен екен. Жалпы Тұрманбет батыр жайлы әңгімелер, жыр-дастандар баршылық. Тұрманбет - өзі өмір сүрген кезінде халқына ерлік, елдік ісімен пайдасы тимесе, зияны тимеген бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық батыр бабалардың бірі.
Енді батыр бабаның ұрпақтары жайлы деректер берсек, батырдың төрт баласы болған. Ең үлкені - Тасболат, содан соңғылары - Сынабай, Тасқынбай және Темірбай. Бұл балаларының ішінде Тасболат мал-дәулетті бай болған. Одан - Тәстен, Шаумұрын, Қаражан деген үш бала болған. Соның бірі - адайға байлығымен аты шыққаны бай Қаражан.
Тұрманбеттің ұрпақтарының ішінде менің көбірек білетінім және көзім көргені - бай Қаражан Тасболатұлы. Ол - Сам мен Үстірт үстінде өмір сүрген мал-дәулетті, байлардың бірі. Көбіне-көп Самның Мамай және Сыңғырлау құдықтарының маңын жайлаған. 1929-30 жылдары кәнпескеге ұшырап, Адайдан ұсталған 60 кісінің қатарында түрмеге түсіпті. Бір күндері татар тілмәштің көмегімен Ақтөбедегі түрмеден есебін тауып шығады. Сосын Самның құмына қарай күндіз бой тасалап жатып, түнде жүріп отырады. Жол бойы кездескен ауылдардан ас-су алады да, ілгері жүре береді. Бір ауылға кездескенде үйі сол жердегі қызылдарға қызмет қылып жүрген милицияға тап болады. Ол әрі бері «қайдан келесің, қайда барасың» деген үйреншікті сұрақ -жауаптың астына алады да, ұзақ тексеруден кейін әуелгі райынан әп-сәтте қайтып: «әнебір шеттегі біздің үй. Сол үйге кірсең саған шәй-су береді» дейді де өзі кетіп қалады. Қаражан «Бұл милиция қандай оймен айтты екен?» деп сәл ойланып тұрады да, неде болса сол үйге баруға беттейді. Барған үйі әлгі ұстаған кісінің әкесінің үйі екен. Үлкен кісі амандасқан соң суыртпақтап жөн сұрап, үйін сілтеген «қызыл жағалы» баласы екенін айтады. «Япырмай, шырағым ,сен менің баламның құрығынан қалай құтылдың? Ұстаған адамын жібермейтін ед-ау. Сенің бір ерекше қасиетің бар, құр кісі болмадың ғой", - дейді. «Отағасы, мен малшы едім. Ауылымнан адасып қалып, жаяу жүріп келемін» дегенде әлгі үй иесі: - Әй, жоқ, сен малшы да жалшы да емессің-ау. Амандасқанда байқағаным, алақаның мақпалдай жұмсақ екен. Малшы болатындай сенің алақаныңда күс жоқ. Мен адам танысам, сен бай-мырзаның біреуісің. Неде болса, асықпай шәй-суыңды ішіп жүрерсің» депті. Десе де, бұл үйден тезірек кетудің қамын жасап, шалалау шәй ішіп жолына түседі. Біразға дейін «әлгі милиция ізіме түседі-ау» деген ойдан көпке дейін арыла алмайды. Ауылдан ұзаңқырап барып, бой тасалайды. Осы бағытпен түн жамылып жүріп, Самнан көшкен аулының ізімен жол азабын тартып Бесқалаға бас сауғалап барған екен. Ол жерде кейбіреулер жайына қарап жүре ме, «мынау байдың біреуі»деп түртілеп қоймаған соң, Иранға тоқалымен бір баласын ертіп, өтіп кетеді. Иранда үй-күй жоқ, көп тұрақтамай, жағдай қиындаған соң Бесқалада қалған бала-шағасына қайтып оралады. Өздерімен бірге ертіп кеткен баласы ұзақ жолдағы қиындықты көтере алмай, ауруға ұшырап, қайтыс болған. Қаражан «Неде болса, басыма түскенді еліммен бірге көрейін» деген болуы керек, қиын да ұзақ жолдан азып-тозып, әйтеуір бір күндері тоқалымен келіп, Бесқаладағы бала-шағасымен қауышады.
Қаражан Иран асып-бас сауғалап кеткенде бәйбішесі Оқын әжеміз балаларын бағып отырып қалған екен. Қаражанды аулына келген соң да әрі-беріге дейін НКВД-ның тыңшылары қудалап, тыным бермей жүріп, бір күндері басылады. Ол Сталин қайтыс болғаннан кейінгі жылымық жылдар болса керек. Осы жылдардан бастап, Қаражан бой тасаламай, емін-еркін еңсесін көтеріп жүріп, елге араласып кеткен. Содан алаңсыз тыныш өмір сүре бастайды.Балалары колхоз, совхоз жұмыстарын жасайды. Бірақ Қаражан «жерге еңкейіп-сынық шөп алмастан» бекзат қалпында өмірден өтті. Оқын әжеміз үлкейе келе ауырып,1953 жылы қайтыс болып, Хожелідегі Мәздімхан сұлу қойымшылығына жерленіпті. Марқұм менің шешем: «кешегі өткен жоқшылық заманда Оқын енемізден бір нәрсе сұрап барсақ, «жоқ» демейтін. Көзіңе көрініп тұрған, пайдаңа жарайтын зат болса, несін сұрайсың, ала бер!дейтін қолы ашық» деп айтып отырушы еді.
Ертеректе осы жағдайларға байланысты әңгімеде Қаражанның немере інісі Аңдамас деген кәкеміз: - Сенің Әділ атаңның қабірі Оқынмен қатар жатыр,- деп кетіп еді, марқұм. Атамыз Әділ Қырдан Бесқаланың ойына құлаған 1929-30 жылдары қайтыс болған деп естіген едім.
Біз есімізді білгеннен бастап, Қаражанға «көкелеп» тізесіне таласып отырып өстік. Түр-түсі әлі көз алдымызда. Ұзын бойлы, аппақ күмістей ұзын сақалы омырауына түсіп төгіліп тұрған, қызыл шырайлы, көп сөйлемейтін кісі еді. Еңсесін тік ұстап жүретін. Жан-жағына қыранша көз тігеді. Адамға тіке қадалып қарамайды. Замандастарына қарағанда оның сақалы ұзын болатын. Сол үшін өзіне өкшелес келіндері «Ұзын сақал қайнаға» дейді екен. Байлығының арқасында жастай аты шығып, «мырза» атанған кісіні інілері де «көке» деп, құрақ ұшып тұратынын көзіміз көре қалды. Ол біз қашан көрсек те қолынан кішкентай құран кітабын тастаған емес. Қолынан құманын тастап, бес уақыт намазын қаза қылған жоқ шығар, сірә. Той-садақаға мінетін атының жем-шөбін, суын есінен шығармай бердіртетін еді. «Жануардың обалы бар» деп отыратын, обал мен сауапты ұстанған, иманжүзді адам еді. Арнайы шақырылған жерден қалмай барып, қонақасысын жеп, сый-құрметін көрді. Кездескен адамдардың Қаражанға «біздің үйге түсіп, қонақасыңды жеп кетіңіз» дегенін талай рет естідік, көрдік.
Қаражанның «мырза» атануына бәйбішесі Оқын әжеміз себеп болған дейді замандастары. Қаражан түздің адамы, өзімен үзеңгілес бай-мырзалармен ел аралап той тойлап, жақсыларымен жақтас жүрген. Қазан-ошақтың құлағын ұстап, үй шаруасына «билік» жасаған Оқын әжеміздің қолы ашық, орынды жеріне беретін, жөн-жосықты білетін болған. Үйі қонақтан арылмапты. Бірінен кейін бірі аттан түсіп, ізі суымай келіп-кетіп жатады екен. Бір қонақтан қалған етті екінші қонаққа асып бермей, мал сойып, қонақасы бергеніне қонақтары риза болып аттанып кетіп отырған. Қонақасы жеп, Қаражанның мырзалығына разы болған адамның бірі Бөгелек кәкеміз:
...Ескелдіде бай Қаражан,
Мырзалыққа жараған.
Аулының үсті көрінбейді екен,
Қаптаған қалың қарадан.
Қайнатып-күрең шай берген,
Пісіріп- құйрықмай берген,
Жамандаймын оны қай жерден, - деп аттанған екен.
Менің Қаражан жөнінде көбірек білетін себебім, Төлеқожа деген кісінің екі баласы болған. Біреуі - Маңғыстауға аты шыққан Тұрманбет батыр, екіншісі - Ерменбет деген менің бабам. Ерменбет жастай қайтыс болып кеткен. Бұл жөнінде Қаражанның немересі, Тілектің баласы Алтай ағамыз: «Ерменбеттің балалары атасы Төлеқожа мен ағасы Тұрманбеттің қолында өсіп, ержеткен» деп, естігенін айтып жүр. Өмірден ерте кеткен Ерменбеттен қалған төрт баланың біреуі Бөкенбайдан менің атам Әділ дөреген.Қаражанның бізбен осындай туыстығы бар. Бұл - бір.
Екіншіден, Қаражанды бала кезімізден ержеткенге дейін көріп, өстік. Бала кезімізде бұл кісінің алдына отыру – біз үшін үлкен бір мәртебе еді. Ылғи бала болып соған таласатынбыз. Атамыздың шапанының етегін жамылып, алдына отырсақ – онда бір арманымызға қолымыздың жеткені болатын. Тентектік жасаған бала да Қаражанның шапанының етегіне паналап, таяқ жеуден құтылады. Қаражанның адамгершілік қасиеті жөнінде айтар болсақ, оның пендешілік жасаған жерін көрген жоқпыз. Ол кісінің біреуді жамандап, сыртынан ғайбат сөз айтқанын естіген емеспіз. Қатты даусын көтеріп, сөйлемейтін. Мақтанып әңгіме айтпайтын еді. Тек қолқалап, бір нәрсені сұрағанда ғана сөйлейтін еді.
Қаражан мен Оқын әжемізден екі бала - Сәуірбай мен Тілек. Жамал деген қызы болды. Жамал апамыз бойжеткен соң, Көне үргеніш қаласына жақын маңдағы колхозда тұрған руы есек Әжібай деген кісіге тұрмысқа шығып, бала-шағалы болды. Қаражанның өзі: «Бұл Айдабол бидің тұқымы ғой» деп, Жамалды бергізген екен.
Аға-апамызды көріп, бірге араласып отырдық. Әжібай жездеміз берегерек келіп, 95 жасында дүниеден өтті.
Замандастары мен ет-жақын туыстары «Қаражан үш әйел алған» дейді. Оларды біз көрген жоқпыз. Олардан бала болды ма,болмады ма оны да көп білмейміз. Біз көрген Қаражанның жоғарыда аты аталған Оқын әжемізден туған ұл-қызы ірі денелі, келбеті келіскен, сабырлы да салмақты жандар еді. Олар ешкімге де қиянат жасамай, өз абыройымен, ағайын-туысқа сыйлы болып, өмірден озды.
Ел-жұртқа кезінде жасаған жақсылығымен «мырза» атанып, үлкенге де кішіге де сыйлы болып жүрген бай Қаражан 1972 жылдың тамыз айында Хатеп деген жерде отырғанда 87 жасында қайтыс болды. Намазына қарақұрым халық жиналды. Ол кезде мен орта мектепті бітірген кезім еді. Сонда үлкендер жағының: «молдалар көп жиналды» деп айтқан сөздері құлағымда қалды. Намазында жан-жақтан жиналған «28 молда болды» дегенді де естідім. Олардың ішінде атақты Оспан, Әмин, Хиуа секілді ахун-ишандар мен абыройлы ақсақалдар болған. Қазақтың ырымында, атақты адамдар мен қасиетті кісілер қайтыс болғанда киген киімдерін, ұстап-тұтқан заттарын «тәбәрік» деп алатын ырыммен Қаражанның да заттарын жұрт таласа- тармаса алған. Бізге «тәбәрік» деп, Қаражанның келіні Тәтен жеңгеміз тахиясын шешеме беріпті. Сол атамыздан қалған қасиетті бас киім үйімізде бар. Қазірге дейін сары алтындай сақтап жүрміз. «Мынау бай Қаражан көкеміз киген тахиясы деп», бала-шағамызға, немерелеріме, анда -санда көрсетіп қоятын әдетім бар.
Кәкеміздің бейіті «Мәздімхан сұлу» қойымшылығында. Өзінен кейін көп ұзамай қайтыс болған Нұрмұхан деген кәкемізбен қатар жатыр. Екеуінің де бастарына қыш кірпіштен кереге там салынған. Қаражанның өзі «маған үлкен күмбез там салмай-ақ қойыңдар» депті. Болмаса, оларға күмбез там салуға балаларының жағдайы бар, күші жететін еді.
Бай Қаражан сән-салтанаттан құр қалмаған. Ел ішіндегі той-мерекелер менайтулы астарға арнайы шақырылып отырған. Қадірлі қонақ болып, сый-сияпаткөрген кісі.Өмірінде мәстікпен ит жүгіртіп – құс салғанын естігенім жоқ, бірақ бәйгеге шабатын жүйрік ат ұстаған адам. Оның Бегей Байдаш деген кісі атсейісі мен «Ақпан қара» деген жүйрік аты болыпты. Кезінде Маңғыстаудың ойы мен Қырын дүбірлеткен атақты бірнеше асқа ат қосып, байрақ алған.
Қаражан 1924 жылдар шамасында осы Бейнеудің Сыңғырлау - Мамай құдықтарының басында әкесі-Тасболат Тұрманбетұлына үлкен ас беріпті. Асқа 500 үй тігіп, 1000 бойдақ қойды үйлердің алдымен жағалай айдатып қонақасы берген. Аста ат бәйгесі, балуандар күресі, Атан жарыс өткізілген. Осы аста жырлаған жыршылар аз болмапты. Бірінен кейін бірі таңды-таңға ұрып жырлаған екен. Ескелді Сүгір осы аста үш күн жырлады дейді шалдарымыз.
Сонда Сүгір:
...Сыңғырлау –Мамай басында,
Тасболаттың асында,
Жақсы мен жайсаң қасымда,
Үш күн ұдай жыр айттым,- деп жырлаған екен.
Осы астан бір дерек келтірген Жыңғылды ауылының тұрғыны Совет Нұрмағанбетұлы «Маңғыстау» газетіне жариялаған «Мәмбет балуан»деген мақаласында «...марқұм Бәйтілеуұлы Нұрбаулы былай деген екен» дей келе, «...1924 жылы Сыңғырлауда ескелді Тұрманбет баласы Тасболатқа арналған аста ат пен жүз сом күміс ақшалай бас бәйгені Мәмбет балуан жеңіп алды», - деп жазыпты.
Мен Мәмбет балуанның ұрпағы марқұм Мәмбетов Жұмысбек деген азаматпен Сыңғырлау ауылында тұрып, мектепте бірге жұмыс жасап, тұз-дәмдес болдым. Одан басқа да Мәмбет балуанның ұрпақтары Маңғыстаудың ойында, Сам өңірінде туып, өскен. Қазір бір қатары Бейнеуде, Ақтауда тұрып жатыр.
Естуімізше, Қаражанның мырзалығы мен қайыр-сақауат жасағандығы жайлы айтылған әңгімелер аз емес. Кедей-кепшікке жасаған көмегі мен жақсылығы да көп болған кісі. Кейбіреулерге жолда арып-ашып еліне жете алмай жүргенде берілген ат-көлікті «үйіріне қосты ма?» деп жылқышыларынан сұрамайды екен. Ертеректе Бесқалада отырғанымызда Бегей Үмбет деген кісі «сендер білесіңдер ме, Қаражанның төңірегінде 40 үйдей жарлы-жақыбай жақсылығын, қайырын көріп, күнкөріс жасаған екен» деп еді бір әңгімеде. «Жақынын жаттай сыйлаған» бай–мырзалар «май тамса өзімнің шапанымның етегіне тамсын» дегендей, көбіне-көп өздеріне ет-жақын ағайын-туыстарына малдарын бақтырған ғой. Қаражанның да малшысы мен жалшысы өзіне етжақын адамдары болған. Олар малына «бас-көз»болып, көбеюіне де себі тиген болар,бәлкім.
Өмірдің тәжірибесіне сүйенсек, ақылсыз адам бай болмаған. Олар ақылмен шаруашылықты үйлестіріп, байыған. Қаражан да төрт түліктің шаруасын терең меңгерген кісі болса керек. Жатса-тұрса малдың жайын ойлап, қолайлы қонысты тауып, шөбі шүйгін жерлерден құдық қаздырып жайлаған. Соның арқасында малы өскен-бай болыпты.
Бала кезімізде біздің үйге де Қаражан анда-санда хабар алып, келіп тұратын еді. Келгенде «аузымызды қу шөппен сүртіп», қарап отырмай-қой сойып, қонақасы беріп, батасын алатынбыз. Бірде шешеміз екеуіміз қорамыздағы қойлардың біреуін соймақшы болып, үлкен қойды сүйрелеп жатырғанымызда сыртқа дәрет алуға шыққан Қаражан «әудем»жерден тұрып: «Әй, ол қойды босатып жіберіңдер, ол буаз ғой» деді. Біз аң-таң болып, басқа қойды сойдық. Әлгі босатып жіберген қойымыз бір-екі айдан кейін қоздады. Сонда біз оның көрегендігін көрген едік.
Қаражан өз қатар замандастарына да, іні-келіндеріне де, бала-шағасына да сыйлы, қадірлі болды. Еңкейіп жерден сынық шөп алмай, тіп-тік болып, бекзат кейпінде өмірден өтті. Ауырып жатқанында көңілін сұрап келушілер көп болғанын көрдік. Үлкен кісілерден замандасы Нұрмұхан деген кәкеміз ол өмірден озғанша тапжылмай басы-қасында отырды.
Тағы оқыңыздар: Түпқарағанда полигон салына ма?
«Бір сөз – бір сөздің қуғыншысы» деген ғой, Нұрмұхан атамыз кезінде Адайға аты шыққан Алыбай батырдың ұрпағы. Алыбай атамыздың бейіті - Маңғыстаудың Жармыш ауылына жақын жерде деп естідім. Нұрмұханың баласы Қилыбай Атаниязов Қарақалпақстанда мемлекеттік деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарған ағамыз еді. Кезінде Алматы зоовет институтын бітірген маман, зоотехник, совхоз директоры, Қарақалпақстан ауылшаруашылығы министрі болған қырғыз Сұлтан Төремұратовтың орынбасары, кейінгі жылдары Тахия-тас құс фабрикасының бас директоры болды. Қарақалпақстан обкомының бірінші хатшысы болып, 20 жылға жуық ел басқарып қызмет атқарған қарақалпақ перзенті Қаллыбек Қамаловпен қимас дос, сырлас, сыйлас болған кісі. Сол Қаллыбек Камалов мемуарлық кітабында Қилыбай ағамыздың халық үшін жасаған қызметіне ризашылықпен жақсы пікір жазыпты. Соны оқып, қуанып қалғаным бар. Қилыбай ағамыздың балалары қазіргі кезде Алматы қаласында тұрып жатыр.
Қаражанға қайта оралсақ, Қаражанның қасиеті дарып, Оқын әжемізден туған ұл-қызы ата салтына қылау түсіріп, кір келтірген жоқ. Олар бай баласына тән қалыппен өмір кешіп, дүниеден өтті. Олардан дөреген ұрпақ көп, өсіп-өнген, ата жолынан аумай келеді. Елге аты шыққан атадан тараған ұрпақтары Қаражан баласы Сәуірбай мен Тілек өмірден озды. Сәуірбайдың кемпірі Меңді әжеміз Ақжігіт ауылында тұрады. Екі қызы тұрмыс құрған. Бала-шағалы. Ал Тілек ағамыз кешегі Кеңес дәуірінде Бесқалада жүріп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған механизатор болды. Оның балалары Алтай, Зорбай, Кітабай, Назар бір-бір шаңырақ иесі. Қыздары Жауқазын, Айсалқын - Бейнеуде. Жұмагүл Төлеп селосында тұрады. Бәріде тұрмыс құрған бала-шағалы жандар. Балалардың көпшілігі қазір Бейнеуде. Жаңаөзенде Кемал деген баласы бар. Бір баласы Сәркен отбасымен Ресейде тұрып жатыр. Жалпы, Қаражанның ұрпағы өсіп-өнген әулет.
Ал, Тұрманбеттің басқа да балаларынан да ұрпақ өскен. Тасқынбай, Сынабайдың ұрпақтары бұл күнде Бесқала мен Бейнеуде өмір сүріп жатыр. Сынабайдың Тәуекелінен қазір Мәдірей деген ағамыз 80 жаста.
Содан соңғы Тұрманбеттің кенже баласы Темірбайдан-Оңайбай, Боранбай және Дәрібай болған. Дәрібайдан бір қыз бар Бейнеуде тұрады. Оңайбай мен Боранбайдан дөреген ұрпақта Бейнеуде. Қазір Оңайбайдың баласы Край Ақжігіт ауылында. Тұрманбетке ең жақын ұрпағы - осы Край деген азамат. Ол Тұрманбетке шөбере болып келеді. Батырдың басқа ұрпақтары өсіңкіреп кеткен.
Жалпы айтқанда, қазіргі кезде Тұрманбеттің үрім-бұтағы 40 үйге жетіп қалды.
КӘРІСБАЙ ӘДІЛ