Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда маңғаз өңір Маңғыстаудың тарихын тереңнен зерттеп-зерделеу, археологиялық мұраларды жаңғырту мәселелері қарастырылып, аймақтық туризмді дамытудың нақты бағыттары, ұсыныстары талқыланды.
Өлкенің алтын тарихына бей-жай қарамайтын жандар жиналған кеңес отырысына Астана, Алматы қалаларынан келген Зейнолла Самашев, Ислам Жеменей, Дмитрий Воякин, Андрей Астафьев сияқты белгілі археологтар, тарихшылар қатысты, 6 мәселе қаралды. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы әрбір мәселе Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген тапсырмаларға сәйкес жіті қарастырылатынын жеткізді.
- Киелі түбектің тарихи-мәдени ескерткіштері ерекше бақылауда болғаны абзал. «Отпан тау» тарихи жері, «Сисем ата», «Шақпақ ата» жерасты мешіттері сынды киелі жерлерге немқұрайдылықпен қарауға болмайды. Бұл - тек маңғыстаулықтар ғана емес, бүкіл қазақ елінің баласы үшін маңызды орын, алтын тарих, өшпес сезім. Отпан тау – әрбір қазақтың жүрегіне жақын, барлық қазақтың басқосар жері болуға лайық. Рухани қазыналарды жаңғыртып, өңірлік туризмді дамытуға жол ашуымыз керек. Облыс, қала, аудан аймақтарында орналасқан ескерткіштерді қорғауға алу, бұзылып, бұрынғы қалпынан айырылғандарды реставрациядан өткізуді біз қолдауға әзірміз. Барлық аудандардың әкімдеріне осыған байланысты тиісті тапсырмалар берілді. Біз де қол қусырып отырмаймыз. Киелі жерлерге келетін адамдарға да тәртіп орнату керек. Сырттан келгендер біздің жердің тәртібімен, ережесімен санасқаны жөн. Сондай-ақ реставрациялау жұмыста сапалылық болса деймін. Келесі жылы реставрациялаудан өткен ескерткіштер, мұралар қирап, құлап жатпасын! Күн тәртібінде тарихи-мәдени мұраларға байланысты маңызды мәселелерді бірге талқылап, бірге шешеміз, - деп ақтарыла сөйледі облыс әкімі.
Кеңесте «Қазреставрациялау» мекемесінің ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының маманы Сәдуақас Ағытаев ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сапасын жетілдіру бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде Маңғыстаудың мәдени мұралары қайталанбас құрылысымен, ерекше тарихымен құнды екенін айтып, оларды зерттеп, бақылауда ұстайтын ғылыми-зерттеу орталық құру қажеттігін алға тартты. Тендер мәселесі, мамандар тапшылығы да – өзекті мәселе деді. Сондай-ақ ескерткіштердің іші-сыртын көрсететін, аралауға мүмкіндік беретін цифрлық форматын жасауды ұсынды. Облыс әкімі аталған мәселелердің маңыздылығын ескеріп, мәселелерді жүйелеп, нақтылау қажеттігін білдірді.
Ал Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы «Үстірт пен Маңғыстаудағы ежелгі ғибадатханалар мен ортағасырлық Белдеулі керуен-сарайы. Жаңа зерттеулер мен мәселелер» тақырыбын талқылады. Ол баяндамасында «Қызылүйік», «Ақпан» ғибадатханаларына тоқталып, облыс пен Үстіртте 250-ден астам тас мүсіндер табылғанын тілге тиек етті. «Тас өнерінің ең ежелгі әрі көп дамыған тас мүсіндердің 400-ге жуығы Қазақстанда табылды, оның 250-ден астамы осы киелі жерге тиесілі. Бұл тас мүсіндер музейде, ғибадатханалар ішінде, далада орналасқан. Оның бірі бүтін болса, бірі екі бөлініп, қираған. Олардың бет-бейнесін қалпына келтіру қолымыздан келеді. Бастысы, әрбір сармат-массагеттік тас мүсіндерді картографиялап, төлқұжаттап, бәрін бір жерге жинау керек. Осы өңірге ғана тиісі бұл ескерткіштерді сақтау мен қорғау мақсатында Ақтау қаласынан «Тас мүсіндер көрмесін» ашуды ұсынамын», - деді Ақан Оңғарұлы.
Облыс әкімі археологтың ұсыныстарына риза болып, көрмені ашық аспан астында жасау бастамасына толық қолдау көрсететінін айтты. Кеңес барысында белгілі археолог А. Астафьев «Ұлы жібек жолы солтүстік тармағының сауда жолындағы Маңғыстаудың археологиялық ескерткіштері», Д.Воякин «Маңғыстау археологиясы дамуының жаңа бағыттары», Б.Нұрдәулетова «Қырымның қырық батыры» жырлар циклі Маңғыстаудың рухани бренді ретінде» тақырыптарында баяндама оқыды. Дмитрий Воякин баяндамасында өңірдің ескерткіштерін ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұрасына енгізу, су асты археология, археологиялық паркін құру мәселелерін қозғады. Ал Андрей Астафьев «Алтынқазған» діни-қабірлеу кешені» жобасын жүзеге асыру туралы әңгіме өрбітті. Облыс әкімі «Алтынқазғанды» ерекше бақылауға алу қажеттігін айтты.
«Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, «Әбу-Ханифа» орталығының жетекші ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей «Рухани жаңғыру: Тарихи сана» тақырыбында орамды ойларын білдіріп, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. «Бірінші ұсынысым - Маңғыстау және Каспий теңізіне қатысты ортағасырлық жазба деректерін қазақ тіліне аударып, жариялау. Екіншісі - қасиетті «Отпан» туралы қомақты зерттеу еңбегін жазып, жарыққа шығару керек. Үшіншісі, мәдени мұраларға бай Маңғыстауға ғылыми саяхаттауға мүмкіндік беретін ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми семинар ұйымдастыру болса, төртінші ұсыным - түркі әлемде ғылыми ұйымдар мүшелерін өз қаражатымен Маңғыстау өлкесіне саяхат жасату», - деп атап өтті ғалым.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов барлық мәселелерге айрықша назар аударып, аймақтың дамуына серпін берер жақсы жобаларға, ұсыныстарға қолдау көрсететінін жеткізді.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="41263,41264,41260,41262,41257,41258,41261,41256,41265,41259,41255,41254,41253,41252"]