Таланттың топырағына тартып туатынын дәлелдейтін екі өңір болса бірі-Шайыр шығар. Шіренген талай сабазды, бір ауыз сөзбен қайырған Қашағандарды айтпағанның өзінде осы топырақтан түлеп ұшқан дарын иелерін санағанда он саусағымызды екі-үш мәрте бүгетініміз рас. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы да сол топыраққа тартып туған талант туралы болмақ.
8-наурыз, мейрам, шат-шадыман, көңіл, көктемдей құлпырған нәзік жандылар, бәрі бәрі жарасымды. Бұл күні әйел затының тарапына қандай мадақ айтсақ та жарасымды. Өйткені айтылған мадақ-құр мақтау емес шыныдай мөлдір шындық. Аты нәзік болса да заты мықты әйел затын Алла тағала ерекше етіп жаратуының өзі түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянып, сәбиінің саулығы үшін ештеңеден тайынбайтын аналардың асылдардың асылы екендігінің дәлелі.
Шайыр ауылында дүниеге келіп, ауыл сахнасынан бастап ән шырқаған Ізтұрғанова Майра ұлағатты ұстаз, ардақты ана, адал жар, тату абысын, ата-ене алғысына бөленген көркем мінезді келін. Бүгінде Шетпе гимназиясында ән-саз пәнінен дәріс беретін әріптесі туралы ұстаз Ғалия Ордабаева айтып берген болатын. Биыл Майра апайдың өміріндегі айтулы үш жиырма бестің жылы екен. Жаңалықты ести сала, өзіміз мереке сайын тамылжыта салған әнін тыңдап жүрсек те жеке өмірі туралы өнжейлі ештене білмейтін Майра апайымызға хабарластық.
Талантқа қатысты тағы бір туындаған ой, ата-анасының азан шақырып қойған есімі де әсер ететін сияқты. Мәселен, Роза, Мақпал, Майра деген әнші қыздар әр заманда да халықтың сүйікті әншілері болған. Көмекейіне бұлбұл құс ұя салған талантты әнші Майра Уәлиқызы, қазақ әндерінің мекені «Қазақ радиосының» алтын қорында әндері сақталған Майра Жүрсінова, Майра Ілиясова, Майра Мұхамедқызы өнерімен талайларды тамсандырған талант иелері. Өз заманында «Майра, Майра, қызыл тілім сайра» деп ән шырқаған Ертістің ерке сұлуының жалғасындай біздің Майра Маңғыстаудың маңдайалды әншісі.
Сонымен үш жиырма беске жеке тоқталсақ, біріншісі жалықпай ұстаздық еткен жылдары екен. 1986 жылы Шайыр орта мектебін бітірген Майра 1991 жылы Атырау педагогикалық институтынан «музыка жане педагогика» факультеті бойынша диплом алып шықты. Содан бері үздіксіз шәкірт тәрбиелеу ісінде жүрген оның алдынан талай жас өнер өлкесіне бет алды. Әнді Абайша сүйген апайымыз үйретуден де үйренуден де жалықпады. Мұғалімдік қызметімен қоса ауданның мәдениет саласында да еңбек етіп жүрген өнерпаз ұстаз биыл «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде өнер көрсететін «Отпан» фольклорлық ансамбілінің мүшесі. Республика көлеміндегі жеңістері бір төбе де Венгриядан алған жеңісі бір төбе ансамблдің жетістікке жетуіне бір адамдай үлес қосып жүрген әншінің жеке концерті де өтті. «Бақыттымын құрбылар» деген атпен түндігін түрген кеш Бақытнұр, Ботакөз сынды ансамбль әншілерінің өнерін насихаттады.
Әншінің бойындағы қабілетін танып бала кезде өнерге баулыған ұстаздары Сағынғали Нұрғожаев пен Қожаберген Арашев болса, үлгі тұтатын өнердегі ағалары марқұм Талғат Атшыбаев, Қыдырбай Тұрмағанбетұлы және бүгінде бірге қызмет етіп жүрген Әбіл Жұмағалиев, Ерекен Корабаев ағамыз екен. Ұстазы мықтының ұстанымы мықты демекші ұстаздарының әрқайсысы ұлы деп айтуға тұрарлық әнші қыздың бүгіні басқаша болуы мүмкін емес еді.
Халқымызда «бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген сөз бар. Жиырма бес жыл бұрын бір әулетті қуанышқа бөлеп, келін атанған Майра бұл жалғанның бір мәні – ұрпақ өсіріп, солардың жақсылықтарына бөлену екеніне бүгінде көзі әбден жеткен. Шаңырақ көтергендеріне ширек ғасыр уақыт өткен жолдасы Жұмағалиев Есембет екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Бірлік пен берекесі жарасқан ынтымақты отбасы 2011 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды. Тұңғыштары Аманқосова Сандуғаш ана жолын жалғаған ұстаз, еліміздің таңдаулы оқу орнын үздік бітірген жас маман бүгінде өз ісінің шебері. Аманқосова Айгерім аграрлық сала мамандығы бойынша жоғарғы оқу орында оқып жүрсе де өнерден алыс ұзап кетпеді. Қобыз ойнауды шебер меңгерген жастың бойында ана сүтімен дарығын өнерге деген махаббат бар. Шетпе гимназиясының 10-сынып оқушысы Аманқосов Райбек эстрадалық ән жанрында өткен бірнеше байқаудың жүлдегері, аудандағы Жайдарман командасының белді мүшесі. Кенжетайлары Есембетқызы Жайдары аудандық өнер мектебінің дәстүрлі ән сыныбында дәріс алады.
Қара бастың қамын емес, қара шаңырақтың берекесін жоғары қойған Майра апай қарт ата-енесін балаша баптап отырған келіндердің бірегейі. Ата-ененің алдынан кесіп өтпеген келіннің көсегесі көгеретіндігінің тірі куәсі деп та айта аламыз. Тәрбиенің тінін үзбей ұрпағына бере білген ананың бір елге келін болған қызы да абыройлы. Анасын көріп қызын ал деген осы міне. Мұндай қазақы тәрбиені, тамыры діннен нәр алған дәстүрді көп жерден кездестіре алмай жүргеніміз жасырын емес.
Майра апай үшінші мерейлі межем деп санайтыны бәрімізге ортақ ұлық мереке-ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы еді. Еліміз егемендігін алған осы жылдар ішінде әркім өз үлесін қосты. Арды ойлаған аналардың сарқыты Майра Ізтұрғанова білім, мәдениет саласындағы еңбегімен ғана емес салауатты ұлт, ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп те үлес қосты. Отанасының да, балаларының да білім мен өнер бәйгелерінен алған марапаттары мен жеңістерін тізбелейтін болсақ бір кітапқа жүк боларлық. Мектепті, университетті қызылмен бітірген, шет елден жүлде алған бала тәрбиелеген ананың жетістігі, сахнаның сәні болған әншінің өнердегі биігі елдің көз алдында. Біз мереке қарсаңында былайғы өмірге әнші ретінде танитын апамыздың осындай шаңырақтың ұйытқысы болудағы ерлігіне тәнті болдық.
Мақала дайындау барысындағы шағын сұхбат кезінде кейіпкеріміз өзінің осы күнге жеткені ата-анасы және өмірлік жарының еңбегі екенін бірнеше мәрте айтты. Ата-анаға, құдай қосқан қосағына деген ризашылық, махаббат деген осы емес пе?! Өнерін де өрістетіп, отбасының да берекесін арттырған отанасының әрбір ісі үлгі тұтарлық екен. Осындай аналарымыз аман болсын деген тілек те болдық.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА