Береке бастауы бірлік пен ел ішіндегі тату тірлікті ту еткен қоғамымыз үшін 1 мамыр мейрамының алар орны ерекше. Осы атаулы күні сан жылдар бойы мемлекетіміздің аумағында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жүздеген түрлі ұлт және ұлыс өкілдері береке мен бірлік, бейбітшілік пен ынтымақ мерекесін тойлайды.
Дүние жүзінде ешқандай баламасы жоқ Қазақстан Халықтары Ассамблеясы 1995 жылғы құрылған сәтінен бастап, ел ішіндегі ұйысқан тірлікті сақтау бағытында тынымсыз еңбектеніп келеді. Бастауын жиырмасыншы ғасырдан алатын 1 мамыр – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ мерекесі тәуелсіз ел болған соң Елбасы Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан Халықтарының бірлігі күні деп аталып, 1996 жылдан бері осындай атаумен тойлануда.
Біздің басты байлығымыз, басты жетістігіміз – байтақ республикамызға қиын жылдарда келіп, пана тапқан барша ұлттардың өзара татулығы мен бірлігі және өзара түсіністігі мен сыйластығы. Осы ұстанымды нық сақтайтын жерлестеріміз мереке күні халықты бірлікке үндейтін патриоттық бағыттағы шерулер ұйымдастырып, жәрмеңкелер өткізеді, бойындағы өнерлерін ортаға салады.
Жалпыхалықтық мейрам күні түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ұлттық киімдеріне малына киініп, жиналған қауымға кең жайылған дастарханнан ұлттық тағамдар қойып, дәм татқызады, алуан түрлі спорттық сайыстар өткізеді. Аспан көгіне самғаған әуендер бұл күнгі мерекелік көңіл-күйдің ерекшелігін айғақтай түседі.
Әлемдегі экономикасы озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды басты мақсат етіп қойған еліміздің жарқын болашағы үшін еңбектеніп жатқан жерлестеріміздің қадамдары нық болып, көксеген арман-ниеттеріне жете берсін!
Жалғас АЙТҚҰЛОВ