©
Жуырда Қазақстандағы Италия елінің мәдениет күндеріне орай Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде «Италияға саяхат» атты Италия фольклорлық музыка ансамбілінің шығармашылық кеші өтті. Амброджо Спаранья көркемдік жетекшілігімен өнер көрсеткен Италия фольклорлық музыка ансамбілі ерекше әуен, тың талғам, шынайы талантымен тәнті етіп, көрермен көзайымына айналды. Қонақжай қазақ елінің зор құрмет, ыстық ықылас әрі риясыз көңіліне риза болған өзге ел өнерпаздары да озық орындау тәсілін ортаға салып, сахна сәніне айналды. Кеш ажарын айшықтай түскен «Ақжарма» фольклорлық ансамбілі мен итальяндық өнер иелері қазақ күйлерін және италия халық музыкасын бірлесе орындап, ерекше қошеметке бөленді. Тосын сый өнерсүйер қауымға зор қуаныш сыйлап, көрермен көңілінде толқыныс тудырғандай еді.
«Бүгінгі кеште әуелер әсем әуен ырғағы Италия елі мен жерінің тылсым табиғат таңғажайыптары туралы сыр шертеді. Әсем табиғатпен тілдескен әрі үндескен әуезді әрі әсерлі музыка көрермен көңілін баурайды деген сенімдемін. Қазақ музыканттарымен шығармашылық тәжірибемен алмастық. Екі ұлт мәдениетіне ортақ әрі ұқсас музыкалық аспаптар мен әуендер бар екен. Содан екі ел музыкасын үндестіре үйлестіру идеясы туындады. Тың ой оң нәтиже беріп, көрермен тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымын»,-деді ансамбль жетекшісі Амброджо Спаранья.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ