©
Киелі Маңғыстаудың қойнауы қазынаға, дарынға, өнерге толы. Бұл қасиетті жерден небір тума таланттар, дара дарындар өнер биігіне қанақ қақты. Оның ішінде Маңғыстау өнер колледжін 23 жыл басқарған Аманбек Сүндетовтың орны ерен.
Өлке өнерін өркендетуге зор үлес қосып, жастарды киелі сахнаға баулып, өнерге тәрбиелеген Аманбек Махуұлы 1947 жылы туған. Кішкентайынан өнерге ғашық. Әкесі Маху Сүндетов ел ішінде жыршылық, палуандық өнерімен белгілі болған. Аманбек аға балғын балалық шағында-ақ өнер әлеміне еніп, әкесінің әсері болса керек, өмірін осы салаға арнаған.
Аманбек аға 1966 жылы Гурьевтің музыка училищесін тәмамдаған бойда арман қуып, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға түсіп, домбыра-прима сыныбына оқуға қабылданады. Ұстазы, профессор Николай Андрейұлы Лавченковтан тәлім алып, шеберлігін шыңдайды. Білікті ұстаздардың қолдауымен дарынды, мықты орындаушы ретінде танылады. Қарым-қабілетімен көзге түскен ол Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне орындаушы болып жұмысқа кіреді. Консерваторияны аяқтаған соң Отан алдындағы борышын орындап, әскер қатарына қосылады.
1972-1983 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы музыка училищесі мен Өнер институтында ұстаздық қызмет атқарып, шәкірттер тәрбиелей бастады. Есімдері елге мәшһүр, республикалық, халықаралық деңгейде белгілі музыканттарды өсірді. Н.Тілендиев атындағы академиялық «Отырар сазы» оркестрінің, Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінде бас дирижері болған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Жалғасбек Бегендіков, Алматыдағы мемлекеттік эстрадалық-симфониялық оркестрдің бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Байқозов және т.б. танымал өнер тарландары Аманбек Сүндетовтың шәкірттері болған.
Аманбек аға кіндік қаны тамған туған жері – Маңғыстауға 1983 жылы оралды. Туған өлкесінде еңбек жолын бастаған ол өзіне жүктелген жауапкершілікті, тапсырған міндетті абыроймен атқарады. Орда бұзар отыз жасқа жеткен ер жігіт еңбекқорлығымен, талпынысымен көрініп, Форт-Шевченко қаласындағы музыка мектебіне директор болып тағайындалады. Тынымсыз еңбегі арқасында 1986 жылы қалалық мәдениет бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылатылады. Ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби білгірлігі, еңбекке деген құштарлығы арқасында зор жетістіктерге жетеді.
1989 жылы ол Ералиев ауданының мәдениет бөлімінің меңгеруші қызметіне шақырылды. Ал 1990 жылы Ақтау қаласында алғаш қазақ балалары үшін ашылған өнер мектебіне басшылық етті. Өнерге құштар балақайлар мектебінің шаңырағын көтерісіп, керегесін кеңейтті. Осы жылдары Аманбек Сүндетовтың еңбек жолында, өмірінде батыл бетбұрыстар орын алады. Облыс бойынша өнердің мамандарын дайындайтын оқу орнын ашу қажеттілігі өткір тұрды. Бұл түйткілді мәселеге бей-жай қарай алмаған Аманбек Махуұлы осы жұмыстың басы-қасында жүрді. Жоғарғы органдардың алдына қойылған мәселе оң шешімін тауып, 1993 жылы Маңғыстау өнер колледжі есігін айқара ашты. Оның алғашқы директоры болып Аманбек Сүндетов тағайындалды.
-Бұл мектеп қиын уақытта құрылды. Оның ашылуына себепкер болған бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы Құжырғали Төлеуішов. Ол Алматы қаласында бір айдай уақыт болып, ілкімді істер атқарып, колледждің ашылуына үлкен еңбек сіңірді. Оқу орны ашылған соң 50 бала қабылдап, жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттік. Алдымызда көп кедергілер кезікті: музыкалық аспаптар тапшы болды. Жоқтан бар шығарған кез ғой. Алғашқы мұғалімдер қатарында – қобызшы Хадиша Балапашева, домбырашы Айтберген Жаңбыршы тәрізді өнер саңлақтары болды. Қазіргі таңда колледжlе 75-тен астам ұстаз қызмет атқарады. Колледжіміз республикадағы өнер саласы бойынша ең соңғы болып ашылса да, бүгінде оның абыройы асқақ, мерейі үстем. Елдегі алдыңғы қатарда тұрған үздік колледждер сойынан табылады. Студенттеріміз республикалық, халықаралық байқау, фестивальдерде жеңіс тұғырынан көрініп, ел мәртебесін асырып жүр,-деп ақтарыла сөйледі А.Сүндетов.
Ол 23 жыл бойы талай өнерпаздардың ұясына айналған Маңғыстау өнер колледжін абыроймен басқарды. Оның қуатты қолдауымен, мықты медеуімен колледж түрлі өнер мамандарын дайындау сапасы жөнінен жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, республика бойынша алдыңғы орындарға шықты. Колледждің көптеген түлектері ұлттық консерваторияға түсіп, өз мамандықтарын одан әрі жетілдіре түсті. Оның домбыра-примада оқытқан бірнеше төл шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық конкурстардың лауреаттары, дипломанттары атанды.
Аманбек Махуұылының зор еңбегін, ерекше дарынын бүкіл республиканың мәдени элита қауымы мойындап, бағалайды. Ол өнер әлемінде биік белестерді бағындырды, толағай табыстарға қол жеткізді. Ізденімпаздығы, білімі мен майталмандығы арқасында Қазақстан білім беру істерінің құрметті қызметкері «Әдістемелік жұмыстың үздігі» медалімен марапатталды. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры атанды.
Маңғыстаудың өнер ұясынан ұшырған шәкірттері - өлке мерейін арттырып жүрген өнерпаздар. Бүгінде колледжді бітірген, облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары болған домбырашылар Абылай Тілепбергенов, Ғазиза Ұзақбаева, Набияр Алтаев, Алтынай Жұмағалиева, дәстүрлі әншілер Ақмарал Ерімбетова, Сәбит Шектібаев, примашылар Бауыржан Көбенғалиев, Әлібек Мұратов және т.б. атауға болады. Алтынай мен Абылай ұлттық консерваторияда ұстаздық қызмет атқарса, Ақмарал мен Ғазиза, Сәбит, Бауыржан, Әлібек колледжде еңбек етіп, жергілікті жұлдыздарды өсіруде.
Өнерде өзіндік орны бар Аманбек Сүндетов осы жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Алдымыздағы 2017 жылы жетпіс жастың белесіне көтеріледі. Осыған орай, жуырда Абай атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» атты мерекелік концерт өтті. Маңғыстау өнер колледжінің ұстаздардары мен шәкірттері Аманбек ағайға ыстық ықыласы мен риясыз ризашылығын, құрметі мен сыйластығын білдіріп, өнерін паш етті. Облыстық білім басқармасының, облыстық мәдениет басқармасының басшылары ақжарма тілектерін ағытты. Маңғыстау өнер колледжінің жаңа директоры Жайнаш Манова құттықтау сөзін жеткізді.
Бұл жылы лебіздерге «Маңғыстау» газеті де қосылады. Дара дарын, тұғырлы тұлға Аманбек Махуұлына алдағы уақытта да еңбегінің жемісін көре беруіне тілек білдіреді.
Ханым ҚУАТ