©
Бүгін Түпқараған аудандық атырапты пошта бөлімшесінде «Жазылушылар күні» аталып өтті. Форт-Шевченнко қаласының 170 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекеде жазылушылар пошта бөлімшесінен жайылған дастарханнан дәм татты. Қала тарихында ерекше орын алар Маңғыстауда алғашқы радио-телеграф байланыс станциясы болған 1912 жылғы ғимаратта бүгінде пошта бөлімшесі қызмет етеді. Бөлімшеден жазылушылар газет-журналдардың 400-ден астам түріне жазыла алады екен.
Түпқараған аудандық пошта бөлімшесі бастығы Алтын Сейталина қазан айында жылда аталып өтетін атаулы күнмен жазылушыларды құттықтап, жылдың ең бірінші жазған 10 жазылушыға «Ақкетік арайы» газетінің 1 жылға жазылу түбіртегін сыйға тартты. Сондай алғашқы жазылушылардың бірі – Таңсұлу Оразбаева. Мал шаруашылығымен айналысып, зейнетке шыққан апаның ермегі - газет-журнал оқу.
-Мен газет-журналға арнайы келіп, жазылып тұрамын. Бүгінгі қала күнімен, әрі жазылушылар мерекесімен барша қала тұрғындары мен жазылушыларды құттықтаймын! «Маңғыстау», «Ақкетік арайы» газеттерін міндетті түрде жазылып алып тұрамын. Сонымен қоса «Ақ боасаға» газетінің де тұрақты оқырманымын, - дейді зейнеткер Жаңылхан Тұрарова.
Пошта бөлімшесіне келген барлық жазылушыларға «Қазақстан әйелдері», «Пайдалы кеңес», «Балдырған» сияқты республикалық басылымдар таратылды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суреттерді түсірген автор