© Талант ҚҰСАЙЫН
Балауса бүлдіршіндерге бақыт сыйлап, езуіне күлкі үйірер, көңілді кейіпкерлер, жанды образдармен балаң көңілге қуаныш нұрын себелер Маңғыстау қуыршақ театры биыл жаңа бағытта өз қызметін жалғайды. Карантин құрсауы сөгіле бастаса «балдырғандар театры» көрермендерге есігін айқара ашпақ. Осыған орай театр директоры оқырмандармен биылғы жоспарымен бөлісті.
«Жыл басынан бері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының 40 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп отырғандықтан «Бабалар жер» деп аталатын ұлттық спектакльді жарыққа шығаруды жөн деп санадық. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы күндері кішкентай көрермендер үшін жаңа қойылым сахналанады. Барлық қуыршақтар жасалып, көркемдік безендіру жұмыстары жасақталуда. Әлемдік пандемия әсері бізге кері ықпалын тигізгені рас. Балалар көбіне қашықтан оқып, үйде отыруға мәжбүр болды. Біздің театр жуырда «Ашық» мобильді қосымшасы арқылы өз жұмысымызды бастаймыз.1 маусым - балаларды қорғау және 4 маусым - мемлекеттік рәміздер күніне орай көптеген тапсырыстар түсіп жатыр», - дейді Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.
«Көрермендер қызығушылығын ояту үшін репертуарлар жаңарып отыруы қажет. Әр түрлі бағыттағы режиссерлермен жұмыс жасауға тиіспіз. Осы мақсатта тамыз айында Елордадан Бекболат Парманов ағамызды жаңа қойылым қою үшін шақырып отырмыз. Ол өзінің «Кішкентай балапандар» атты қойылымын ұсынып отыр. Сонымен қатар кішкентай көрермендерді қуанту үшін арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта осы жоспарларды жемісті жүзеге асыру– басты мақсатымыз», - деп атап өтті ол.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ