Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстағы заң кеңесшілері мен заңгерлер халыққа тегін көмек көрсетуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгінде облыста 20-ға жуық заңгер мен 90 адвокат халыққа тегін заңгерлік кеңес береді.
-Жыл басынан бері мамандар 2 мыңнан астам азаматқа, ал өткен жылы 6 мыңға жуық тұрғынға құқықтық көмек көрсетті, - дейді Әділет департаментінің мамандары.
Алимент өндіру, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, қандас мәртебесін алу, асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу, өндірістік жарақаттың орнын толтыру, жыныстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша нотариусқа, адвокатқа және сот орындаушысына хабарласуға болады.
- Халықтың әлеуметтік осал топтарына – көп балалы отбасыларға, табысы кедейлік шегінен төмен адамдарға, зейнеткерлерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларына және оларға теңестірілген адамдарға, ардагерлерге заңгерлік көмек тегін көрсетіледі. басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлерге де. Ал кейбір мәселелер бойынша – алимент өндіру, зейнетақы тағайындау, қандас мәртебесін алу және басқа да бірқатар мәселелер бойынша адвокат немесе заң кеңесшісі өтініш берушінің мүддесін сотта тегін қорғай алады, – дейді Маңғыстау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Айзат Тіленбаев.