Валерия Шальнованы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Іс Қылмыстық кодекстің 99 бабы, 2 бөлігі 10-тармағы (зорлау және кісі өлтіру), 191-бабы 1-бөлігі (тонау) және 121-бабы 1-бөлігі (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер) бойынша жолданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
“ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 24-бабына сәйкес істі дұрыс шешу үшін және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданды.
Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді” делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы спортшының мәйіті Ақтаудағы су каналының маңынан табылған болатын. Қылмыстық іс бірнеше рет қайта сараланды. Алдымен «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу», содан кейін «Қауіпте қалдыру», соңғы рет «Кісі өлтіру» баптары бойынша қаралды.