Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады
[ 2019 ] 13 желтоқсан, 13:03 | Құқық
Қазақстанда «Медиация туралы» Заңы қабылданғалы бітімгершілікке жүгінетіндердің саны жыл сайын артып отырғаны қуантады. Аталған заң елімізде дауды шешуде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету мақсатында 2011 жылы қабылданғаны белгілі. Маңғыстауда жыл басынан бері 1693 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы қысқартылған. Оның ішінде 264 іс бітімгершілікке келу арқылы аяқталып отыр. Былтыр 943 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған болатын, яғни бұл көрсеткіш 750 данаға өскендігін көреміз.
Олардың ішінде 1423 іс медиацияның тәртібімен аяқталған. Партисипативтік келісімге келу арқылы 6 іс қаралған, былтыр 3 ғана азаматтық іс партисипативтік тәртіпте қаралған болатын. Бүгінде медиативтік рәсімдер заңды тұлғалардың арасындағы күрделі экономикалық дауларды шешуде, салық салуға байланысты туындайтын дауларда, мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда да тиімділігін көрсетіп отыр. Заңды тұлғалардың медиацияға қызығушылық танытуы нәтижесінде Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында 2019 жылдың 10 айында 80 іс бітімгершілікпен, 227 іс медиация тәртібімен қысқартылды. Сондай-ақ, есепті кезеңде талап қоюшыларға 183 млн 716 мың 317 теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылды.
Осы орайда «Медиация туралы» Заңның 27-бабында тараптар бітімге келген жағдайда төленген мемлекеттік баж "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиістігі жазылған. Аталған сотта дауларды қарау барысында «Соттағы татуластыру рәсімі» пилоттық жобасы іске қосылып, судья-медиатордың сотқа келген тараптарды татуластыруда белсенді жұмыс атқарып отырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау өңірлік филиалындағы құқықтық қызмет көрсету орталығында «Татуластыру рәсімдерінің секторы» ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл сектордың кәсіпкерлердің құқықтық сауатын арттыруда да мүмкіндігі зор болмақ.
АЙДАРБЕК ТЛЕНОВ
Маңғыстау облысы мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының төрағасы
3603
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.