Дау мұраты – бітім екенін ұмытпайық
[ 2019 ] 13 желтоқсан, 13:10 | Құқық
Қазақта түрме, абақты болмағанын тарих беттерінен жақсы білеміз. Алайда, бұл қылмыс мүлде жасалмады деген сөз емес. Бағзы заманда қылмысқа себепші болып, өзгенің ала жібін аттағандарды темір торға тоғытпай-ақ, елден қуып жіберу, құн төлету, дүре соғу арқылы қатаң түрде жазалап отырған. Мәселен, аузы дуалы үш бидің бірі Төле би жылқының тұсауын ұрлағандарға тоғыз мал айып салған. Қылмыскерлердің төлейтін жандығы болмаса ұрлықшының айыбын туыстары, руластары көптеп-көмектеп төлеп берген. Біз бұдан ағайын мен туыстың арасындағы ынтымақ пен әсерлі ауызбіршілікті көреміз. Ұры сұғанақтығын одан әрі жалғастырса оған теріс бата беріп, елден топырақ шашып қуып жіберген. Иә, аузы дуалы билеріміз сонау «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» сусындап, қазақ даласында жиі кездесетін құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауының күрмеуін бір ауыз сөзбен шешіп, «тату елге - тыныштық пен тоқшылық нәсіп»,- деп тараптарды бітімге келтіріп, татуластырып отырған. Оған қоса, билер тергеушінің, айыптаушы мен судьяның қызметін жалғыз өзі атқарған деседі. Өткен тарих беттерін парақтасақ, билер сотының беделі зор болғанын көреміз. Тіпті, кейбір дерек көздерінде Қазақстандағы орыстардың өздері де империялық соттан гөрі қазақтың билер сотына жүгінген деп көрсетілген. Ал, орыс зерттеушісі А.Гейнс «Билер соты ашық және барынша әділ жүргізеді. Сондықтан да оны қазақтар ғана емес, орыс зиялылары да, қазақтар да құрметтейді, олардың көпшілігі билер сотына барып шағынады», - деп дәстүрлі билер сотының шеберлігі туралы жазған.
Бүгінде билер соты жаңғыртылып, тәжірибеге медиация рәсімдері енгізіді. 2011 жылы «Медиация туралы» Заңның қабылдануы бітімгершілік рәсімдерінің тынысын аша түсті. Аталған заңға сәйкес, елімізде азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларда медиация рәсімдері қолданылып келеді.
Ежелден аталы сөзге тоқтап, «Дау мұраты – бітім» екенін ұққан дана да, дара халықпыз. Елдегі татулық пен тұтастықтың астарында да осы бітімгершіліктің жатқаны белгілі. Сондықтан, татуластыру рәсімін тиімді қолданып, сотқа жүгініп, өзімізді сарсаңға салмас бұрын даудың бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқанымыз жөн деп білемін.
АРЫСТАНБЕК БЕКБОЛАТОВ,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы
1423
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.