Ақтау гарнизоны әскери сотында Б-қа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Б. қасақана, пайдақорлық ниетпен, бөтеннің мүлкін алдап, сенімді теріс пайдалану жолымен мүлікке құқықты иемдену мақсатында жәбірленуші К-пен кездесіп, оған «100.000 теңгеге А. қаласындағы әскери техникалық мектепке жолдама және әрі қарай әскери билет алып беремін» деп, алдау арқылы оның сеніміне кіріп, 100.000 теңгені алдап алған.
Б. басты сот талқылауында тағылған айып бойынша кінәсін ішінара мойындап, кәзіргі кезде жасаған іс-әрекетіне шын көңілден өкінетінін, жәбірленушіден кешірім сұрайтынын, асырауында екі жасөспірім баласы мен зейнет жастағы анасы бар екенін ескеріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сотталушының қылмыстық іс-әрекеті кінәсін ішінара мойындауымен қатар, жәбірленушінің, куәлердің жауаптарымен және қылмыстық іс бойынша жинақталған басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот отырысында және қылмыстық іс құжаттарынан анықталғаны, Б.қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған кезде, әскери қызметші болғанымен, алаяқтық жасау кезіндегі оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті қызмет бабын пайдалануымен ұштасқан жоқ, себебі оның қызметтік міндеттеріне жұмыс мезгілінде Департаменттің шұғыл кезекшісіне көмектесу, Департаменттің сыртқы қақпасын қызметтік автокөліктер кіріп – шыққан кезде, ашып – жабу, ішкі телефондарға жауап беру, Департаментке келушілерді келген орынға жеткізу жүктелген және оған «азаматтарды А. қаласындағы әскери техникалық мектепке жіберу және әскери билет алып беру» құқығы берілмеген.
Сот, Қазақстан Республикасының ҚК-нің 49-бабының 1-бөліміне сай, Б-тың қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын ескеріп, оны «аға лейтенант» әскери атағынан айырып, оны Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша жеке мүлкін тәркілеп, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осылай оңай олжа табамын деп қызметінен, шенінен, одан қалды, тәп-тәуір жұмысынан айырылды.
Е. Нурбергенов Ақтау гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры