Барлық заңдар еліміздің Негізгі заңы-Конституциядан бастау алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Конституциямен баянды етілген адамның құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз үшін еліміздің заңнамалары үнемі жетілдіріліп келеді. Соның ішінде азаматтық даулар бойынша, қылмыстық істер бойынша жылдам, тиімді, әділ шешімге азаматтардың қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін дауы шешудің әртүрлі баламалы жолдары сот саласында да үнемі жетілдіріліп келеді. Бұның дәлелі алқа билер, аралық сот, жеке сот орындаушылар институттарының пайда болуы.
Осындай оң өзгерістердің бірі Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 28 қантар 2011 жылы қабылданып, осы жылдың тамыз айында күшіне енді және Медиация институтының мақсаты дауды шешудің баламалы әдістерін, ашықтығын, қолжетімділігін, азаматтардың дау бойынша жүгінетін органды өз еркімен таңдау еркіндігін қамтамасыз ету. Енді Медиация деген не? Ол халыққа қандай пайда әкелмек? деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Бұған дейін де «медиация» институтына ұқсас «аралық сот» институты еліміздің заңнамасында қарастырылған. Аралық сотқа жүгіну тек мүліктік дау бойынша ғана тараптардың өзара келісімімен жүзеге асырылады.
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынан білдіреді.
Бұл тәсіл Америка, Ұлыбритания, Германия, Австрия сынды елдер ертеден қолданып келеді. Мысалы Америкада экономика, саясат, бизнес саласында медиаторсыз бірде-бір маңызды келіссіз жүргізілмейді. Германияда бітістірушілер тікелей соттардың жанында жұмыс істейді. Бүгінде бұл мемлекетте медиация азаматтық істерді ғана ғана емес, әкімшілік істер бойынша да қолданылады.
Медиация дегеніміз- дауласушы тараптардың өздерінің ерікті келісімі бойынша өзара тиімді шешімге қол жеткізу үшін медиатордың көмегімен дауды реттеу тәсілі. Медиация тараптардың келісімімен ғана жүзеге асырылады.
Дауласушы тараптардың өз араларындағы дауды өздерінің ерікті келісімі бойынша өзара тиімді шешетін жазбаша келісім-шартқа отыру арқылы дауды шешетін адам- медиатор деп аталады. Медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен пен қаржы шығандарын үнемдейді. Үлкен өмірлік тәжірибесі, жоғары білім бар, жасы 25-тен асқан азаматтар, отставкадағы судьялар, прокурорлар медиатор бола алады.
Медиация атауы қазақтың төл сөзі болмағанмен медиация тәсілі табиғаты жағынан қазаққа жат емес. Бұрынғы дала демократиясына, билердің дауды шешу тәртібіне өте ұқсас.
Елімізде қолданысқа енген медиация туралы заңға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолдану саласы болып табылады. Егер медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғаның және сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін болған жағдайда, мұндай дауларға (дау-шараларға) медиация рәсімі қолданылмайды. Сондай-ақ тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын дауларға медиация рәсімі қолданылмайды.
Одан басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, дауласушы тараптардың дау бойынша жүгінетін тұлғаны өз еріктерімен таңдауына және даудың тез шешілуіне мүмкіндік береді.
Дау бойынша сотқа жүгіну немесе медиация тәсіліне жүгіну құқығын пайдалану әр адамның өз еркі.
«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 23-бабына сәйкес медиация жеке (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде мециация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың бірлескен жазбаша хабарламасы бойынша медиация жүргізу мерзімін сот күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
Соттың қарауында жатқан жоғарыда аталған құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
Көрсетілген мерзімдерде дау медиация тәртібемен шешілмесе, дау қайтадан сотта заңда көрсетілген мерзімдерде шешілуге жатады.
Сондықтан, құрметті азаматтар мен заңды тұлғалар заңмен берілген мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.
Ж. Нурушева Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы