Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде Елбасымыз даулардың шешудің баламалы тәсілдерін дамыту, оның ішінде бітімгершілік процедурасы азаматтардың бұзылған құқығын қалпына келтірудегі мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өткен болатын. Қазіргі кезде АҚШ-та, Англияда және Европаның басқа да мемлекеттерінде сот медиациясы кеңінен қолданылып келеді. Біздің елімізде сот медиациясының дамуына көп мүмкіндік берілген, оның жақсы жақтары: рәсім тегін және жасырын түрде өткізіледі, сондай-ақ, тараптардың татуласуына қолайлы жағдай туғызады.
Медиацияның артықшылығына келетін болсақ: медиация тәртібімен аяқталған іс бойынша талап қоюшыға талап арызды сотқа өткізгенде төленген мемлекеттік баж салығы толығымен қайтарылады. Кей бір мүліктік даулар бойынша мелекеттік баж салығы елеулі мөлшерде төленетінін ескерсек, бұл талап қоюшы үшін өте тиімді болмақ. Алайда, азаматтық іс жүргізуде татуластыру рәсімдерін қолданудағы сот тәжірибесне жасалған талдау көрсеткендей, көп жағдайда тараптар істі сот қарауына дайындау кезінде және істі тікелей қарау барысында қысқа мерзімде бейбіт жолмен дауды шешуге әркез дайын бола бермейді.
Сот тәжірибесі көрсеткендей, азаматтық процеске түскен тараптардың эмоциялық шиеленісі жоғары деңгейде болады, әр тараптың өзінің әрекетін «менікі дұрыс» деп санап, туындаған дауға әділ баға бермей, оны бітімгершілікпен шешуді қаламайды. Біздің ойымызша, мұндай жағдайдың пайда болуы азаматтардың құқықтық сауаттылығына, мәденеиеттілігіне және адами қасиетіне байланысты. Ал, бітімгершілік келісмдер көбеюі үшін біз тараптарға медиацияның тиімділігін жан-жақты түсіндіруіміз керек. Тараптардың соқа жүгіне отырып даудың нәтижесіне көзі жеткен соң ғана татуласу рәсімін жасауға келісім беруі осыны көрсетеді.
Қазақстанда медиация рәсімін қолдану жұмысын жандандырудың бір тәсілі ретінде кейбір санатты істер бойынша тараптарға дауды сотқа дейін медиация тәртібімен шешу сатысынан өтуді міндеттеу керек. Мысалы, бұл тәсілді отбасылық даулар, балалардың тұратын мекенжайын анықтау, балалармен сөйлесу уақытын бекіту, тұтынушылардың құқығын қорғау, коммуналдық төлемдерді өндіру, жеке тұлғалардың арасындағы қарыз соммасын өндіру, еңбек даулары, мұрагерлікке байланысты даулар бойынша қолдануға болады. Өйткені, сот тәжірибесінде осы аталған даулар бойынша медиация көбірек қолданылған. Егер дауды сотқа дейін медиация тәртібімен шешу мүмкін болмаса, онда талап қоюшы сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы болуы керек деп санаймыз.
Назгүл Самендирова Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі