©
Ақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлері «МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» ЖШС объектісінен түсті металл ұрламақ болған үш жұмысшыны ұстады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының хабарлауынша, оқиға 17 желтоқсан күні таңғы сағат 04.45 шамасында болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
10-бекетте күзетте тұрған сержант Аслан Калимов объектінің ішкі бетінде жерасты коммуникация құдығының маңында жүрген екі адамды байқаған. Ол бірден күмәнді тұлғалар туралы басшылыққа хабарлап, 3502 әскери бөлімінің командирі подполковник Е. Усанов айтылған жерге дабыл топты жібереді.
Жауынгерлерді көрген кезде түн жамылған үшеу жерасты жолы арқылы қашып құтылмақ болыпты. Ұсталғандар «МАЭК-Қазатомөнеркәсібінің» қызметкерлері болып шыққан. Алдын-ала мәлімет бойынша, олар 200 келі түсті металды жымқырмақ болған.
Ұлттық ұлан жауынгерлері оқиға болған жерге Ақтау қалалық полиция бөлімінің шұғыл тобы мен күзетілетін аймақтың қауіпсіздік қызметін шақырады.
Жауынгерлердің айтуынша, күдіктілер өзін босатып жіберу үшін 150 мың теңге мөлшерінде ақша ұсынған.
«Қырағылығы үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлерді марапаттады. Қара және түсті металл ұрлығы жиілеп тұр. Металл ұрлығы көлеңкелі экономиканың табысты саласына айналған», - деп атап өтті «Батыс» ӨҚ баспасөз қызметі.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұсталғандар №2 жылу электр орталығының жұмысшылары екен. Оларға қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.