Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында атқарылған жұмыстары мол. Статистикалық мәліметтерге шолу жасасақ, Маңғыстау облысының аудандық және оған теңестірілген бірінші саты соттарына 2016 жылдың 6 айы ішінде барлығы 11342 талап-арыз түскен. 2015 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша азаматтық істер бойынша 189 іс медиациямен қысқартылса, биылғы алты айда бұл сан - 243-ті құрады. Бұл көрсеткіш халық ішінде дауларды өркениетті түрде шешуге деген сұраныстың артқанын көрсетеді.
Жаңа Азаматтық процестік кодекске дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу тәртібі енгізілген. Есептік мерзімде партисипативтік әдіспен 1 ғана іс Маңғыстау аудандық сотымен қаралған.
2016 жылдың 6 айында Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының азаматтық істер жөніндегі сот құрамының қарауына 548 іс апелляциялық алқаның қарауында болған. Олардың 531 ісі бойынша сәйкесінше қаулылар мен ұйғарымдар шығарылып, оның ішінде 489 іс бейне-жазба құрылғысын қолданумен қаралған.
Маңғыстау облысының аудандық және оған теңестірілген соттарымен 2016 жылдың 6 айы ішінде өндіріспен аяқталған 8749 азаматтық істердің ішінде ең көп қаралған санаттары: Некені бұзу туралы істер; Сот бұйрығы өндірісінде қаралатын істер; Шартты жасауға, өзгертуге, бұзуға және шарт міндеттерін орындауға қатысты даулар; Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі істер; Тұрғын үй даулары, жер қатынастарынан туындайтын даулар және еңбек құқықтарына қатысты даулар; Мемлекеттік билік/өкімет/ органдары, лауазымды тұлғалардың шешімдеріне дау айту жөніндегі істер.
Бүгінгі күні жеке және заңды тұлғалар кез келген уақытта сотқа келмей-ақ, яғни үйде отырып, онлайн режимінде «Сот кабинеті» интернет-сервис арқылы электронды түрде талап арыздарды беруге, шағымдар мен өтініш хаттарды жолдауға, тіпті істің қарау барысын бақылауға қол жеткізген. Оның дәлелі, соттарға есепті мерзімде 10256 талап-арыз түссе, оның «Сот кабинеті» арқылы тіркелген талап-арыздар саны - 7292 (71,1%) құрап тұр.
Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылатындықтан, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қызмет етедi. Соттың жұмысы жемісті еңбекпен, нәтижелі жұмыспен көрінеді. Соттың мақсаты әділ шешім шығарып, халық сенімінен шығу. Яғни, сот жұмысы түскен іске шешім шығару ғана емес, сапалы қызмет көрсету. Сондықтан, судьялар тәжірибелерін шыңдау, біліктілігін арттыру «Оқу орталығының» күн тәртібінен түскен емес. Себебі, сот жұмысының бірден-бір айнасы - судьялар. Есептік мерзімде облыстық және базалық соттар оқу орталығымен 48 семинар, 18 дөңгелек үстел және аудандық және оған теңестірілген соттармен 62 семинар, 28 дөңгелек үстел өткізілген. Әрбір өткізілген семинар барысында заңдардағы өзгертулер мен толықтырулар зерделеніп, заңдарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Сот қызметінде БАҚ-тың алар орны ерекше. Бүгінде барлық соттарда Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі қызмет етеді. Негізгі мақсат – БАҚ-пен қарым-қатынас орнату. Облыстық және оған теңестірілген сот қызметі жайында БАҚ-та барлығы 1237 ақпарат жарияланған.
Маңғыстау облысы соттарының 2016 жылдың екінші тоқсанындағы атқарған жұмысын қорытындылай келе, азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, азаматтық айналымда және жария-құқықтық қатынастарда заңдылықты сақтау, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылатынын, сондықтан Маңғыстау облысының жергілікті соттары осы бағытта жұмысын жалғастырады демекпін.
Айжан Молбаева Маңғыстау облыстық сотының судьясы БАҚ-пен байланысын үйлестірушісі