Бұл туралы Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің сөзіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасың кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау жұмыстары басталды.
Осы орайда депутат бұл заң жобасы ішкі істер органдарының жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ құқықбұзушылықтар профилактикасы мен тұрмыстық және рецидивтік қылмысқа қарсы іс-қимылды қамтамасыз етумен байланысты шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Заң жобасындағы негізгі ережелер мыналар: біріншіден, жаңадан құрылған бөліністі полиция департаменттері деп қайта атай отырып, ішкі істер департаменттері мен жергілікті полиция қызметін біріктіру. Екіншіден, Ішкі істер министрлігіне бағыныстылықпен полиция департаменттерін ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесінде сақтау. Үшіншіден, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың - Астананың әкімдеріне құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар басшылығының президенттік резервінде тұрған полиция қызметкерлері қатарынан ішкі істер департаменттерінің ұсынымы бойынша полиция департаменттерінің бастықтары лауазымдарын тағайындау құқығын беру», - деді Н. Әбдіров.
Сонымен қатар, әкімдерге полиция департаменттері алдында бүгінгі күні жергілікті полиция қызметінің құзыретіне жататын міндеттерді қою құқығын беру жолымен полиция жүйесін жаңғырту ескерілген.
«Жобада 2 кодекс және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар көзделеді. Комитет бұл заң жобасын жұмысқа алуға дайын», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Сурет архивтен