Айыпталғандардың ісі қайтыс болуына байланысты тоқтаған
[ 2017 ] 24 қазан, 09:22 | Құқық
Қызмет бабында жалған құжат жасады деген айып тағылған Жаңаөзен қаласындағы Қызылсай және Теңге ауылы әкімдерінің бұрынғы орынбасарлары денсаулығына байланысты көз жұмды.
Жаңаөзен қаласы прокуратурасының хабарлауынша, 2016 жылы Жаңаөзен қалалық прокуратурасы жер заңнамасы салас бойынша "Жер қатынастары бөлімі "ММ қызметіне тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде, Теңге және Қызылсай ауылы әкімдерінің бұрынғы орынбасарларының 2010-2014 жылдары өз лауазымдық міндеттерін пайдаланып, жеке тұрғын үй тұрғызу үшін жер телімдерін беру туралы заңсыз шешім шығарғаны анықталған.
Жыл басында осы фактілер бойынша, Жаңаөзен қалалық прокуратурасы жалған құжат жасау арқылы жеке үйлер тұрғызу үшін жер телімдерін берген деген айыппен материалдарды тіркеп, Маңғыстау облыстық Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға тапсырған.
Бірақ сотқа дейінгі тергеу барысында Қызылсай әкімінің бұрынғы орынбасары 2013 жылы жол-көлік оқиғасы кезінде көз жұмғаны анықталған. Осы себепке байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Ал, Теңге ауылы әкімінің орынбасарына қатысты іс Жаңөзен қалалық сотына жолданған. Бірақ 2017 жылы наурыз айында айыпталушы бүйрегінің жұмыс істемей қалуынан көз жұмған. Осы себепке байланысты, қылмыстық іс тоқтатылған.
Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарлауынша, жер заңнамасы саласына жүргізілген тексеру нәтижесінде жыл басынан бері кадастрлық құны 56,1 миллион теңге болатын, жалпы аумағы 8,25 га 33 жер телімі мемлекетке қайтарылған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
856
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.