Бұл туралы Ақтау қалалық №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады. Аталған сотта банк пен клиенттің арасында жасалған шартта қарызға қызмет көрсеткені үшін алынған комиссиялық төлемді заңсыз деп тану жөніндегі клиенттің талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Клиент пен банк арасында 2016 жылы шарт жасалып, банк оған тұтынушылық мақсатта 4 303 369,41 теңге несие берген.
Шарттың 1 тармағы 3 тармақшасының талаптарына сәйкес, талапкер ай сайын қарызға қызмет көрсету үшін 12 910,11 теңге, жалпы 129 101 теңге мөлшерінде комиссия төлеген.
Құқықтық нормалардың талаптарына сәйкес, талапкердің талабы заңды және негізді, ал банк талапкерге ай сайын қарызға қызмет көрсету үшін комиссия төлеуді міндеттеп, талапкердің тұтынушы ретінде құқығын бұзған. Сондықтан, сот шешімімен К.-ның талап арызы қанағаттандырылып, банкке төленген комиссия талапкердің пайдасына өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ