Алдымен, тұтынушы ретінде тауарды сатып, не қызметті алғанда бақылау (тауар) түбіртегін талап еткеніңіз жөн, өйткені тауарды ауыстырып не қайтару жағдайында чек қажет болады. Сатып алған тауар сапасыз болып, ал түбіртек болмаса, сауда жасалғаны дәлелденбеуі мүмкін. Бұл тұтынушылардың маңызды құқықтарының бірі, әрі тиісті сападағы тауарларды айырбастау немесе қайтару құқығы болып қалады.
Заңның 14-бабының негізінде тұтынушы 14 күн ішінде азық-түліктен өзге заттар тұтынушының талабын қанағаттандырмаса немесе қажетті сипатқа ие болмаса, оны ауыстыруға құқығы бар, егер сатушы (дайындаушы) бұдан да ұзақ мерзім жарияламаған болса. Ал, егер сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы. Сатушы сатылған тауарын қайтарып алуға не айырбастауға қарсылық танытқан жағдайда бірден қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасына өтініш тапсырып, кеңес алуға болады. Басқарма құзыретіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, тұтынушы сатып алатын тауарлар мен қызметтердің бекітілген техникалық регламенттері мен нормативті құжаттарда көрсетілген талаптарға сай келуін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, сатылу сатысында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді.
Сондай-ақ, біздің сауда дүкендерімізде, базарларда «Сатып алынған тауар қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды» деген жазуларды көптеп кездестіруге болады. Бұл хабарламалар арзан базарларда болсын, не қымбат дүкенде болсын «Тұтынушылардың құқығын қорғау» Заңы тұрғысында заңсыз әрекет болып табылады. Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген сапасыз бұйым сатып алған жағдайда да тұтынушы өз құқығын қорғай отырып, тауарды қайтарып немесе ауыстырып алуына құ- қылы. Оған қоса, дүкен сөрелеріндегі тауардың бағасы кассадағы бағамен сәйкес еместігі байқалса, тұтынушы тақтада жазылып тұрған бағамен тауарын алуға заңдық құқығы болады. Олай болмаған жағдайда, тұтынушы бастапқы бағаны және түбіртекті суретке түсіріп алып, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына шағымдануы қажет. Мұндай кезде, заң негізінде кез-келген түрлі сипаттағы сылтаулар есепке алынбай, дүкен айтарлықтай айыппұл төлейді. Ал, сатып алған тұрмыстық техникалық өнімде кепілдік мерзім ішінде ақау шықса, оны 20 күн ішінде қайта жөндетіп алуға толықтай құқылысыз. Жалпы, қызмет көрсету жұмысында тұтынушының заңды құқығын пайдалануға мол мүмкіншілігі бар. Бұл жөнінде «Бөлшек сауда саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Жаңаөзен қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасымен ұйымдастырылған жиынға қалалық кәсіпкерлік бөлімі, «Бөкен Жәнібек» ЖШС әкімшілігі, «Жібек жолы» ЖШС әкімшілігі, кәсіпкерлер мен тұтынушылар және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. - Тұрмыстық техника және электроника «Сулпак» дүкен желісінен 120 мың теңгеге кеңсемізге теледидар сатып алдық. 18 күннен кейін теледидар істен шықты. Тауардың кепілдік мерзімі болғаннан кейін дүкенге қайтаруға барсақ, теледидарды Алматыға жөндеуге жібереміз деді, яғни 45 күн уақытты алады екен. Біздің тараптан сол уақыт ішінде қажетіміз үшін орнына басқа теледидарды уақытша беруін сұрадық. Бірақ, бұл талапты орындай алмайтындықтарын жеткізді. Содан ғаламторды ақтарып отырып, тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнайы комитеттің барын білдім. Соның қалалық басқармасына өтініш тастап, соның арқасында үш күн ішінде жаңа теледидарға ауыстырылып берілді. Осыған дейін тұтынушы үшін мұндай заңдық мүмкіндіктің барын білмеген едім, - дейді өз құқығын қорғаған тұтынушы Н.Ахметов. Расында да, Нұраддин аға өзінің құқықтық мүмкіншіліктерін білмесе, дүкен әкімшілігі тарапынан хабарланған жауапты қанағат тұтып, 45 күнді күтуіне тура келер еді. Сонымен қатар, оның азаматтық ұстанымы айқындалмай, қызмет көрсетушімен пікірталасқа ілігуі де ықтимал. - Соңғы уақытта халықтың құқықтық сауаттылығы артып, бізден көмек сұрап келушілер қатары көбеюде. Соның ішінде, тұрмыстық техника тауарларына. Бізге түскен өтініштермен дереу әрекет етіп, шағымданып келетіндердің көңілінен шығып отырмыз. Әзірге кәсіпкерлер де тұтынушы арызына оңды жауап беруде қарсылық танытып жатырған жоқ, - деді дөңгелек үстелге қатысушы Жаңаөзен қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау және мониторинг бөлімінің басшысы Өміржан Айдарханов. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтық сауаттылық деңгейлерін арттыру мақсатында, бастама ретінде «Ақбөкен» және «Жібек Жолы» базарларына қысқа мәтінді плакаттарды ілдіруге ұсыныс білдірді. Өйткені, тұтынушыны әуреге салмас үшін заңдық мүмкіншіліктері аясында ақпараттардың берілгені маңызды. Осылайша, тұтынушылар заңдық құқықтарын біле отырып, өзінің денсаулығына, өмірінің қауіпсіздігіне, қаражатының көкке ұшпауына зор мүмкіндік жасай алады дейді маман.
Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ