Қазақстан Республиксы Конституциясының 7 бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi болып нақты белгіленген.
Ал, тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтiн «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4 бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi болып табылады деп көрсетілген.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толса да мемлекеттік тіл мәселесі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан қоғамның барлық салаларында, соның ішінде сот ісін жүргізу саласында да мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту басты міндет болып табылады.
Бұған негіз ретінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4 бабына сай, мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, тек қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн екенін атап өтуге болады.
Оған мысал ретінде, Маңғыстау облысы соттарында 2016 жылы барлық қаралған 37818 азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істердің ішінде мемлекеттік тілде қаралған істер саны 26987, яғни 71,3 пайыз болған атап айтуға болады.
Осы көрсеткішті ары қарай талдағанда 2016 жылы қаралған 20039 азаматтық істердің ішінде 12663 азаматтық істер мемлекеттік тілде қаралған, яғни 63,2 пайыз болған. 16827 әкімшілік істер бойынша 15936 іс мемлекеттік тілде істерді қаралып, 80,7 пайызды құраған. Ал, 1738 қылмыстық істерден тек қана 1382 іс, яғни 79,6% мемлекеттік тілде қаралған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процестік Кодексінің 30 бабында, Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, қажет болған жағдайда ғана сот iсiнде мемлекеттiк тiлмен бiрдей орыс тiлi немесе басқа да тiлдер қолданылатындығы нақты көрсетілген.
Бұл заңның талабынан шығатын қорытынды, кез-келген қылмыстық іс бойынша сот ісін жүргізу тілі мемлекеттік тіл екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген деп санауға болады.
Яғни, анықтаушы, тергеуші немесе прокурор қылмыстық істі өндіріске алудан бастап іс жүргізушілік құжаттарын мемлекеттік тілде ресімдеп, сот ісін жүргізу тілі мемлекеттік тілде белгілеуге міндетті.
Бұл заң талабы, заман талабы.
Алайда, бүгінгі күні облыс соттарымен қаралған қылмыстық істерден анықтаушы немесе тергеуші тергеу амалдарын жүргізуді бастаған кезде ҚР-сы ҚПК-нің 30 бабының талаптарын бұзып, тергеу жүргізу тілін мемлекеттік тілде емес бірден орыс тілінде белгілейтіні анықталып отыр.
Сонымен бірге, кейбір орыс тіліндегі қылмыстық істерді зерделегенде іске қатысушылар мен куәлар жауаптарын қазақ тілінде бергеніне қарамастан қазақ тілінен орыс тіліне аударма жасау үшін іске аудармашы тартып қылмыстық іс жүргізу тілін орыс тілінде жүргізуге деп белгілегендері көрінеді.
Осы аталған жайлар қылмыстық қудалау органдарының анықтаушылары мен тергеушілері тарапынан қылмыстық істі жүргізу барысында мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді реттейтін заңнамаларды зерлемейтіндері салдарынан орын алып отыр деп бағалауға болады. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қанатын кеңге жаюына және дамуына әрбір ел азаматы, оның ішінде құзырлы орган өкілдері өздерінің сүбелі үлесін қосуға тиіс, яғни сот ісін жүргізу саласындағы әрбір мемлекеттік қызметші отан сүйгіштік рухымен мемлекеттік тілге құрметпен қарап, тіл жанашыры ретінде мемлекеттік тілді қоғам өмірінің өзегіне айналдыруға міндетті.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Г.Х.Шаров