Қазақтың билері - бүгінгі күннің судьялары. Ал сол билердің халық алдындағы беделі оларды халықтың мойындауымен артып отырған. Ал, өзі сыйлаған, өзі дәріптеген әрі мойындаған адамның билігін ешкімнің бұзбайтыны өз кезегінде тәуелсіз әрі әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға негіз болғаны даусыз. Билер халықтың сенімді өкілі, халықтың ары болып табылды.
Олар қазақ құқығының басты жүктеушісі және мемлекеттің функцияларын іске асырушы бола отырып хандардың кеңесшісі болған. Бұрын қазақ қоғамындағы әділетті, туралықты іс жүзінде қамтамасыз еткен де осы қазақтың билері еді. Олар тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бірегейі әрі дара тұлғалары – қазақтың үш жүзін біріктіре білген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер ел арасындағы кез – келген дауларды бітімгершілік жолымен шешіп отырған.
Ал осындай дана шешімдер өз кезегінде халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтап отыруға шексіз үлес қосқан. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең өзық өнегесі. Сол қазақтың билері салған сара сүрлеуді жаңғыртып, әлемдік заңдылықтарды саралай отырып, соған сай толықтырулар қосып, Қазақстан елінде «Медиация туралы» заңының дүниеге келуі, бұл ең алдымен қоғамның қажеттілігінен туған дүние.
«Медиация туралы» заң дала даналығының дара заңдылыққа айналуының нақты көрінісі. Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында шыққан және қолданысқа тамыз айында енген «Медиация туралы» заң сот жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тетігін айқындап берді. Осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін талай құқықтық сүзгіден өтті, өзге елдердің тәжірбиелері де сараланды.
Жаңа заң ресми түрде 2011 жылғы 5 ақпанда жарияланды және сол арқылы азаматтардың құқықтарын қорғаудың балама нысандары дамуының жаңа кезеңін белгіледі. Медиация делдалдықтың нысаны ретінде біздің елде жеке іс жүргізу құқығы институты ретінде заңды түрде бекітіліп, заңнаманың ойынша олар соттарға нақты және жүйелі бәсекелес болуы тиіс. Медиация – үшінші бейтарап тұлға – медиатордың көмегімен іске асырылатын соттан тыс дау – жанжалды шешу рәсімі, әрі балама шешудің неғұрлым жұмсақ нысаны болып табылады.
Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескеретін жайт, бұл жерде екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация еркін процесс. Заңға сәйкес медиация рәсімін медиатор жүргізеді, яғни ол тараптармен кәсіби және кәсіби емес негізде медиацияны заң талаптарына сәйкес жүргізуге тартылған тәуелсіз жеке тұлға.
Медиатордың негізгі функциясы бұл тараптардың бірыңғай көзқарасын қалыптастыру, бұл ретте медиатор мәселені шешу жолын өз көзқарасы бойынша тараптарды көндіруге құқылы емес, себебі, бұл кезде тараптар жүргізілген рәсім нәтижесінің дұрыстығына кәміл сенеді. Заңға сай медиация рәсіміне қатысудың шарты тараптардың өзара ерікті ниет білдіруінен көрініс табады. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса, олар медиатор іздемей – ақ мәселелерін өзара шешуге, ортаға ағайындар салуға талаптанып жатады.
Алайда, бұл заңға сай емес, ауызша келісім-шарт болып қалады. Жалпы, медиация тәсілімен дауды реттеу азаматтық іс жүргізуде кең көрініс алған. Тәжірбие бұл заңды қылмыстық іс жүргізуде де қолдануға болатынын көрсетті. Көп жағдайларда жәбірленуші мен қылмыс жасауда айыпталушының арасында жағымсыз қатынас орнығып, жәбірленуші жақ байланысқа ауыр және өте сирек түседі. Айыпталушы, жәбірленушіден кешірім сұрап, келтірген залалдың орнын толтырғысы келгенімен, жәбірленушінің көкейінде ұялаған реніштен ол өзі байланысқа шыға қоймайды.
Ал, осындай жағдайда медиатор көмекке келуі мүмкін, оның басты мақсаты екі жақты татуластыру. Медиация процесінде жеңімпаз және жеңілген тарап деген болмайды. Себебі, медиацияның мақсаты екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Тек осындай жағдайда ғана ол жемісті болады және шешімнің орындалуының үлкен ықтималдылығы бар.
Шешімді бірге әзірлеген және келісімге өз бетімен қол жеткізген тұлғалар өз мүдделерін негізге ала отырып, олар үшін үшінші тарап қабылдаған шешіммен салыстырғанда қол жеткізген келісімді орындау өте қолайлы. Медиацияның тағы бір артықшылығы бұл осы рәсімнің толық құпиялығында және де медиатормен жасалған құжаттар және материалдар жойылады.
Сонымен бірге медиациялық келісімге келудің нәтижесінде тараптардың уақыты мен қаржысы үнемделеді. Сот өндірісімен салыстарғанда медиациялық жолмен дауларды шешу көп уақыт алмайды және тараптардың шығындарын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.
Ақтау гарнизоны әскери сотының судьясы Бақытбек Омаров