©
Жаңа Азаматтық процестік кодекске 2015 жылғы 31 қазанда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында жариялы түрде қол қойған болатын. Сол тарихи сәтте заңнаманың маңызына тоқталған Елбасы жаңа заң құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айтып, бұл Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.
Шындығында, заңнама аясында барлық негізгі құқықтық институттар қамтылып, осы саланы әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Әсіресе азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокуратуралардың қатысуын азайту, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа мән-жайларға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу, дауларды татуластыру жолымен шешу секілді тетіктер жаңа Кодекстің маңызын арттыра түсті.
Маңғыстау облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық соты 2015 жылы татуласу келісімімен 52 іс, ал дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу арқылы 41 істі аяқтаған болса, жаңа Азаматтық процестік кодекс бойынша 2016 жылдың 11 айында татуласу келісімімен 73 іс, медиация тәртібімен 20азаматтық істі қарады. Осы көрсеткіштерден-ақ сот жүйесінде татуласу рәсімдерін қолдану үлесінің артқандығын байқауға болады.
Татуласу – қолданылуы жағынан құқық саласына жақын болып келетін, басты мақсаты адамдардың өзара келісімге келу жолымен дауды немесе жанжалды шешуге мүмкіндік беретін институт. Татуластыру рәсімі алғашқы қауым тұсында пайда болған. Татуластыру, бір жағынан, ішкі әлемнен өзін-өзі сақтандыру болса, екінші жағынан, өркениетті дамудың материалдық және рухани құндылық құралы ретінде қолданылады.
Татуласы категориясы гуманитарлық ғылымда әр түрлі көзқараста қарастырылуда, дегенмен, барлық қолданыстағы ұстанымдар жан-жалдар мен дауларды шешудің өзара қолайлы жолдарын табуды көздейді.Татуластыру рәсімдері мәні бойынша әр түрлі қарама-қайша көзқарастарды, ұстанымдарды үйлестіріп, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге бағытталады.
Құқықтану саласында татуласу дегеніміз - тараптардың дауды сотта және соттан тыс өзара келісіммен аяқтауы, екі жақтың арасындағы қақтығысты шешу. Татуласу тәсілі сан алуан құқықтық қайшылықтарды шешу үшін пайдаланылады.
Азаматтық процестік кодекстің 174-бабына сәйкес сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданылады, процестің барлық сатыларында дауды реттеу бойынша оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласуы келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасайды немесе осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде, не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мумкін . Яғни, тараптар өз еріктері бойынша сотта қаралып жауды толықтай , не болмаса оның бір бөлігі бойынша татуласуы рәсімдерін қолдануға құқылы. Азаматтық процестік кодекстің 176-бабында көзделгендей, келісім жазбаша түрде дайындалады, оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Бұл құжатта келісімді орындау мерзімі мен тәртібі міндетті түрде көрсетілуі шарт. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немес ішінара кешіру, не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзгеде шарттар қамтылуы мүмкін. Осы ретте азаматтар өз шарттарын қойып, оған өзара келіскен жағдайда ғана сот татуласу келісімін бекітеді. Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді.
Жалпы, тараптардан түскен өтінішті қарау нәтижелері бойынша келісімді бекіту және іс жүргізуді тоқтату, не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарымдар шығару соттың құзырына жатады.
Татуласу келісімін бекіту турлы ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы мүмкін. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделенін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот татуласу келісімін бекітуден бас тартқан жағдайда ұйғарым шығарады, шығарылған ұйғарымға шағым жасаудың, не наразылық келтірудің мүмкіндігі жоқ.
Татуласудың тағы бір артықшылығы мұнда сот шешімі орындалмай қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан, тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі.
Азаматтық процестік кодексте сот бекіткен татуласу келісімінің орындалуы нақты көзделген, атап айтқанда, татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіп бойынша және белгіленген мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады (АПК-нің 178-бабы). Демек, татуаласу келісімін жасақан тұлғалардың келісімінде көзделген шарттарды белгіленген тәртіпке сәйкес немесе мерзімде орындалмаған жағдайда оған қорқудың қажеті жоқ, себебі келісім ерікті түрде орындалмаса, талапкердің өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Татуластырудың мақсаты билер соты сияқты тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетіп, оларды бітімге келтіріп, татуластыруға қол жеткізу. Ол үшін өз мудделерін қорғау барысындағы қақтығыстың болғандығын шиелініске қатысушыларды анықтау, дауды шешудің жолын іздеу, дауласушы екі тарапқада қолайлы шешімді тауып, татуластыру рәсімін бекіту, осылайша, дауды тоқтату қажет. Бұл – татуластырудың ең маңызды сәті.
Татуласуға тараптардың еріктіліктері үлкен әсер етеді. Адамның ішкі көрінісінде жанжалды шешуге ұмтылыс болса, сыртқы көрінісін оны жүзеге асыру үшін татуласу жөніндегі жазбаша арыз білдіреді.
Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің бір ескерлігі, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңында және Азаматтық процестік кодексте көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Келісімге келе алмаған екі тарапты бір үстел басына отырғызып, бітімге келтіру мәселесінде судьяларға қарағанда адвокаттардың мүмкіндігі кең және зор.Партисипативтік рәсімнің нысаны мен мазмұны Кодекстің 176-бабында жан-жақты қамтылған. Құжаттағы татуласу келісіміне қойлатын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі. Сонымен қатар, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеудіңтағы бір ыңғайлы тұсы сот отырысындағы келісімді бекіту кезінде талап қоюшымен жауапкердің қатысуын міндеттемейтінінде болып отыр. Яғни, келісімге талап қоюшы немесе жауапкер партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу келісімін өздерінің қатысуынсыз қарап бекіту туралы өкінішхатты өткізген жағдайда татуласу рәсімі екі тараптың адвокаты болуы міндетті. Партисипативтік рәсімде екі тарап адвокаттарына заң бойынша бірдей мүмкіндігін берілгендігін атап өткен жөн.
Қорыта айтқанда, Азаматтық процестік кодекстің жаңа редокциясына сәйкес дауларды реттеу тәсілдерінің көп болуы бітімгершілік жолмен аяқталатын істер санының артуына, осылайша қоғамда келісім мен тұрақтылықтың орнауына септігін тигізуде.
Рахымжан БЕЙСЕНОВ