Елбасымыз Республика судьяларының Ү съезінде дауларды сотқа жеткізбей шешудің әдістерін табуды тапсырма етіп берген еді. Дауды шешудің баламалы әдістерін енгізу еліміздегі ізгілендіру саясатынан туындаған. Сонымен қоса бұл тәсілдің сот жүктемісін азайтуға да елеулі әсері бар. Елбасы тапсырмасынан кейін арнайы жұмыстар жүргізіліп «Медиация туралы» Заңның қабылданып, оның қолданысқа енгеніне де екі жылдан аса мерзім өтті. Қазіргі таңда біздің аудандық сотта кәсіби емес медиаторлардың жұмысын жүргізуге айырықша мән береді. 2016 жылдың І-тоқсанында ғана кәсіби медиатордың қатысуымен 6 қылмыстық және 20 азаматтық, 8 әкімшілік істер медиация тәсілімен қаралды. Жалпы мұның қазіргі сот жүйесінің жүктемесін азайтуға үлкен септігі барын ескерсек, кәсіби емес медиаторларды әзірлеп дайындауға облыстық деңгейде де үлкен мән берілсе дейміз. Бұл орайда жақында облыстық сотта өткен Республикалық медиаторлар қоғамының басшыларының қатысуымен жүргізілген семинар – тренингтің пайдалы болғанын айтқымыз келеді. Медиациялық тәсіл орынсыз шығынды азайтып, келтірілген залалдың орнын толтырып, жәбірленушінің кешірімін алған талай жан медиацияның рахымын көруде. Бұл Заң сонымен қатар ағайын арасындағы араздықты өршітпеудің, бірлікті сақтаудың да кепілі болып отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай медиация сот жүктемесін азайтып, уақытты тиімді пайдаланаудың да тетігі бола алады. Алайда әзірге соттарда медиация әдісі кеңінен қолданылып, кәсіби емес медиаторлардың жұмыстары жанданып кете қойған жоқ. Ал, кәсіби медиатор тіпті жоқтың қасы. Өздері туралы тиімді насихат болмаған соң медиаторлардың білек түріп іске кірісіп кетуде жеткіліксіз болып тұр. Әзірге байқағанымыздай құқық қорғаушылар тарапынан да, қорғаушылар жағынан да медиаторларға көрсетілер көмек жеткіліксіз. Тергеушілер жұмысы ашылған қылмыстың санына, қылмыскерлердің ұсталғанына қарап бағаланатындықтан, оларда қолында тұрған істі медиаторға бергісі келмейді. Ал, қорғаушыларымыз болса жұмысына ақша алған соң соны ақтағысы келіп, істің медиация жолымен шешілгенін қаламайды. Біздің ойымызша кәсіби емес медиаторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың тегін оқуына жағдай жасап, тиісті жұмыс бөлмелерімен қамтамасыз етсе орынды болар еді. Өркениетті елдерде сотқа түскен даулардың басым бөлігі осы медиация тәсілімен шешіліп жатады. Ал, біздің азаматтарымыз талап-тілегін тек сот арқылы шешуге әдеттеніп кеткен. Сондықтан да қазір сотта қаралатын істердің саны уақыт санап өсіп келеді. Судьялардың жүктемесі де азаяр түрі жоқ. медиация арқылы шешімін табуға болатын істерді тараптардың уақытын кетіріп, жүйкесін тоздырып, судьялардың жүктемісін көбейтіп шешудің қаншалықты қажеті бар. Сондықтан аудандық сот алдағы кезде кәсіби емес медиаторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, сот жүктемесін азайтуға көбірек көңіл бөлсек дейміз.
Б.Самалыкова Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы