©
Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау аймақтық филиалы алаңында облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Рахметулла Хайруллин, облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Айжан Молбаева және қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Садықовтың қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті.
Маңғыстау облысының соттары Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға үлес қосуда. Бұл туралы Рахметулла Сайфуллинұлы баяндамасында сөз етіп, ағымдағы жылдың 3 айында атқарылған жұмыстарымен таныстырып өтті:
- ҚР Президенті еліміздің өркендеуіне жол ашатын маңызды жоспар ішіндегі «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты тарауында сот жүйесіне реформалар енгізетін 10 қадам бар. 16 қадам – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруды іс жүзінде орындау мақсатында 1 қаңтардан бастап соттар бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Бұл уақыт үнемдеуге, жұмыс жеңілдетуге септесетін, халық үшін жасалған үлкен реформа. Сот процестерінің басым бөлігі ашық болатыны белгілі. Ұлт жоспарында көрсетілген қадамдарды жүзеге асырып, өңірдегі 14 соттың 40 залы бейне-аудио құралдарымен толық жабдықталған. Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тәртібі де қатайды. Әділдікті ту еткен мамандық тізгінін ұстау үшін заңгерлердің тәжірибесі мол, іске мығым, білімі жетік болумен бірге олар бірнеше сынақ мерзімдерінен өтуі тиіс, - деді облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы.
Оның сөзінше, қылмыстық істер соңғы үш жылда көбейген. Облыстағы 76 судьяның 25-і қылмыстық істерді қарайды. Олардың жұмыс жүктемесі жоғары және соңғы жылдары өсе түскені байқалады.
«Қылмыстық істердің көбейгенін заңдардың өзгерістерімен байланыстырып отырмыз. Өткен жылы жаңа қылмыстық пен қылмыстық процессуалдық кодекстер күшіне енді. Жаңа қылмыстық кодекске бұрынғы әкімшілік кодекстің бірқатар құрамы еніп, енді олар қылмыстық теріс қылықтар аталады. Қылмыстық істер көбеюінің екінші себебі – құқық қорғау органдары жұмыстарының жандануы», - деді Р.Хайруллин.
Маңғыстау соттары ағымдағы жылдың үш айында 355 қылмыстық іс қарады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Ал тұлғаларға қатысты сандарға шолу жасасақ, нақты бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін сотталушылар саны азайған. Үш айда сотталғандардың 22 пайызы ғана бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды. Өткен жылы сотталғандардың 29 пайызы бас бостандығынан айырылса, 2014 жылы бұл сан - 36 пайыз еді.
- Жаңа қылмыстық кодекс бойынша адам заңнан алғаш рет аттаса, қылмыстық ісіне өкінсе және тағы басқа жеңілдетілген жағдайлар болса, оған айыппұл салу, бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстарға тарту сынды баламалы жаза шаралары қолданылуы ықтимал. Сотталғандарға айыппұл төлеу жазасын тағайындау арқылы бюджет толықтырамыз. Ал қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы төмен жалақыға төленетін қызметтерді жасатамыз. Осы үш ай ішінде айыппұлдарға байланысты барлық үкімдер орындалып, ақшалар толығымен төленді,-деді Рахметулла Сайфуллинұлы.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Айжан Молбаева ағымдағы жылдың адғашқы тоқсанында бүкіл аудандық және оған теңестірілген бірінші саты соттарына 5168 талап-арыз түскенін хабарлады. Бұл сан өткен жылмен салыстырғанда артқан. Ол сондай-ақ ағымдағы жылы 1 қаңтардан бастап жаңа азаматтық процессуалдық кодекс жайында сөз қозғап, мемлекетті жарқын жетістіктерге жетелер Ұлт жоспарындағы сот жүйесін жаңғырту, медиация арқылы істерді аяқтау көбейгенін жеткізді. Өткен жылы кәсіби және кәсіби емес медиаторлармен 56 іс қаралса, осы жылы 3 айда 95 іс аяқталған.
Ал әкімшілік істер бойынша жылдың алғашқы үш айында 1480 тұлғаға қатысты 1480 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралған. Бұл 1480 істің 28 пайызы – шетелдіктердің Қазақстан Республикасында аумағында болып, көші-қон заңнамаларын бұзуы болса, 17 пайызы – көлік құралын масаң күйде жүргізу, 18 пайызы – жол-көлік оқиғалары, қалған 35 пайызы – ұзақ бұзақылық пен отбасыдағы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ