Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылардың балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының басты себептерінің бірі тәрбие жұмысының дұрыс жүргізілмеуінен деп есептеймін.
Еліміздің болашағы – білімді ұрпақ. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы ежелден – ақ, өз ұрпақтарының болашағы мен тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ерекше көңіл бөлген.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесі қазіргі заман талабына сай өмірде болып жатқан өзгерістерге байланысты жаңарып отыруы тиіс. Қазіргі қоғам жан – жақты үйлесімді жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. Тәлім – тәрбиенің мақсаты - баланың жасы мен жеке басының ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, салауатты ұрпақты тәрбиелеу. Қоғамдық тәрбие халықтың педагогикадан бастау алып, ғылымда дәлелденген нәтижелерге сүйенсе, тәрбие құралдары мен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, игілікті тәрбиенің негізі қаланбақ. Қайтсек күнімізді көреміз деп базарда тиын санап жүрген ата-аналар балаларының тәрбиесіне дұрыстап көңіл бөлуге мүмкіндіктері мүлде аз. Сабақтан тыс бос уақыттарда ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар компьютер клубында немесе сая бақтарда уақытын өткізуде. Бұл жастарға кері әсерін тигізуде . Қазақстан Республикасы Ата заңының 27 баптың 2 тармағында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» делінсе, Қазақстан 2030 бағдарламасында «Әкелер мен аналардың өз балалары алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз» делініп, ұрпақ тағдыры мен мемлекет тағдыры қатар қойылған. Баланың өсу процесінде ата-анаға деген көз қарасы үш бөлімнен тұрады: Сәбилік кезең. Бұл кезеңде сәби ата-анасын сөзсіз жақсы көріп, айтқанын бұлжытпай орындауға тырысады. Бозбалалық кезең. Бұл кезеңде бала ата-анасының бойынан, айтқан сөздерінен кемшілік тауып, қарсы шығып, оның айтқанын істемеуге тырысады. Үлкейіп ақыл тоқтатқан кезең. Бұл кезеңде баласы ата – анасын мойындап, сыйлап, құрметтей бастайды.Атақты педагог А.С. Макаренко «бес жасқа дейін тәрбие көрмеген баланы қайта тәрбиелеуге тура келеді, бірақ «қиын» болады» деп айтқандай бала ең алдымен өз ошақ басына қарап өседі. Баланың бас ұстазы ата-ана болып саналады. Отбасы мүшелерінің барлық қылықтары , іс-әрекеті балаға бұлжымас заң тәрізді әсер етеді». Қазақстан республикасының « Қазақстан республикасындағы балалар құқығы туралы» заңының 24-ші бабында Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтіп-бағу және асырау жөніндегі міндеттері жазылған. Осы заңның аясында және Қазақстан республикасының әкімшілік кодексінің 127, 132, 133, 442, 443–ші баптары бойынша өз міндеттерін орындамаған ата-аналарға әкімшілік шара қолданып, айып пұлдар салынса, ата-ананың жауапкершілігі артады деп ойлаймын.
Ш.Абуова Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы