Биылғы 6 айда тәртіп сақшылары 45 мыңнан астам жолда жүру ережесін бұзған тұлғаларды анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оның ішінде 38122 құқық бұзушыға айыппұл салынды.
Полицейлер жыл басынан жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 10040 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды. Аталған жүргізушілер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Бұл құқық бұзушылық бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды көздейді. Барлығы есептік кезеңде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 19483 көлік жүргізушілері жауапқа тартылды. Сондай-ақ көлік құралын басқару кезінде телефонды немесе радиостанцияны пайдаланған 4633 жүргізуші анықталды.
Патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 388 жүргізушіні ұстаған. Сонымен қоса 3747 жаяу жүргінші тиісті емес жерден өткені үшін жазаланды. Оларға ҚР ӘҚбК-нің 615-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасақталды.