Егемен ел болғалы қазақ тілінің соттағы қолдану аясысы бірқалыпты жолға қойылған. Бүгінде, тек сотта ғана емес, мемлекеттік басқару, заң шығару, іс қағазын жүргізу салаларында қазақ тілінің өрісі кең. Оған басты себеп Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі еді. Тәуелсіздікке дейін құжаттардың көпшілігі орыс тілінде жүргізіліп келгені ащы да болса шындық. Аталған өкім тілге қатысты сол олқылықтардың орнын толтырып, республикамыздың барлық сот жүйесінің бағдаршамына айналды десем артық болмас.
«Конституцияның 7-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп танылса да,осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылды»,–деп көрсетілген. Ал,ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабына, Азаматтық процестік кодексінің14-бабына сәйкес елімізде қылмыстық және азаматтық сот ісі сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады делінген. Заң бойынша мемлекетімізде сот ісі қазақ тілде жүргізілуі тиіс. Көп ұлтты мемлекет болғандықтан, қажет болған жағдайда қазақ тілімен қатар өзге тілдер қолданылуы мүмкін. Бүгінде соттарда ішкі құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру қолға алынып, істерді қазақ тілінде қарап, мемлекеттік тілде шешім шығаруға мүмкіндік жасалуда. Сондықтан, құқықтық тұрғыдан сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу нормасы жоғары тұруы тиіс деп ойлаймын.
Еліміздің сот жүйесінде мемлекеттік тіл мәселесі күн тәртібінен бір сәтке түспек емес. Маңғыстау облыстық сотында шаралардың барлығы дерлік қазақ тілінде жүргізіледі. 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша барлық қаралған 1199 қылмыстық істің 984 ісі мемлекеттік тілде қаралған. Есепті мерзімде қаралған азаматтық істер саны – 14 437, оның ішінде мемлекеттік тілмен қаралғаны – 11113. 2016 жылдың 9 айында 12080 әкімшілік іс қаралған. Оның 11833 іс мемлекеттік тілменқаралған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген екен. Ал, егер өз елімізде тұрып өз тілімізді өзіміз менсінбесек, өзге ұлттан қандай қайыр күтеміз? Сондықтан, елімізде өмір сүріп, кәсібінің көзін тауып, нәпақасын тапқан өзге ұлттармен қатар, өзімізде қазақ тіліне құрметпен қарауға тиіспіз деп санаймын.
Айтгүл САҚТАҒАНОВА, Маңғыстау облыстық сотының құжатамалық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы