©
Қазіргі кезде «электронды үкімет» арқылы салық түрлері мен айыппұлдарды төлеп, анықтамалар алып, некеге тұруға өтініш беруге болады. Осындай онлайн тәртібінде сотқа да талап арыз бере аласыз. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбасы бар және электронды үкімет порталында тіркелген Қазақстан Республикасының барлық резиденттері порталдың көмегімен талап арыз бере алады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Электрондық қызметтер» бөліміне кіріп, арнайы үлгіні толтыруы қажет. Жауапкердің тіркелген немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық сотты таңдап, арыз мазмұнын, істің дәрежесін және Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 535-бабына сәйкес, бекітілген мемлекеттік баж салығының көлемін көрсету керек. Талап арыз беру үдерісі барысында қолданушы Салық кодексіне сәйкес, мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған істер мен талап арыз берушілердің дәрежесімен таныса алады. Үлгіні толтырған соң, талапкер талап арызға өзінің ЭЦҚ қояды. Бұдан соң, талап- арыз сотқа жіберіледі.
Электрондық нұсқада берілген талап арызды сот тіркеген соң бес жұмыс күні ішінде қарап, талапкердің «жеке кабинетіне» арыздың қабылданғаны немесе кейін қайтарылғаны туралы хабарлама жібереді. Арыз кейін қайтарылған жағдайда оның нақты себептері көрсетіледі. Ал талап арыз қабылданған жағдайда талапкер тіркелген азаматтық істің нөмірін алады.
Сот қарауына алынған талап арыздың бұдан кейінгі дәрежесі туралы Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесінен білуге болады.
Б.Сапар Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы