Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігінде көлік құралдарын жүргізушілердің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген ережелерін көлік құралдарының, жүктердің, жолдардың, жол құрылыстарының және басқа құрылыстардың немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соқтыратындай дәрежеде материалдық залал келтіріп бұзуымен жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зақым келтірілгені үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Қарастырылған бапта әкімшілік жазаның баламалық түрі жоқ, яғни, жеке тұлға кінәлі болған жағдайда 610-бабының 2-бөлігі бойынша 15 айлық есептік көрсеткіш айыппұл және бір жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру қолданылуға тиіс.
Сот тәжірибесінде, жүргізушінің автокөлігінде жолаушы ретінде тумаластары, ата-анасы, жақын-жуықтары отыратындықтан, олар жәбірленуші ретінде танылып, басқалай мүліктік талаптары болмаса да, жеңіл зақым алу фактісі бойынша жүргізуші кінәлі деп табылып, айыппұлға қосымша жазаның түрі – көлік құралын жүргізу құқығынан бір жыл мерзімге айрылады. Айтылған жағдайды апелляциялық сотқа берілген бірінші саты сотының қаулыларына түсірілген шағымдар қуаттайды. Шағымда салынған айыппұлмен келісетінін, алайда мүліктік жағдайларына қатысты көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазасын алып тастауды сұрайды.
Соттың өндірісіне түскен әкімшілік істер қарауға әзірлеу кезінде заң талаптарына сай болмауынан төмендегідей негіздермен кері қайтарылып жатады: әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың дұрыс толтырылмауы, құқық бұзушының іс-әрекеттерінің дұрыс дәрежеленбеуі, іс құжаттарында негізгі құжат келтірілген зақым туралы құжаттың болмауы, т.с.с. Сонымен қатар, сотта қаралған кейбір істер әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына қатысты қысқартылған.
Әкімшілік заңнама күшейтілгенімен, адамдардың денсаулықтарына келтірілген әр-түрлі ауырлықтағы зардаптарды болдырмаудың, алдын-алудың бірден-бір жолы жүргізушілердің жол жүрісі Қағидаларын мүлтіксіз сақтауы болып табылады. Өйткені, қаралған істерден жүргізушілердің артқы жүріс кезінде көрмей қалғандықтан немесе жылдамдықты шамадан тыс асырып жүргізуінен, басып озу маневрін дұрыс жасамауынан, қауіпсіз аралықты сақтамағандығынан жол-көлік оқиғалары орын алғаны көрінеді.
П.Нұрманова Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы