Жіті лейкозға шалдыққан өңір тұрғындарына енді Астана мен Алматыға барудың қажеті жоқ. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында химиотерапия курсынан өтуге болады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының гематологы Сағымбекова Нәзира Жұмабайқызының айтуынша, бүгінге дейін 4 науқас түскен.
- Жедел лейкоз тез дамиды. Егер сіз оны уақытында танып, емдеуді бастамасаңыз, соңы ең қайғылы болуы мүмкін. Ал емдеу үшін ең заманауи препараттар, әдістер ғана емес, сонымен қатар ерекше жағдайлар қажет. Науқастың көпшілігі бізге шұғыл түрде келеді. Науқастардың ең кішісі 27 жаста болса, ең үлкені - 65 жаста. Бұған дейін біздің ауруханада тек диагностика жүргізіліп, науқастан Астана мен Алматыға емделуге жолдама алатын. Ал қазіргі таңда Ақтаудың өзінде науқастарды емдеп жатырмыз. Тек трансплантацияға үміткерлер Астанаға жолдама алады, - дейді Нәзира Жұмабайқызы.
Маңғыстау облыстық ауруханасында жасалған жаңа мүмкіндіктер пациенттерді алысқа жөнелтпей-ақ жергілікті жерде дәрігерден жедел кеңес пен көмек алуға мүмкіндік береді.