Қызылтөбе ауылының медбикесі шала туған сәбиге нұсқаулыққа сай келмейтін препарат салған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шынарай Сәрсенбаева былтыр тамыз айында уақытынан бұрын босанған. Айы-күні толмай, шала туған сәбидің өкпесі дұрыс дамымаған. Келіншек босанған соң 56 күн бойы 34 шағын аудандағы «Ана мен бала» орталығында баласымен бірге ем алып, 19 қазан күні үйіне шыққанын айтады.
Сондай-ақ, ол Қызылтөбе ауылдық емханасының дәрігерлері баланы ай сайынғы тексеру жұмысын 2 айға кешіктірді деп отыр.
- 26 желтоқсан күні ақылы неврологқа бардық. Невролог сәбидің жамбасына кортексин мен в2 екпесін салу керек екенін айтты. Дәрігер Абылай Ермаханов балаға қандай препарат салу керек екенін медбикеге анық жазып берді. Медбике нұсқаулықты қайта сұрап, мені дәрігерге жіберді. Келсем, препаратты дайындап салайын деп жатыр екен. «Нұсқаулықты анық оқымай дайындағаныңыз қалай? Кері әсерін бермей ме?» деп сұрадым. Иә, сынама ғой деп, 5 грамның жартысын салды. 1 минуттан кейін балам көгеріп, түс-өңі қашып, қатты жылады. Кейін сәбиді Қызылтөбе ауылдық емханасының басшысы Ақтоты Қуандықова келіп қарады. Сәбидің жамбасы ісіп кеткен. Нұсқаулықты орындамай, басқа дәрі салатындай елімізде медицина саласы дамымаған ба?, - деп күйінеді Шынарай Сәрсенбаева.
Келіншек келесі күні медбикенің ішуге арналған «картан» сұйықтығын салып жібергенін білген. Алайда медбике жас ананың наразылығына «бұл кортексиннің екінші түрі картан» деп жауап берген.
- Былтыр желтоқсанның 27-сі күні Мұнайлы аудандық емхананың басшысы Жанар Есенғалиқызына арыз-шағым жолдадық. Олар «сәбиіңізге портал ашып, Астанаға жібереміз» деп уәдесін үйіп-төгіп, қайтарып жіберді. 12 қаңтар күні сәбиім инфекциялық ауруханаға түсті. Ал 24 қаңтарда пневмания белгісімен жансақтау бөліміне ауыстырды, - дейді Шынарай Сәрсенбаева.
Мұнайлы аудандық емханасының басшысы Жанар Есенғалиқызы балада жедел респиратор ауруының белгілері болуына байланысты, жедел жәрдем бригадасы шақырылғанын айтады.
- Тиісті медицина мамандары сараптама жүргізді. Сараптама электрондық медициналық құжат, медицина қызметкерлерінің бақылауына сәйкес балада инъекция орнында асқыну белгілері (қызару, ісіну, іріңдік) болған жоқ. Демек, баланың ауруханаға түсуіне қате салынған препараттың қатысы жоқ. Оның үстіне препарат бұлшықетке не көктамырға салынбаған, медбике тек сынама жасаған. Одан мұндай асқыну болмайды, - деп жауап берді Жанар Есенғалиқызы.
Сондай-ақ, ол осы оқиғадан соң медицина қызметкерлеріне тәртіптік шара қолданылғанын хабарлады.
Ал Қызылтөбе ауылдық дәрігерлік амбулатория басшысының міндетін атқарушы Абылай Серікұлы медбикелердің қатесін мойындап отыр.
- Сәбиге салынуы тиіс нұсқаулықты мен жазып бердім. Бірақ медбике препаратты қате салған. Қазір сәбидің туған кезінен бергі жағдайы мен қаралған мамандарының жазбаларын қарап шықтым. Ешқандай маман Астанаға жіберу туралы ұсыныс жазбапты. Сәбидің жағдайы жақсарып, ауруханадан шыққан соң, Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жіберуге болады, - деді Абылай Серікұлы.
Қазіргі таңда бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасында стационарлы ем алып жатыр. Мамандар баланың жағдайы тұрақталғаннан кейін Республикалық медициналық орталыққа порталмен жіберуге уәде беріп отыр.