Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері Ыстамбул қаласының медициналық орталықтарында тәжірибе алмасты. Онда неонаталогия, педиатрия, анестезиология, кардиология, травматология бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен
Түркия еліндегі (Ыстамбул) көпбейінді медициналық орталығының бірі Acibbaden Altunizade Hospital (Аджибадем) клиникасында болды.
Олардың қатарында фармаколог дәрігер Ренат Мирханұлы, педиатр Лаура Қайратқызы, Асыл Көпенқызы, балалар кардиологы Замира Артықбайқызы, реаниматолог-анестезиолог Мереке Нұрдаулетұлы, Гүлайым Амангелдіқызы, балалар травматологы Манас Құрбанәліұлы, инфекционист Ирина Карякина, лор-дәрігер Әсел Жұмабайқызы, хирург-дәрігерлер Айбек Рабайұлы және Рамазан Талғатұлы бар.
Дәріс барысында түрлі сырқаттар диагностикасы, емдеу шаралары бойынша әлемдік тәжірибелер мен емдеудің озық үлгілерін үйреніп, арнайы халықаралық деңгейдегі сертификат алды.
Білімін шыңдап, тәжірибе алмасқан дәрігерлер бұл сапардың өте пайдалы, әрі әсерлі болғанын айтады. Түрік әріптестерінің медицина саласында жеткен жетістіктерін көріп, тәжірибе алмасып келген ақ халаттылар алдағы уақытта алған тәжірибелерін әріптестерімен бөлісіп, озық үлгілерді балалар ауруханасына енгізуді жоспарлап отыр.