Ақтауда медицина қызметкерлеріне арналған "Құтқарушыны құтқар" атты психологиялық семинар-тренинг өтті. Тренингті психолог Сауле Адилова жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Психологтың айтуынша, дәрігерлердің жұмысы қарбаласқа толы, қаншама адамның өмірі үшін білімі мен энергиясын сарп етеді. Сондықтан да медицина қызметкерлеріне психологиялық тренинг өткізуді жөн көрген. Олар да бір сәт өзіне көңіл бөліп, менталдық және эмоционалдық тұрғыдан арнайы терапиядан өтуі өте маңызды.
- Дәрігерлер адамды өлімнен құтқарып, аурудан айықтырады. Ал дәрігерлерге кім көмектеседі? Міне, осы орайда мен Ақтау қаласына "Құтқарушыны құтқар" атты тренингпен келдім. Негізгі мақсат - дәрігерлердің қалыпты жағдайға оралуына жәрдемдесу, энергиясын толықтыру. Себебі олардың жұмысы қауырт, тамақтануы мен ұйқы режимі тұрақсыз. Тіпті, өзіне көңіл бөлуге уақыты болмайды. Ал бүгінгі тренингте дәрігерлердің өзімен жұмыс істеуіне, стресстен оңай арылуға, ресурстық деңгейін тез қалыпқа келтіруге көмегін тигізетін инструмент беріледі, ашық әңгіме, кеңестер айтылады, - деді психолог Сауле Адилова.
Тренинг барысында психолог Сауле Адилова адамның миссиясы мен құндылығын түсіндіріп, жеке өмірі мен жұмыстағы балансты сақтаудың тиімділігін сөз етті. Оған қоса түпсананы тазарту, ондағы стереотиптерді бұзу арқылы жетістікке жетудің құпияларымен бөлісті.
Сонымен қатар семинар-тренингте Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Аргүл Разбекова "Кардиологиялық науқастарды басқаруда бета-блокаторды таңдау" тақырыбында лекция оқыды. Әрі қарай қатысушылар спикерге сұрақ қойып, тұщымды жауап алды.